©
«Бүгін – Алаштың абызы Ә.Кекілбайұлының дүниеге келген күні. Бұл ай жарық дүниеге Әбіш Кекілбайұлы сынды қазақтың маңдайына біткен дара тұлғаны бергені үшін де қасиетті. Амал не, өмір заңы, осы айда ол бақиға да озған еді, бүкіл ел-жұрты аза шегіп, қимай қоштасқан еді... Тәңірге тәубе ете отырып, ендігі жерде Ә.Кекілбайұлының рухани мұраларын және оның өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған дүниелерді жинақтап, жария етіп, ұлымызды ұлықтай білсек, ұлан-ұрпаққа насихаттай білсек, ұтқанымыз. Аттай бір жылдан кейін Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы аталып өтіледі. Осы орайда «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясын әзірлеушілердің бірі, ардагер-журналист Лебен Сәдуақасұлының «Танымалдық тағылымы» атты танымдық әдебизерттеу еңбегі зерделі оқырман назарына ұсынылып отыр. Бұл – нақты дерекке, терең ізденіске құрылған тартымды туынды.»1961 жылдың күзі еді, менің университетке түскен жылым, филология факультетінің бірінші курс студентімін. Әбіш бесінші курста, «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде жұмыс жасайды. Екеуміз Пушкин көшесінің бойындағы бір орыс кемпірдің үйінде тұрамыз. Орталықтан қашық емес, Әбіш жұмысына (газет Жазушылар одағының үйінде болатын), мен университетке жаяу баратынбыз. Әдеби ортада ақын, сыншы, аудармашы ретінде кеңінен танымал. Осы жылдың сәуірінде жазушылардың дәстүрлі жыл қорытындысына арналған жиналысында сөйлеп, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің қалай риза болғандығы жайындағы әңгімелердің әлі қызуы басылмай тұрған, жазушылардың көңілінде, студенттердің аузында жүрген кезі болатын. Әбіш сол жиналыста шығып сөйлеген шешендердің көбірек шүйліккен Ғафу Қайырбековтің «Таулар сөйлейді» поэмасы, Зейін Шашкиннің «Темірқазық», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» хикаяттарын осы жиналыстың алдында М.Әуезовтің «Литературная газетада» шыққан, қазіргі қазақ прозасының өңшең тракторшы мен сауыншыны жазып, қарабайланып бара жатқаны, замана тудырған жаңа күш-интеллектуалды кейіпкерлерді біздің оқырмандарымыздың да күтіп отырғаны жайында айтылған мақаласына сүйене отырып, орынсыз сыналған жазушылар мен ақындар шығармаларын М.Әуезов көтерген мәселелер тұрғысынын талдап, араша тұрып, оларға тағылған айыптарды мүлдем жоққа шығарыпты және сөзін «қызғаншақтықтың қызыл иті алыстан үрсе құлағыңды, жақыннан үрсе балағыңды тістейді, бәрісі бір жүрегіңді жаралайды» деп, залды бір ду ете қалдырыпты. Бұл сөзге Ұлы ұстаз ерекше сүйсініп, жас таланттың батылдығы мен шешендігіне қатты риза болады. Ұлы жазушы кейінгі бас қосулардың бәрінде де, Әбіш жетекшілік жасайтын әдеби бірлестік ұйымдастырған, Каз ГУ-де өткен, Алматыдағы қаламгер қауым тегіс шақырылған «Поэзия күніндегі» (29 желтоқсан, 1960 жыл) жасаған «Жыр да керек, жыршы да керек» деген баяндамасы мен жазушылардың жылды қорытындылайтын жиналысында сөйлеген сөзін жиі-жиі есіне алып, «болайын деп тұрған жігіттің аса талантты екенін» үнемі айтып жүріпті. Ол кезде Әбіш төртінші курста оқитын, Қаскелеңде педагогикалық практикада жүрген кезі болатын. Ал студенттердің мұндай салиқалы басқосуда сөйлеуі – бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Оны Әбіш бастап берді. Кейіннен ол дәстүрге айналды. Келесі жылғы жазушылар бас қосуында Асқар Сүлейменов сөйлеп, жиынды бір серпілтіп тастаған болатын.
Содан кейін Хамит ағамыз сөз алып, «былтыр Әбіш, биыл Асқар» деп cөз бастап, екеуіне біраз жылы лебіздер білдіріп, жалпы жастардың беталысын жоғары бағалаған-ды.
Сол тұстарда газеттерде сыни мақалалары, өлеңдері жиі жарияланып тұрды. Жарияланған сайын әдеби жұртшылықты елең еткізетін өткір әрі шындықтан ауытқымайтын, терең ойлы, аса біліктілікпен жазылған сыни мақалаларының бірқатары сол екеуміз тұратын шағын ғана бөлмеде қағаз бетіне түсіп еді. Олардың бәрі де «Дәуірмен бетпе-бет» («Жазушы» баспасы, 1972 жыл, Алматы қаласы.) сын кітабына енді. Әбішпен қатар қазақтың дарынды прозашысы Роллан Сейсембаев айтқандай, «қазақ сынының семсерін суырып шыққан бір топ жалаңтөс жас сыншылар көзсіз батырлар Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиевтер» еді. Олардың арасынан Әбіш бірінші болып сын кітабын шығарды.
Әбіш жазу кезінде, көп күй талғамайтын, үнемі ой үстінде жүретіндігінен болар, тез жазып тастайтын. Лев Толстойдың атақты Соғыс және бейбітшілік» романының бірінші томының тарауларын қазіргі «Достық даңғылының» (Ленин көшесі) «Өрт депосы» аялдамасының қарсысындағы орыстың жалдамалы пәтерінің салқындау бір бөлмесінде мамасының (Айекеңнің) жадағайын жамылып отырып, аударып еді-ау, қайран Әбіш. Кемеңгер Л.Толстой сөздерінің қазақша баламасын табу оңай шаруа емес, бірақ ол сөздіктерге де көп үңіле бермей, еркін, алаңсыз жазып отыратын.
Бірінші томды Ғафу Қайырбеков, Қалиқан Ысқақов үшеуі де белгілеген мерзімнен бұрын аударып, баспаны риза етіп еді. Бұдан бұрынғы жасалған аударманы көркемдік кеңес жаратпай тастап, шұғыл түрде осы үш авторға тапсырылған сыңайлы.
Бір күні қолында сыртқы мұқабасы ақпен тысталған, әдемі нақышты өлең кітабын (Андрей Вознесенский ме, әлде Роберт Рождественский ме, Анна Ахматова ма, есімде қалмапты) шағын үстелімізге қойып жатып: «Шіркін, осындай бір кітабым шықса, арманым болмас еді!» дегені. Қалай айтты, неге айтты, оны сұрамаппын. Мүмкін, біраздан бері баспада жатқан «Алтын шуағын» еске алып тұрды ма екен!?
