©
Өткен бейсенбі күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын талқылауға және елдік құжаттан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды таныстыруға арналған жиын өтті. Қалалық актив мәжілісіне қала әкімі Ғалымжан Ниязов, оның орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясы обыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ардагерлер, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында қала әкімі Ғалымжан Ниязов Жолдауда белгіленген міндеттерге тоқталып, сол бойынша облыс орталығында жүзеге асатын жұмыстарды таныстырды.
– Қазақстан халқы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын ыстық ықыласпен қабыл алды. Елбасы алғашқы міндетте индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру туралы тапсырма берді. Бұл тапсырма аясында қала әкімдігі «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында және өнеркәсіптік аймақта жаңа өндіріс орындарын ашу жұмысын жүргізудеміз. Өнеркәсіптік аймақта 107 жер телімі игерілмеген. Бұл жердің иелерімен келісіп, жаңа өндіріс ошақтарын ашуға тапсырма бердік. Халыққа қызмет көрсету, соның ішінде коммуналдық шаруашылық, жолаушыларды тасымалдау қызметін ұйымдастыру цифрлық жүйеге көшеді. Ресурстық әлеуетті дамыту міндетіне тоқталсақ, қаламызда 1 адам жылына 300 келі тұрмыстық қатты қалдық шығарады. Оның 50 пайызын қайта өңдеуге болады. Келесі жылдан бастап қайта өңдеу үшін тамақ пен қатты қалдықтар бөлек жиналады. Бұл бағытта инвесторлар мен кәсіпкерлер бізбен бірге жұмыс жасауға дайын,– деді Ғалымжан Мұқырұлы.
Актив мәжілісінде ақылды технологиялар арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкіндіктері де айтылды. Қала әкімі Ғалымжан Ниязов қаланың оңтүстік- шығысында жылыжай, қаланың солтүстігінде коммуналдық базар салынатынын хабарлады.
– Ұлт көшбасшысы көлік- логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды міндеттеп, бюджет қаражатынан 150 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бірінші кезекте бұл қаржы ауылдар мен моноқалаларға бөлінеді екен. Біз Экономика министрлігіне Рауан, Өмірзақ, Приморский ауылдарына да қаржы бөлуді сұрап, хат жазамыз. Ақтау қаласының көлік тұрақтарын және автожолдарын кеңейту, қаладағы №33 автокөлік жолының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр, – деді қала әкімі.
Құрылысқа және коммуналдық секторға замануи технологияларды енгізу міндетінен туындайтын тапсырмаларға тоқталған шаһар басшысы облыс орталығында баспана кезегінде 9 500 адам тұрғанын жеткізді. Биыл банктер мен компаниялар арқылы 2 мыңнан аса пәтер қолданысқа берілетінін айтты. Қаржы секторын «қайта жаңғырту» міндетіне сәйкес, қаладағы банк басшыларына шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдетілген несие беру жөнінде ұсыныс бергенін жеткізді.
– Біздің қаладағы 25 мектеп 27 мың 230 оқушыға арналған. Бүгінде 34 600 бала оқып жатыр. Мұнайлы ауданынан 790, Өмірзақтан 420 оқушы қатынап оқиды. Өмірзақ ауылындағы мектептің мәселесін шешеуді, 32 а шағынауданында салынып жатқан мектепке қосымша құрылыс салуды жоспарлап отырмыз. Осы жылы «Ақтау серпіні» әлеуметтік- экономикалық жобасы жүзеге асады. Қаладағы көпшілік орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті нығайту мақсатында бейнебақылау орнату жоспарланып отыр. Жолдаудан туындаған міндеттер тапсырмалардың барлығы «Ақтау серпіні» жобасы аясында жүзеге асады, – деді қала әкімі Ғалымжан Ниязов.
Жиында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай Елбасы Жолдауындағы 10 міндеттің жүзеге асуы халықтың тұрмыс-тіршілігін түзейтінін айтып, ардагерлерге құрмет көрсету, маман дайындау, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін көтерді. Ақтау қалалық жастар орталығының бөлім басшысы Сабыржан Әбдиев Елбасы жастардың сапалы білім алып, жан-жақты болуына үнемі жағдай жасап келе жатқанын айтып, жастар Жолдауды қолдайтынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы обыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47101,47102,47109,47108,47107,47105,47104,47103"]