Облыстық қуыршақ театырында ұжым әртістерінің дайындауымен «Қауіпсіз балалық шақ» атты көрініс көрсетіліп, мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалардың қатысуымен шоу ұйымдастырылды.
Шараны ұйымдастырушы Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығы Нұржан Борашев балалардың қатысуымен өткізіліп жатқан шоудың мазмұнын былай түсіндірді.
- Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз – өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін балалардың өздерінің тілінде өздеріне түсіндіру. Біз балаларды өрт қаупінен сақтандыруға, оның алдын алуға, өрт жағдайында қорқынышқа берілмеуге, өздерін дұрыс ұстауға үйретуіміз керек. Өрттің шығу себебі мен одан қорғану мысалдарын ойын, көрініс тәсілі арқылы бала санасына жеткізу үшін ұйымдастырып отырған шарамызға қаланың бірнеше балақбақшалары мен мектептерінен 4-7 жас аралығындағы 200-ге жуық балдырғандарды қатыстырып отырмыз. Көзбен көргені баланың жадында қалады, сондықтан олардың өздері сондай жағдайға тап бола қалса, тұйықтан шығу жолын осы көріністерден көрген ойын әрекеттері бойынша табуға талпынатынына сенім мол.
Соңғы кезде балалардың отпен ойнау салдарынан өрт оқиғалары көбейіп барады. Үйде жалғыз қалған бала сіріңке жағып немесе газды жағуға талпыныс үстінде өрт шығарып алу себептері кездесіп тұрады. Осы жыл басынан бері 8 рет оқиғасы тіркелген, оның басым көпшілігі тұрғын үйлерде, автокөліктерде орын алған.
Шара барысында түрлі мерекелік костюм киген балалар ойын ойнап, би билеп, ән салып, арасында өрт қауіпсіздігінің алғышарттарымен танысты, көріністерге қатысты. Белсенді қатысқан балалар сыйлықтарға ие болды.
Ү. ӨЗЕН
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда балалар онкологы жоқ