Әбіштің ақындық, шығармашылық қолтаңбасын бірден танып, үлкен үміт күткен аға жазушылар аз болған жоқ. Солардың бірі – Жаңарқаның тумасы, қазақ тілі қорын бір өзі 500-ден астам жаңа терминдермен байытқан аудармашы, жазушы Ислам Жарылғапов болыпты. Ол туралы жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергері Ислам Жарылғапов» деген кітабында ол кісінің Әбіштің «1959 жылы «Қазкөркемәдебиет» баспасына ұсынған алғашқы өлеңдер жинағын қорғап, баспаның бас редакторымен табандап тұрып қарсыласып», жоспарға енгізуге күш салғандығы айтылады. Үш жылдан астам күттіріп, 1962 ж. «Алтын шуақ» өлеңдер жинағы жарық көрді. Кітапты баспаға жіберер алдында басшылық: «Ленин, партия туралы біз сөз жоқ шығарманы басуға болмайды» деп тағы бір кедергіні ойлап тауып, талап қояды. «Келім-кетімі көп, жазған мақалалары жайын да автормен шулы пікір таластар жиірек болып тұратын редакциядағы жұмыс бөлмемде отырып, «Лениннің оң қолы» деген өлең жазып, баспаға апарып бердім» деп еске алатын еді. «Алтын шуақ» беттері осы өлеңмен ашылды да. Әрине, тұңғыш кітабына Әбіш қуанбады деп айтуға болмас, бірақ өзіне де, шығармалары баспаға кетпес бұрын білетін басқаларға да ұнаған өлеңдері қысқартылды, кейбірі кітапқа енгізілмеді. Іштей күйзелісі болған шығар, көп сыр берген жоқ. Сөз арасында айта кетелік, Әбіш партия, оның көсемдері шығармаларында сөз етілмейтін санаулы ғана жазушылардың қатарында.
Тұңғыш өлеңдер кітабын баспаға ұсынғанда ол жиырма жасқа да толмаған еді. Ол Әбіштің танымалдық көкжиегін одан әрі кеңейте түсті. 1966 жылы «Жазушы баспасы» Қазақ поэзиясының екі томдық антологиясын шығарды. Оған қазақ әдебиетінің негізін салушылар С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқановтан бастап, отызға жуық ақынның әр кезеңде тәуір бағаланған, жұртшылыққа кеңінен танылған өлеңдері іріктеліп алынған. Сол екі томдық басылымға Әбіштің «Алтын шуағында» жарияланған бір топ өлеңдері енгізілген. Антологияға кіріспе сөз жазған филология ғылымдарының докторы, академик М.Қаратаев Әбіш есімін «соңғы он жыл ішіндегі көз тартар талантымен танылған көрнектілер» қатарына қосады. «Алтын шуаққа» дейін екі жыл қатарынан (1960, 1961 ж.ж) Қазақ Мемлекеттік әдебиет баспасында дайындалған «Жырға сапар», «Жас дәурен» өлең жинақтарына енген шығармаларына да баспасөзде жылы жылы лебіздер айтылып, оқырмандар жақсы қабылдаған болатын.
Сол Пушкин көшесіндегі екі адам айналып жүре алмайтын қуықтай пәтерімізде көркем аударма баспасы ұсынған француз классигі Гиде Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан» романдарын аударуды бастаған болатын. Сонда Олжастың тұңғыш өлеңдер жинағына енген «Уа, ақсақ Темірхан», «Нұрлы түндер», «Арғымақтар», «Қыр қазағының ұлы Рашид», «Махамбетке» т.б. бірқатар өлеңдерін аударып, «Жұлдызда» жариялады, сөйтіп, қазақ оқырмандарына Олжас Омарұлы поэзиясын алғаш жеткізгендердің бірі болды. Мұның өзіде әдеби ортада елеулі оқиға ретінде қабылданды. 1961 жыл «Адамға табын, жер енді» поэмасы және «Арғымақтар» өлеңдер кітабымен Олжас есімінің елде де, сырт жерде де дәуірлеп тұрған шағы болатын. Аударма журналда шыққаннан кейін тілеулес, пікірлес, білім деңгейлері бірбірінен асып түсіп жататын досы, атышулы Асқар Сүлейменов Олжекеңе телефон шалып құттықтап, «Сіздің өлеңдеріңізді Кекілбаев өзіңнен де асырып жіберіпті» деп әзілдегенін айтып еді Әбіш. Ол Олжас өлеңдерін өзіндей түсінген аз шоғырдың басы еді.
Олжас өлеңдерінен ақынның қазақтық рухы есіп тұратын. Ол Әбіштің де рухани үні, жүрек дүрсілі болып естілетін. Ол Олжас Омарұлына таңғалумен жүретін және әдеби журналдар мен газеттердің ақын жайындағы сұраныс-тапсырыстарын да ұзатпай орындайтын. «Қаһармандарым хақында» («О моем герое») атты терең поэзиялық әрі философиялық эссесін аударып, «Жұлдызда» басылды. /1963/. «Халқым туралы» деген оған жалғас екінші мақаласын журнал жоспарға енгізілген жерінен Ә.Нұрпейісовтің редакторлықтан кетуіне байланысты шықпай қалған. Ақынның өлеңдеріне алғаш пікір жазған да Әбіш Кекілбаев болатын. («Жыр мерейі», «Лениншіл жас») Мұның бәрі маған оның Олжас шығармаларын аударуға іштей дайындық жасап жүргендей көрінетін. Армияға шақырылып, ойдағыларының көбі кейін ысырылды, уақыт шіркін, өз дегеніне жетті. 1968-1970 жылдары Әбіш армия қатарында жүргенде бұл іспен өзінің тағы бір дос ағасы Қадыр Мырзалиев айналысыпты.
Әбіш 24 жасында КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өтті. Тым жас еді. Оған дейін Дағыстанның әйгілі ақыны Гамзат Цадасының өлең жазатын ұлы Расул Ғамзатов одаққа мүшелікке қабылданған екен. Дегенмен бізді, тілеулес, жақын достарын қуантқанымен, әлденеге алаңдайтын сияқты көрінетін. Бірде үйге жайдары, көңілді кірді. Мәскеуде жүрген Тахаңнан (Тахауи Ахтанов) құттықтау телеграмма келіпті, одақ Қазақтан Жазушылар одағының ұйғарымын бекітіпті...
– Соңғы кезде «маған деген қоянтобықтың түбі алыс бола беретін болғаны ма?» деген ой көбірек мазалап жүрді. Саған да айта қоймадым. Мені өзімізде одақ мүшелігіне қабылдау кезінде біраз кедергілер көлденең келіпті. Бір жыл бұрын ғана университет бітірген кешегі студенттің Жазушылар одағына қабылдануына қарсы болғандар да болыпты. Олар «әлі жас, өмір танысын» деген желеуді алға тартыпты. Оларға ұтымды жауап тауып, тойтара білген тағы да Ислам Жарылғапов болыпты. Кепілдеме берген үшеудің бірі, қалған екеуі – Әбу Сәрсенбаев пен Әнуар Әлімжанов. Қарсы топтың дегендері болмайды, басым көпшілік дауыспен Әбіш одаққа мүше болып қабылданады. Қарсы топ қарап жатпапты, «ағайыншылыққа жол беріліп, көлденең адам жазушылыққа алынып отыр» деген Мәскеуге жасырын арыз кетеді. Тексеру келеді.
Жаңа мүшелерді қабылдауға арналған алқа мәжілісінде одақтың бірінші хатшысы Ғабиден Мұстафин маған келгенде алқа мүшелерін түгелдей сөйлетіп, пікірін білдіруді талап етіпті. Онысы дұрыс болған, тексерушілер төралқа ұйғарымын заңды деп тауыпты дегені есімде. Сол жылы күзде Константин Федин қол қойған мүшелік билетті Қ.Мырзалиев, Ә.Абайділданов, Қ.Ысқақов, С.Мұратбековтермен бірге алып еді.
