©
Маңғыстау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев, білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова, денсаулық сақтау басқармасының басшының орынбасары Клара Оралбаева, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Есенқос Әділбаев қатысып, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы жетінші міндет адами капиталды дамытуға арналған. Осында білім беру, денсаулық саласындағы таяу арада іске аспақ шаралар көрініс тапқан. Елбасы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс» деп атап өтті. Басқосуда осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар, өткен жылдың қорытынды көрсеткіштері, Жолдаудан айтылған міндеттерді алда іске асыру мүмкіндіктері төңірегінде әңгіме болды.
- Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың алты ай бұрын берген 1400 тапсырмасының 411-і орындалды. Бүгінгі таңда 914-і бақылауда тұр десек, оның 130-і мен жауап беретін салаларға қатысты. Мұның ішінде орындалысы екі-үш жылға созылатын, нәтижесі республикадан бөлінетін қаржымен байланысты 74 тапсырма бар. Аудан, мекемелер басшыларының қатысуымен ай сайын кеңесте орындалысын талқылып, мерзімін нақтылап, есеп беріп отырамыз, - деп облыс әкімі орынбасары Руслан Сакеев өткен жыл ішінде білім беру, денсаулық саласында жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті.
Қойылған сұраққа жауап берген білім беру басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова 3-6 жастағы балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамту көрсеткішіне тоқталды. Облыс бойынша өткен жылғы көрсеткіш 84 пайыз болса, биыл ол 93 пайыз болып отыр. Ақтау мен Жаңаөзен қаласындағы балдырғандар балабақшамен 96 пайыз қамтылса, бұл көрсеткіш Мұнайлы ауданында 78 пайызбен шектелді. Бұған себеп - туу көрсеткішінің жоғарлығы мен қоныс аударушылардың көптігі.
- Жыл аяғына дейін облыс әкімі 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу міндетін қойып отыр. Бұрын өзге мекемелердің пайдалануына беріліп кеткен 4 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі қайтарылып, жөндеу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ жекеменшік әріптестік негізінде салынған балабақшалар саны да жыл санап көбейіп келеді. Ортақ талапқа сай келсе кәсіпкер үйінің жанынан балабақша ашуына болады. Ондай жағдайда үкімет тарапынан төленетін субсидия, басқа да жеңілдіктер бар, - деді Зейнеп Жұмағалиқызы.
Кездесуде биыл 9 мектептің пайдалануға берілетіндігі айтылды. Сонымен қоса, мектеп салуға ынта білдіріп отырған кәсіпкерлер де баршылық. Проблемалар да жоқ емес. Күні бүгінде, облыста 5 мектепте оқушылар үш маусымда оқиды. Көшіп келушілердің көптігін, оқушылар санын ескерсек, әсіресе, Мұнайлы ауданындағы жағдай тезірек шешуді қажет етеді. Облыста апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Дегенмен кадр мәселелесінде шешілуге тиіс түйін баршылық.
Басқосуда құрылысы 10 жыл бұрын басталған онкологиялық аурухананың алдағы салынуы мүмкіндіктері, қаржы мәселесінің шешілуі жайында да сөз болды.
Сараптама нәтижесі жобадан кеткен қателікті түзеп, құрылысты жалғастыруға болатындығын мақұлдап отыр. Осыған дейін құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Енді ішкі жұмыстары қалып тұр. Жаңадан өркениеттік үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар алынуы керек. Міне, осындай қажеттіктерге 7 миллиард теңге қаражат қажет. Ақтаудағы салынбақ онкологиялық аурухана Атырау, Батыс Қазақстан жұртшылығына да аса қажет-ақ. Алдағы уақытта аймақтық аурухана мәртебесін алып жатса біздің өңір үшін де тиімді болар еді.
- Инвестор тартып, соның қаржысына салармыз, басқалай қаржы көздерін іздестірерміз, қалай болғанда да құрылыс жалғасады. Бұл өзекті мәселе облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министрінің бақылауында, - деді журналист тарапынан қойылған сұраққа жауап берген облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенесарыұлы.
Брифингте жұқпалы аурулар ауруханасы мәселесі де қозғалды. Онда емделетіндерге кей жағдайда терапевт, хирург, невропатолог, басқа да дәрігерлердің көмегі керек болады.
- Сондықтан балалар жұқпалы ауруханасы мен балалар, ересектер ауруханасы мен ересектер ауруханасын қосып, көп салалы емдеу мекемесі ретінде статусын өзгерту мәселесі қозғалуда. Мұндай жағдайда қаржы мәселесін дербес шешуге мүмкіндік туады. Сонымен бірге жұқпалы аурумен емделушілердің өзге де дәрігерлерге қаралуына, кешенді ем алуына қолайлы жағдай жасалады, - деді денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Клара Абдуғаппарқызы.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға орай Жаңаөзендегі көлік апатынан зардап шекккендерге көрсетілген көмек турасында да сөз болды.
- Аяғынан айырылған оқушыға қымбат протезге тапсырыс бергенмен тез жетіліп жатқан балаға ертең ол сыймай, үйлеспей қалуы мүмкін. Сондықтан әзірге мүгедектер арбасын алуды көздеп отырмыз. Бюджеттен тыс, басқа да қаржы көздерін тарту, өзге де қолдау қажет ететін ауру балаларға тұрақты көмектесу үшін облыс әкімінің арнайы қоры құрылды, - деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев.
Брифинг барысында қала көшелері тазалығы, пластмасса құтыларын жинайтын урна қою, балықшылық кәсіпті жандандыру, басқа да күнделікті тыныс-тіршіліктен туындайтын маңызды мәселелер хақында әңгіме болды.
Болат ҮМБЕТОВ