Арыз тексеріп Мәскеуден келгендер алқа мәжілісінің хаттамасын, кепілдеме берушілер ұсыныстарын, сөйлеушілер пікірлерімен танысқандығы анық. Ислам Жарылғапов жазған кепілдемедегі мына бір жолдар да тексерушілер назарына іліккен болар деп ойлаймыз. Өйткені ол сол кездегі Әбіш тұлғасы жайында астанадағы шығармашылық интеллигенция арасында орныққан пікірлердің нақты көрінісі еді.
... «Әбіш Кекілбаевтың 1962 жылы «Алтын шуақ» деген поэма мен өлеңдерден тұратын жеке жинағы жарық көрді. Жинаққа енген 3 поэма, 45 өлең арқылы Әбіш Кекілбаев соңғы жылдары қатарластарының арасынан суырылып шығып, жаңа поэтикалық құнар мен серпін, дүниеге басқаша ақындық көзқараспен, әлем, шындық, заман туралы жанар таудай жалын атқан қуатты шумақтарымен алдыңғы қатарлы ақындардың сапына қосылып үлгерді. Осы алғашқы жинағымен-ақ Әбіш Кекілбаев өзінің шығармашылық еңбегінде суреткерлік пен ойшылдық қуаттылықты шебер ұйымдастыра білген үлкен білімпаз да талантты ақын екенін танытты. Ол – өзінің жас тығына қарамастан жаңаша үнімен, ерекше сөз саптау мәнерімен, ой тереңдігімен және сезім әсерлілігімен жан-жақты толыққан ақын. Оның шығармалары қазіргі жас қазақ поэзиясының жаңа үздік шумақтары болып табылады. Әбіш Кекілбаев – оқырмандарға тек қана ақын емес, әдеби сыншы ретінде де белгілі. Соңғы жылдар бедерінде мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген оннан астам мақалалары Әбіш Кекілбаевтың біздің әдебиетіміздегі принципті де әділ, білімді сыншы бола алатынын байқатады. Кекілбаев мәдениетті, білімді, дарынды ақын болуымен бірге, жақсы аудармашы да. Оның азаматтық бейнесі: сыпайы әрі қарапайым, төзімді әрі тәртіпті, еңбекқор әрі адал. Әбіш Кекілбаев – ақын, азамат, аудармашы, сыншы ретінде жазушы атағын алып жүруге толық лайық» (Өтеш Қырғызбаев «Сөз зергері Ислам Жарылғапов», 139-141 беттер).
Алпысыншы жылдың басында жиырма бір жастағы ақын, сыншы, студент Әбіш тұлғасына қаланың қоғамдық ұйымдары да назар аудара бастайды. Оған Қазақ университетінде өткізілген «Поэзия күнінің» «Литературная газетада» мақталуы себеп болса керек. Менің архивімде Әбіш айтқан мына бір әңгіме сақталыпты. ...«Газет тілшісі Ә.Әлімжановтың мақаласын оқып шыққан Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшысы Санжар Жандосов Әбішті кабинетіне шақырады. Ол оны Гурьев облысында (қазіргі Атырау) Қамыскөл электр станциясында істеп жүрген жерінен танитын. Жас ақындардың облыстық мәжілісінде кездескен. Ол бұрынғы әріптесіне қалада шығармашылық жастардың басын қосуды ұсынды. Көп ұзамай қалалық комсомол комитетінің хатшылары Ғ.Мырзағалиев, Ғ.Бибатырова бұл мәселемен тікелей шұғылданады. Алғашқы кеш 1962 жылы май айында қазіргі ұйғыр театрында өтеді. Оны ұйымдастыру Ә.Кекілбаев пен жас актриса Л.Ярошенкоға тапсырылған еді. Кеш ақталып, әлі ел арасында кеңінен таныс бола қоймаған Сергей Есениннің шығармашылығына арналды. Кеште жас ақын Олжас Сүлейменов сөз сөйлеп, өлеңдерін оқыды. Әдеби викторина ойналды. Кітап жәрмеңкесі, бал ұйымдастырылды.
Кеш өте көңілді өтеді. Бұл хабар Қазақстан комсомолы ОК хатшылары Өзбекәлі Жәнібеков пен Камал Смайыловқа жетті. Олар «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») редакторы Шерхан Мұртаза мен әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі Ә.Кекілбаевты өздеріне шақырды. Шығармашылық жастардың кеңесін құрды. Төрағасы – ОК хатшысы, Ә.Кекілбаев жұмыс ұйымдастырушы болып болып тағайындалады. Әдебиетші, суретші, сазгер, театр жастарының шығармашылық жетістіктерін насихаттау қолға алынды. Бірлестікте мақұлданғандары газет бетінде жарияланып, «кейінгі толқын інілер» деген айдармен әдеби шығармалар, өнерге қосылған жас күштер жайындағы материалдар беріле бастады. Жастар сыйлығы тағайындалды. Жастар баспасы мен журналын ашуға дайындық жүргізілді. Қазіргі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы деп аталып жүрген сыйлық сол кезде тағайындалып, алғашқылары Олжас Сүлейменовке, Әнуар Әлімжановқа, Ғазиза Жұбановаға, Еркеғали Рахмадиевке берілді. Шығармашылық жастармен С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, И.Омаров, Ш.Айтматов кездесуге келді. Бұл жайында К.Смайыловтың «Жеті қырлы, бір сырлы» кітабында да айтылған.
Қазақстан ЛКСМ Орталық комитеті жанындағы жас әдебиетшілердің шығармашылық одағын басқарған (қоғамдық негізде) кезінде арасында Темірхан Медетбеков бар, бірнеше жас ақындардың өлеңдерін талқылау мәжілісіне тыңдаушы ретінде біздің де қатысқанымыз бар.
Бала кезінен қолы карап отырмайтын, кітап оқығанды, жазуды, сурет салуды ұнататын. Газеттерге мақалалары, очерктері, өлеңдері жиі-жиі басылып тұрды. Олары сол кездегі адамдарға кеңінен таныс, кейінгі ұрпақтың талай жазбаларда назарына берілді. Қазір оның бәрін басқа ұрып, тізбелеп айтуды жөн көріп отырғанымыз жоқ. Өлеңге көбірек ден қойды, лирикалық өлеңдер басымырақ болатын. Мектеп бітірген кезінде 3-4 дәптер өлеңдері бар еді, бірақ солардың кейінгі кітаптарына енгені саусақпен санарлықтай десе болады. Оның себебі Әбіштің өзіне ғана аян. Сыншы ретінде өзінің шығармаларына да сын көзімен қарағаны шығар. Поэзияға деген талаптың, талғамның өзгеруінен болар деп топшылаймын. Өлеңді басқаша жаза бастағаны кейінгі поэзиялық шығармаларында анық көзге ұрады. Әбіш ақын болып танылғанмен, өлең мен прозаны қатар алып жүргені белгілі. Мысалы, «Аққайың» әңгімесі 1959 жылы жазылған, «Жалын журналында» (1984 ж. №6) басылды. Мұхтар Мағауин «Әбіш екеуміз» деген естелігінде («Жұлдыз» журналы, №4, 2016 ж.) «Жүнді барақ» әңгімесін Әбіштің шағын прозадағы алғашқы қадамы екендігін, оқиғаның қайда, қалай болғаны, кейіпкерінің кім екендігі де айтылады.
1962 жылдың қаңтар айында ма екен, дәл уақыты есімде қалмапты, Әбіш үйге кештетіп келетін болып жүрді. Сондай бір келісінде:
– Бүгін тағы да Әбеңнің үйінде (Әбдіжәміл Нұрпейісов) болдық. «Қан мен тердің» жаңа нұсқасының тарауларын бітірген екен, соны оқып берді, пікірлерімізді сұрады. Менің басты кейіпкер Қаленнің тағдыры жөніндегі ұсынысымды қабылдады. Зекең (Зейнолла Қабдолов), Тақаң (Тахауи Ахтанов), Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов) болды. Талқылау соңындағы шай үстінде қауқылдасып біраз әңгіменің басы шалынды. Маған прозаға ауыссаңшы дегендей құлаққағыс та айтылды. Өз тұстастарымның арасында да осындай ойдың қылаң беретіндігі бар еді. Олардың қайқайсысына да менің прозалық шығармаларымның бар екендігін айтқаным жоқ дегені есіме түседі.
Жастай көрінген ойшылдығы, тереңнен суыртпақтай суырып, кеңінен көсіліп жазу машығы, нағыз суреткерге тән қалам қарымы әріптес ағалары мен тұрғыластарын осындай пікірге тоқайластырған да болар.
«Арыс» баспасы 1999 жылы Әбіштің өмір бойы прозамен қатар жазып келе жатқан өлеңдерін «Дүние ғапыл» кітабына жинақтап шығарды. Жазушының 60 жылдығына орайластырылған кітаптың алғы сөзін жазған Әбіштің ұлы ұстаздарының бірі, академик жазушы Зейнолла Қабдолов: «Әбіш әдебиетке өлеңдетіп келді. Мұнысы заңды еді. Егер ол тумысынан ақын болмаса, әдебиетке өлеңсіз келсе, қазіргідей жанжақты, көп қырлы әрі саңлақ суреткер, әрі ғұлама ойшыл, әрі сұңғыла шешен, әрі көреген көсем болмас еді. Осының бәрінің төркіні ақындықта Ол сөз өнеріндегі маманданған жанрым поэзия емес, проза деп білді. Сондықтан оның күрделі туындыларының бәрі өлеңмен емес, көркем қара сөзбен жазылды. Ал Әбіштің прозасының өзі – поэзия дейді. Әдебиет теориясының білгірі, терең де талғампаз, нағыз эстет оқымысты ағаның айтқаны – айна-қатесіз шындық.
Проза жанрындағы алғашқы көлемді туындысы – «Бір шөкім бұлт» хикаяты 1966 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрді, екі жылдан кейін «Күй» хикаяты «Жұлдызда» басылды.
Дегенмен сол жылдарда Әбіш есімі еліміздегі әдебиетсүйер қауымға кеңінен танымал бола тұрса да, одақ оқырмандарына әлі беймәлімдеу кезі еді. «Жұлдызда» жарық көрген туынды көп ұзамай сол кездегі әлемдік деңгейге көтеретін жалғыз ғана баспалдақ орыс оқырмандарына жол тартты. Бұл қалай болып еді өзі?
Әбіштің қалада жоқ кезі, әлдекімдердің мықтап араласуымен армияда қызмет етуге шақырылып, өзі айтқандай «Төбеңде темір құзғын мың шүйілген, көлінен Жалаңаштың бір-ақ шығып» еді.
1968 жылы көктемде «Әскери міндеттілік туралы» жаңа заң шықты. Онда запастағы офицерлердің әскерде қызмет етуге шақырылатындығы айтылған. Бірақ олар инженер, құрылыс, медицина мамандары болуы керек. Әскеріміз осындай мамандарға қатты зәру болыпты. Әбіште ондайлардың бірі де жоқ, ол – жазушы. Әскери комиссариаттағылар кімді шақырып отырғандары жайында ойланбапты да. Осыны айтып, талай-талай көрнекті қайраткерлер барған, бірақ, әскерилер ол дәлелге құлақ аспай, онан сайын қасарыса түскен.
Әбіштің айтуына қарағанда, әскерге қате шақырылған офицерді босатудың тәртібі қиын, машақаты да өте көп екен. Жазушылар одағына мінездеме хат жолдауға өтініш айтылады. Әбіш соны білуге келсе, алдынан Ислам аға шығады. Оған жағдайды түсін діреді. Ол кісі сол бойда отыра қалып, хаттың мәтінін қағазға түсіреді. Екеуі сол кездегі одақ басшысы Әди Шәріповті күтеді. Ол келгесін И.Жарылғапов бұйымтайын айтады. Шәріпов ойланып отырып, машинистканы шақыртады. Исекең: «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Одақ Кеңесінің орынбасары деген бланкіңізге бастырыңызшы» деп сұрайды. «Жоқ, әскерилер кіді келеді. Одан да өзіміздің одақ бланкісіне бастырғанымыз дұрыс шығар» дейді. Хат қол қойылып, Мәскеуге жіберіледі. Қорғаныс министрлігінде Турк- ВО басшылығының пікірі сұралады. Одан дивизияға келеді. Дивизия полкке жібереді». Сау болғыр, рота командирі «қарсылығым жоқ» деп қол қояды. Одан кейін батальон, полк командирлері де келісімдерін береді. Одан дивизия штабына кетті. Ташкенттегі ТуркВО-ны әлгіндей ретпен аралап өтіп, Қорғаныс министрлігінде Бас штаб бастығына жеткен күні Дамаск аралындағы уақиға болады. Содан Бас штаб бастығының: «Данное время не представляется возможность» деген нұсқаумен іс архивке тапсырылады, Әбіш мерзімі біткенше әскерде қалдырылады. Осылай Ислам ағаның Әбішке болысқысы келген үшінші әрекетінен нәтиже шықпайды.
Сол кездердің бірінде, нақтылап айтсақ, 1968 жылдың күзінде Алматыға көрнекті әдебиет сыншысы Лев Александрович Аннинский келіпті. Ол Әбіш айтқандай, «алпысыншы жылдардағы «Хрущев жылымығы» кезінде көзге түскен талантты жас жазушы екен. Оның баспасөз бетіндегі жалынды мақалалары, өткір де батыл ойтолғамдары оқырмандар жанынан қызу қолдау тапты. Кеңес әдебиетінің қарадүрсін боямашылықтан тезірек айығып, жан иірімдерін терең де дәл бейнелейтін шынайы гуманистік ағымға көшуге айтарлықтай ықпал жасапты». Ол «Дружба народов» журналының редакциясында істей жүріп, талантты ұлт әдебиетшілерінің тезірек танылуына ойдағыдай үлес қосқан кісі екен. Әбіштің өзі де, әдебиетке қатар келген тұрғылас әріптестері де шығармашылық талантының дер кезінде танылуына қосқан үлесінің қомақты екендігін аса бір ілтифатпен бағалайды. Алматыға келгеннен кейін ол Қазақстандағы әдебиеттің соңғы жетістіктерімен танысу үшін жаңадан шығып жатқан кітаптарды, газет-журнал редакцияларындағы қолжазбаларды қарап шығады. Жас әдебиетшілермен де пікірлеседі. Олар Әбішті айтады, жаңа таныла бастаған да армияға шақырылып кеткендігінен хабардар етеді. Сол кездің өзінде одаққа аттары кеңінен танымал Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Әнуар Әлімжанов өз қатарластары мен достары Герольд Бельгер, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев оның жақында «Жұлдыз» журналында жарияланған «Күй» повесімен танысып шығуға кеңес береді. Бірекі күндік демалыста үй жағдайын біле кетуге келген Әбіш, сол хабар тиген бойда, таңертең ертемен, қаланың шетіндегі Гераның үйіне «Күйдің» қолжазбасын жеткізіп береді. Герольд Бельгер (кейіннен Әбіш шығармаларын түгелге жуық орыс тіліне аударды) жасаған жолма жол аударманы Лев Александрович өзімен бірге Мәскеуге ала кетіпті. Сөзбесөз аударманы журналдың сын, проза бөлімдерін оқып, бірден ұнатқан. Сол кезде журналдың проза бөлімінде белгілі әдебиет сыншысы, Кеңес әдебиеті аталған көп ұлтты құбылыстың баян қосына көптен араласып келе жатқан қайраткер Оскоцский Валентин Дмитриевич екен. Олар жас жазушының ерекше көзге ұрып тұратын жазу манерін сүйсіне қабылдайды. Көркем аударма жасау белгілі аудармашы, сыншы Владимир Кардинге ұсынылады, ол ойланбастан келісім береді. Ол кісі де орыс әдебиетшілері мен оқырмандарына белгілі болатын. Оның «Новый мир» журналында «Легенды и факты» дейтін аса өткір жазылған мақаласы мен ауызға көбірек ілініп жүргенін айтатын Әбіш. Сөйтіп, «Күй» хикаяты «Дружба народов» журналының 1969 жылғы желтоқсанындағы санында жарияланды. Осылай бүкілодақтық оқырманның назарына Әбіш Кекілбаев деген талантты жаңа есім іліккен болатын.
Әбіш өзін орыс оқырмандарына таныстыруда айырықша құлшыныс танытып, ойдағыдай орысшалануына үлкен ыждағат танытқандардың қатарында болған В.Д.Оскоцскийдің есімін ерекше атайтын. Ол В.Кардиннің аудармасын да бірінші болып оқып, жақсы бағалаған. Ол Герольд Бельгер жасаған «Ханшадария хикаясының» да жолма-жол аудармасын ұнатыпты. Оны талантты орыс жазушысы Василий Беловқа танысып көруге ұсынған да Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуі екен. Әбішпен бірде-бір рет кездесіп көрмеген, тек оны шығармалары арқылы білетін сыншы, сөз арасында айта кетелік, «Литературная газетаның» 1990 жылғы 24 қаңтарындағы санында «Домбыра сазымен» (Под звуки домбры. О товарище по перу) атты мақала жазды. Ол автордың орысшаға аударылған барлық шығармалары туралы сөз етеді. Бұл жөнінде кейін айта жатармыз.
Бір жақсысы, журнал мұнымен шектеліп қалмай, жас талантты қолдау мен насихаттауды одан гөрі кең масштабта жүргізе бастады. Журнал жылма-жыл барлық республикалардағы жас ақын-жазушыларды жиып алып, мәслихат өткізіп тұратын. Шығармашылықтың толғақты мәселелерін талдау мен талқылауда жастардың дауысы бұрынғыдан анық естіле бастады. Әбіш Кекілбайұлының «Ұмыт жылдар балладасы» мен «Ханшадария хикаясы» дәл сол жылдарда басылды. Ол 1976 жылы Сергей Александрович Баруздин басқаруындағы «Дружба народов» журналы ұйымдастырған «Дөңгелек столға» қатысып, сөз сөйледі. ...«Әрине, біздің әлемдік классикалық әдебиеттің тәжірибесінен аларымыз өте көп. Алайда, ағымдағы басқа әдебиеттердің бүгінгі аяқ алысынан үйренеріміз аз ба екен?!» дей келіп, ол дүниежүзілік шығармашылық үдерістерден қол үзбеген жазушының өрге баса алатындығына баса көңіл бөледі. Бұл арада көркем аударманың әдебиеттер арасындағы шығармашылық байланыстарды үзбей шынықтыра түсетін ұйымдастырушылық күшіне тоқталды. Қазіргі жас қазақ прозашыларының ұлттық құндылықтарды сұрыптауды тек белгілі шеңберлерде ғана емес, өз тұстастары армян Грант Матевосяннан, түрікмен Тиркиш Жұмагелдиевтен, әзірбайжан, ағайыңды Ибрагимовтерден, орыс Василий Шукшин мен Юрий Трофимов тардан үйренетін ұрымтал тұстарды саралап қабылдады. Әдебиеттер арасындағы бұл байланысты көркем аудармасыз көзге елестетуге болмайды. Кеңестер одағында шетел әдебиетін насихаттаудың не бір таңдаулы үлгілері қалыптасқан. Ағылшын, испан, француз, неміс т.б. тілдерден аударатын дәстүрлі мектептер толып жатыр. Ал Кеңестер одағын құрап тұрған халықтардың ешқайсысы ондай жетілген үрдісті түзген жоқ. Оған әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін аударатын арнайы «Прогресс» баспасының әлдеқашаннан бері жұмыс жасап келе жатқандығы себеп болған шығар. Дүниежүзілік әдеби үдерістердегі ізденістерді үзбей қадағалау мен сұрыптау, олардың қайсысын оқырман назарына ұсынатындықтарын таңдап алу әбден жүйеленді. Ал өз әдебиетімізде оның біреуі де жоқ. Сондықтан күллі әдеби үдерістердің барысында сұрыпталмаған, сын елегінен өтпеген, көбінен көп өзін-өзі итермелеген кездейсоқ шығармаларды аудару мен насихаттауға жол беріледі. Егер Кеңес халықтарының әдебиетін басып шығаратын арнайы баспа құрылып, ол да «Прогресс» баспасындай жүйелі түрде маманданса, әлгіндей өлермендіктің жолы кесілер еді. Аударылатын шығармаларды алдын ала сұрыптау мен насихаттау жақсарар еді. Оларды орыс тіліне аудару үдерістері жүйеленер еді. Бұл талантты аударушылар корпусын қалыптастырып, олардың оқушы назарына ұялмай ұсынатын туындыларды ешқандай әдеби шенеуніктердің қатынасынсыз өзі таңдап алуына жағдай туғызар еді.
Әбіш Кекілбайұлының бастап берген салихалы әңгімесін Лев Гинзбург, Рафайл Мустафин, Флор Васильев, Герольд Бельгер, Мустай Карим, Амирхан Еникей, Эдуард Елугашвили, Наталья Капиева, Абдулла Арипов, Отар Нодия т.б. бірқатар жазушылар мен сыншылар үдетіп, ұлттар әдебиетін өрістетудің жөн бағыттарын талқылады.(«Дружба народов», №12, 1976).
Әбіштің жазғанындай, журнал көп басылымның бірі болмай, көп ұлтты Кеңес әдебиетін жаңа өріске бағыттаған бастамашылық ізденістерін жалғастырыпты. Бұл үдерістің ойдағыдай жүруіне бас редактор Сергей Баруздиннің биік адамгершілігі мен сергек сезімталдығы үлкен әсер еткен көрінеді. Ол журнал авторларының не жазып, не қойып жатқанынан үзбей хабардар болып отырады екен. Оралхан Бөкеевтің «Ән салған шағылдар» хикаяты мен Сайын Мұратбеков, Дүкенбай Досжанов әңгімелері журналда жарияланыпты. Ол кісі – ұлт әдебиетшілерінің бүкілодақтық аренадан көрінуіне ерекше қамқорлық көрсеткен жазушы. 1981 жылы Мәскеуде КСРО жазушыларының 7-съезі өтіп еді. Мәскеуден қайтарында Әбіш Клара екеуі Маңғыстауға соқты. Сондағы айтқан бір әңгімесі еске түсіп отыр Ақтық жиында одақ басқармасының жаңа құрамы талқыланады. Баруздин сөз сұрайды. «Біз бүгінгі Кеңес прозасын Кекілбаевсыз, Матевосянсыз көз алдымызға елестете алмаймыз. Ендеше, олар бұл тізімде неге жоқ?! Шығармашылықтары әбден піскен, әдеби үдеріске әбден қаныққан олар қазіргідей жастарында басқармаға мүше болмағанда, қашан мүше болады»? – деді. Екеуі де жабық дауыс беретін бюллетенге енгізіліп, басқарма мүшелігіне сайланады. Әбіш сол съезде атақты армян жазушысымен кездесуін де есіне алған еді. «... Үзіліс кезінде Кремльдің үлкен сарайының кең фойесінде сәндене киінген ығыжығы адамдардан бөлектеу шетқақпай тұрған, үстінде торала көйлегі, бұтында көнетоз джинсиі бар, бұйра шаш жігіт тұсынан өтіп бара жатқан Әбішке тесіле қарады. «Сіз Әбіш Кекілбаевсыз ба? – деп сұрайды. «Иә!» – деді тоқтай қалған әріптесіне. «Кешіріңіз, мен Грант Метовосян едім», – дейді әлгі жігіт. Екеуі құшақтасып қол аласыпты. Бұл – әдебиетке «Біз және біздің тауларымыз» деген хикаятымен шуылдата кірген, кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған әйгілі армян жазушысы екен. Оның үн-түнсіз дүниеден өткенін көп жылдардан соң, Әбіш Германияда жүріп, неміс достарынан естіпті. «... Сол кезде әдебиет туыстырған жастық шақтары және көзапара елеусіз қалып бара жатқандарын да ескерген Сергей Александрович Баруздиннің қырағы көзі еске түсті, – деген еді Әбіш. Дәл осындай жағдай 1986 жылдың жазында өткен КСРО Жазушылар одағының 8-съезінде қайталаныпты. Дауысқа қойылатын тізім талқыланғанда армян ақыны Сильва Капутикян дау шығарады. «Бәріміз жанымыз бен жақсы көретін талантты ақын Фариза Оңғарсынова қалай ұмытылады!» – деп айқай салыпты. Дереу тиісті түзету жасалыпты.
Әбіштің тегеурінді талантын бағалаған тілеулес, ағайыншыл үлкенді-кішілі әдебиетшілердің дер кезінде көрінсін, танылсын деген ықыласты іс-әрекеті, «Күйдің» орыстың Л.А.Аннинский, В.Д.Оскоцский, С.А.Баруздин сияқты ізгі-ниетті әдебиетшілердің қолдарына тиіп, «Дружба народов» журналы арқылы одақ оқырмандарына жол тартып, орыстың аузы дуалы әдебиет білгірлерінің тарапынан лайықты бағасын алуы – Әбіштің шығармашылық жолындағы шоқтығы биік белесі ретінде есте сақталып қалып еді.
«Күйден» кейін өз елімізде де, орыс баспагерлері мен әдебиетшілерінің де Әбіш шығармаларына деген қызығушылығы тоқтаусыз артып, «Ханшадария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Бәйгеторы» хикаяттарына, «Аңыздың ақыры» романына жалғасты. Әбіштің көзі тірісінде барлық шығармалары орыс тіліне аударылды. Атақты сыншылардың Әбіш шығармаларын талдаған мақалалары орталық баспасөзде үзбей жарияланып тұрды. Олардың қатарында Владимир Бондаренко, Валентин Оскоцский, Тимур Мамаладзе, Руденко Десняк, Леонид Теракопян, Сидоров Евгений, Зоя Кедрина т.б. әдебиет білімпаздары болды.
Валинтин Оскоцский «Литературная газетаның» 1990 жылғы 24 қаңтарындағы санында осыған дейін орысшаға аударылған Әбіш туындыларын түгел қамтып, сөз етеді. Жазушының «Советский писатель» баспасынан 1988 жылы шыққан «Мартовский снег» біртомдығына енген «Аңыздың ақыры» романы мен «Құс қанаты», «Шеттегі үй», «Бір шоқ жиде», «Көлденең көк атты», «Тасбақаның шөбі», «Шыңырау» хикаяттарына айрықша тоқтала отырып: «оның қайсысында да адамның уақытпен бірге көнермейтін, қайта жылдар өткен сайын бар болмысымен ашыла түсетін, айқындала түсетін ақиқаттары жөнінде айтылады. – Ол «жазушының әрдайым адам тірлігінің ең етене беттерін ашып, оқырманның әлі ойлана қоймаған тұстарына назар аударып, жайбарақат жатқан жандүниеңді ойда жоқта тап болған дауылға ұшыраған теңіздей теңселтіп кететін мейлінше ұрымтал да ұғымтал мінезін сүйсіне жеткізеді», – дейді.
«Өмірден өткенше қазақ әдебиетінің табыстарына қуанып өткен» (Әбіштің сөзі) Зоя Сергеевна Кедрина жоғарыда аталған шығармаларды талдай және жоғары бағалай отырып, «жазушының әлеуметтік мәнділік пен философиялық» тереңдікті бірдей діттейтін психологиялық иірімі мол коллизияларды мейлінше құбылта білетін суреткерлік шеберлігіне» сүйсінеді.
Владимир Бондаренко сөз болып отырған шығармаларды көркемдіктің жоғары деңгейінде бағалай отырып, «Әбіш Кекілбаев прозасы әрдайым поэтикаға толы. Ол терең суреткерлік көзқарастың мейлінше салмақты да салқынқанды шығуы на кедергі келтірмейді» деп жазды. «Жаңару» (Обновление), «Наш современник» журналы, октябрь, 1984 жыл).
«Комсомольская правда» газетінде жас жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Баллада степей» кітабы (жазушының Мәскеудегі әдеби дебюті болған жинаққа «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау» повестері енген еді. Кейіннен бұлардың бәрі де бірнеше басқа тілдерге аударылды) туралы «Если слово болят» (11 тамыз, 1975 ж) деген газеттің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Тимур Мамаладзенің мақаласы шығады. Онда бұрын-соңды көріп білмеген жас сыншы кітапқа енген төрт хикаяттың ақын адамның қолынан шық қандығын бірден біле қояды. Өйткені төртеуі де баллада деп аталатын, поэтикалық жанрда жазылыпты. Бұрын өлең түрінде кездесетін бұл жанр қара сөзде де құлпырып кете алады екен. Көкірекке шемен болып байланған төрт шерлі оқиға төрт түрлі хикая шертеді. Төртеуі де тал бойыңды талықсытып, талдыра түседі. Жас прозашының сирек кездесетін аңғарымпаздығы жас сыншыны қалай таңғалдырса, оның мірдің оғындай дөп тиетін байқампаздығы авторды да солай таңғалдырады. Арада талай жылдар өтеді. Әбіштің бізге әңгімелеп бергеніндей, бір-бірін көрмеген, шығармаларымен ғана сырттай білетін мақала авторы мен балладалар иесінің кездесуі мүлдем басқаша жағдайда болыпты.
1991 жылы аз ұлттар тағдыры жөнінде халықаралық жиын өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы өкілдігінде істейтін бір жас жігіт Әбіштің төлқұжатына қарап отырып, күлімсірейді. Арада үш-төрт күн өтеді. Әбіш Кекілбаевқа сөз беріледі. Мінбеге шашы дудыраған сыптығар қара жігіт көтеріліп: «келесі шешеннің алыс Қазақстаннан келіп отырғанын, талантты жазушы екенін, өз халқының басындағы өзге ұлттарға ұқсай қоймайтын ауыр тағдырды ондай жеткізіп айта алатын басқа шешен табылмайтындығын, сондықтан оның сөзіне айрықша ықылас бөлу керектігін» айтады. Әбіш баяндаған Қазақстан жағдайын қатысушылар шынында сілтідей тынып тыңдайды. Үзіліс кезінде әлгі жас жігіт қасына келіп, Әбішпен қол беріп амандасып, өзінің Тимур Мамаладзе екендігін айтады. КСРО Сыртқы Істер министрінің көмекшісі екен, Г.А.Шеварднадзенің жұмыстан босауына байланысты қазір Біріккен Ұлттар Ұйымын да жауапты қызметте жүрген. Көп ұзамай тамыз оқиғасы өтті. Грузияда басшылық өзгеріп, қайтадан Шеварднадзе келді. Оның Қазақстанда болған кезінде Әбіш Тимур Мамаладзе туралы сұрайды. Сөйтсе, ол қазір де бірінші көмекшісі екен. «Оны қайдан білесіз? – дейді де, Әбіштің жауабын естіп мәз болып қалады. «Тбилисиге келіңіз, онда Тимурдай тамаша досыңыз бар», – депті Шеварднадзе бас бармағын шошайтып.
«Молодая гвардия» баспасынан көп тиражбен басылып шыққан «Дала балладалары» кітабы оқырмандар тарапынан үлкен табысқа жетуі Тимур Мамаладзеден басқа да сыншыларды, шын мәнінде, үлкен ойға қалдырып еді. Соның бірі – «Литературная газетаның» орынбасары болған Александр Руденко-Десняк болатын. «Өмірдегі ең күрделі мәселелер адамды ұзақ тебірентеді. Ұзақ тебіренткен мәселелер аңызға айналады. Аңызға айналған жайттар қайта-қайта ойлантпай қоймайды. Әбіш Кекілбаев та дәл сондай әрдайым ойға қалдыратын әлеуметтік мәні зор мәселелерді қозғайды. Жазушы шығармашылығының басты сипаттарының бірі болып табылатын осы бір жайт жөнінде Руденко-Десняк та «Аңыздар неге өлмейді»,–деп тебіренеді.
«Литературная газетада» шыққан бұл мақала көп уақытқа дейін басқа сыншыларға ой салады. Олардың мақалалары да осы сауалға жауап беруге бағышталады. Осыдан төрт жылдан кейін, 1979 жылы «Известия» баспасынан 218500 дана тиражбен, жазушының «Аңыздың ақыры» романы, «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке» хикаяттары енген 25 баспатабақтық «Ұмыт жылдар балладалары» атты кітабы басылып шықты. Оған Бүкілодақтық жазылым жүргізілген еді. Бұрын-соңды әр жерде аталып жүретін бұл есімге талантты орыс ғалымы Евгений Сидоровтың көңілі ауды. Оқып шығып, көп ұзатпай 1983 жылдың 5 қазанында оның «Литературная газетада» «Тарих жаңғырығы» («Эхо истории») мақаласы жарияланды. Онда жас казақ прозашысының туындыларын Юрий Тынянов, Юрий Трифонов, Валерий Шукшин, Грант Матевосян, Ян Кросс, Отар Чиладзе, Шыңғыс Айтматов шығармаларымен салыстыра отырып, талдайды.
«Абиш Кекильбаев» в своей исторической прозе идет по другому пути. Он силой воображения, опираясь на исторические источники, легенды, как бы зримо воссоздает мир далекого прошлого, пытаясь проникнут в его психологическую и нравственную атмосферу. Но это не историческая романистика в ее традиционно эпическом варианте. Это «поэтическая» проза основанная на локальном конфликте, чурающаяся панорамного развития темы, многофактурных, детально проработанных композиций. Ее пространство, как правило, очищено от второстепенного, но духовная жизнь несколько главных фигур сгущена до грозного предела. Оттого-то и воспринимаются они как послы вечности в нашей время, тоже чреватое трагедиями опустошительных воин, антинародных правлении, попранной несправедливости. Не прорывая национальной почвой, это проза содержит в себе общечеловеческие уроки, то сближаесь с притчей, то прерастая метафору... Писатель призывает к древу национальной традиций черенки мирового художественного опыта и делает это чувством меры, бережно сохраняя корневые пласти казахского национального мирощущения. Особенно наглядно такая связь проступает во внутренных монологах персонажей прием достаточно распространенный сегодня исторической литературе: но у Кекильбаеве еще и очень органичный позволяющий раскрыт потаенные глубин характера, тонкие переходы от сна к явы, от сознанания к подсознанию», – дейді сыншы Ә.Кекілбаев шығармаларына терең үңіле отырып.
Кеңес халықтарының талай буын жас жазушыларының танылуы, кемелденуі, белгілі көркемсөз шеберлеріне айналуы көз алдында өткен Л.А.Тераһкопян өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке қосылған бір топ жастардың арасынан орыс Валентин Распутиннің, белорус Михайл Стрельцовтың, қазақ Әбіш Кекілбаевтың жаңа туындыларына ерекше тоқталып, былай деген еді.
«...Ал Әбіш Кекілбаев қаламын тербеткен тербелістердің табиғаты тіптен басқаша. Барша әлеуметтік күйзелістердің түп атасы – адамдар арасындығы өштестік. Кек куған адам жәбірленушіден жендетке қалай айналғанын қапелімде өзі де байқамай қалады. Екі адамның арасындағы түсініспестік, екі халықтың арасындағы өштестікке ұласуы мүмкін. Топтар мен таптар, халықтар, тіпті өркениеттер арасындағы араздықтың түбі адамдар арасындағы араздықтан туындайды. Әлдеқашан күні өткен тартыстың қайта жаңаруы, жасаруы мүмкін. Дәуірдің өзі күн тәртібіне қойып отырған бұл мәселеге ерекше назар аудармай болмайды. Онсыз гуманизм өркен жая алмайды».
«Дружба народов» журналының өткізген дөңгелек үстелдегі сөзі, оның 1971 жылғы 6 және 1983 жылғы 9-санында басылған, «Начало всех начал», «Всероднящая сила слова» мақалалары Әбіштің терең ойлы әдебиет сыншысы, көркемдікті нәзік сезінетін эстет ретінде де танып, білуінің бастамасы болды. Соның дәлелі ретінде «Литературная газета» мен Грузия Жазушылар одағы бірігіп өткізген алқақотан әңгімеге шақырумен қатысуын айтуға болады. Дөңгелек үстел Тбилисиде, тарихи сарайда Лев Толстойдың повесіндегі Қажымұратты ұстайтын генерал-губернатор Воронцовтың үйінде өтіпті. Қатысушылар арасында одақтағы сөз өнерінің бетке ұстарлары, Лениндік, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, аты шулы сыншылар мен әдебиет танушылары болыпты. Әңгімені Лениндік сыйлықтың лауреаты, Грузия Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нодар Думбадзе бастап берген («Дата Туташхинаның» авторы, Лениндік сыйлықтың Грузиядағы тағы бір лауреаты Чебуа Эмирэджиби де қатысушылар арасында болған). Ауырып, жақында ғана төсектен тұрған әріптесін қатысушылар сабырмен тыңдаған. Әңгіменің көрігін «Литературная газетадан» келген Сергей Чуприкин сөйлеп, кеңес романдары жинақтаушылық синтезге бой ұруымен бау райды деген пікір білдіреді. Оған Вадим Кожинов өзін В.Белов, В.Астафьев, С.Залыгин шығармалары ешқандай синтездерімен баурамайтындығын, қайта қарапайым шыншылдығымен баурайтындығын айтып, қарсылық білдіреді. Осы арада сөзге Әбіш Кекілбаев араласады. Бұрынғы роман қаһарманы қаншалықты жұртты баурай алатын өнегелілігімен көзге түсетін еді, қазіргі ро- ман қаһарманының өз бойына өз дәуірінің қайшылыққа мол шындығын қаншалықты терең тоғыстыра алғанымен көзге түседі дей келіп, қазіргі оқырман әдебиеттен өнеге іздемейді, өз тағдырының ертең қалай өрбитінін сезінгісі келеді. Сондайақ осы проблеманың осы заманғы әдебиетте қалай шешіліп жатқандығына тоқталады. Өмірде қалай болып жатқанын білу үшін алдымен не болып жатқанын білуі керек. Бұл ақиқатқа біздің әдебиетіміз ендіенді ғана қанығып келе жатқан сияқты деді. Әбіштің бұл пікірлері қатысушылардың қызығушылығын шақырды. Одан мәңгүртшілдік тақырыбы жайында сұрады. Ол «1967 жылы жазылған повесінде бұл тақырыпты сөз қылғанын айтты. Бірақ бұл тақырып сонымен бітті деп ойламайтынын білдірді. Ол әлденеше рет сөз болады. Оған Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» дәлел. Шындығына келсек, сіздердің қайқайсыларыңыз да мәңгүрттік тақырыбын қозғап жүрсіздер. Өкінішке орай, бұл – шамалыда сарқылмайтын тақырып. Сондықтан оны бір немесе екі кісі емдеу мүмкін емес», – деді. Мейлінше шынайылық жағдайында ашық сырласқан бұл алқақотан әңгіме «Литератур- ная газета» редакторының бірінші орынбасары Евгений Кривицскийдің қорытынды сөзі мен аяқталыпты...
Кез келген жазушы суреткер бола алмайды, Әбіштің суреткерлік қабілеті мен талантын әп дегеннен, шығармасының («Күй») жолма жол аудармасының өзінен танып, көмек қолын ұсынып, лебіз білдіргендер – көркем сөздің жілігін шағып, майын ішкен дегендей, өңкей әдебиеттің сұңғыла білімпаздары мен бірегей беделділері болатын. Мысалы, «Күйді» Г.Бельгердің жолма-жол аудармасынанақ ұнатып, Мәскеуге ала кеткен Лев Александрович Аннинский алпысыншы жылдардағы көрнекті әдебиет сыншысы болса, Баруздин Сергей Александрович атақты орыс жазушысы, әдеби баспасөздің өркен жаюына мол үлес қосқан, Әбіш тұстас қазақтың талай жас жазушыларының шығармаларын басып, қолдау көрсеткен, «Дружба народов» журналының редакторы еді.
В.Д.Оскоцский де – белгілі әдебиет танушы, сыншы, көсемсөзші, ғылым кандидаты аталған журналда, «Литературная газетада» бөлім басқарды, «Литературная вести» журналының редакторы, Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің деканы болған кісі. Әбіштің «Баллады степей» атты Москвада алғаш басылған кітабын оқып, «Аңыздар неге өлмейді» деп тебіреніп, «Литературная газетада» мақала жазған Руденко-Десняк та орыстың сол кездегі атақты сыншыларының бірі еді. Леонид Андреевич Тераккопян – белгілі әдебиет сыншысы, баспагер, «Дружба народов» журналының бөлім меңгерушілігінен редакторына дейін өскен адам.
Евгений Сидоров – орыс ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. М.Горький атындағы әдебиет институтының ректоры, Ресей федерациясының Мәдениет министрі болып істеді. Бұрын бір-бірімен кездеспеген жазушы 1985 жылы Алматыдағы сыншылар конгресінде ұшырасып еді. Содан басталған достық жылдар өткенімен, ұмытылмай жалғаса берді. Ресейдің Мәдениет министрі бола жүріп, Әбішті Жамбыл мен Әуезов тойларында Мәскеудің Кеңестер үйінің бағаналы залында екі ұстазы жайында тебірене сөз сөйлетті. 2009 жылы Әбіштің 70 жылдығында Ақтауға келіп, Кендірлідегі халықаралық кездесуде досы туралы жүрекжарды сөздерін айтқанды. Ерлі-зайыпты Валентина және Борис Панкиндер де көркемсөз табыстырған дос көңілдес кісілер еді. Атқарған жұмыстары да, атақ-лауызымдары да ешкімнен олқы болмайтын. Борис Панкин – мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы және шебер көркемсөзші. КСРО Сыртқы істер министрі, ұзақ жыл «Комсомольская газетінде» редактор болды. «Мен Әбіш Кекілбаевты бірнеше жыл бойы сырттай естіп, біліп жүрдім. Әйелім Валентина шығыс республикалар жазушыларының шығармаларын аударатын. Швецияда тұрғанымызда күні-түні ұйықтамай жазу жазып отыратын. Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романын аударып жатқанын сонда білдім, – дейді ол.
Үйімізге жиі келіп тұратын Әбдіжәміл Кәрімұлы да оны аузынан тастамайтын. Кейін қолжазбасын оқып қарасам, аса күрделі тақырыпты қозғапты. Орыс-қазақ арақатынастарын қопарып, бүгінгі адамдардың көңіл күйін тебірентпей қоймайтын күрделі мәселелерді сөз етіпті. Борис Панкин 2008 жылы Ақтөбе қаласына келіп, Қазақстандық «Пенклуб» мәжілісіне қатысып, Әбішті өз көзімен бірінші рет көріп, өз құлағымен тыңдап еді. Сонда басталған жолдастық қатынас әдеби достыққа ұласты. 2009 жылы жазушының туған жерінде болып, жетпіс жасқа толған тойына қатысты.
Жұбайы Валентина Панкина да – жазушы, журналшы. «Советский Союз» журналында бөлім меңгерушісі болды. Әуелі Әбіш Кекілбаевтың «Бәсеке», «Шыңырау» шығармаларын орысшалады. Кейін «Үркерді» орыс тіліне аударуға кірісті. Ол 1987 жылы «Жалын» баспасынан «Плеяды созвездие надежды» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. 1999, 2009 жылдары шыққан бес томдықтарына енді.
Георгий Гачев – болгар ғалымы, философия ғылымдарының докторы. 1986 жылы Алматыда болған кезінде Әбішті әдейі іздеп келіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшылығына сайлануымен құттықтап, әңгімелескен көрінеді. Арада 13 жыл өтеді. Мәскеуден «Национальные образы мира Евразии. Космос кочевника, земледельца и горца» дейтін монографиясы шығады. Кітаптың «Ой керуені», «Жел, құпия және бұлақ», «Ляхтың қазаққа айналуы» дейтін тараулары тұтасымен Әбіш шығармаларының көркемдік жүйесінің түзілісі мен қалыптасуына арналған екен. Онда Ә.Кекілбаев жасаған өз Космо-Психо-Логосы егжей-тегжейлі сөз болады. Сол сияқты кітапта Махамбет, Шернияз, Абай, М.Әуезов, Ш.Айтматов, О.Сүлейменов, М.Мағауин, Ө.Нұрғалиев шығармаларының кескіндемелік сипаттары сөз болады.
Неміс сыншысы Герберг Кремпиен 1971 жылы «Ауфтау» баспасынан шыққан «Ерле зенес новеллей» деген алты кеңес жазушы ларының таңдамалы шығармаларының әр қайсысына талдау жасай отырып, Әбіштің «Күй» хикаятының терең философиялық ойының мәні күннен-күнге, жылдан-жылға арта түсетіндігін айтып, ұлт бірлігі мен ұлттар достығы жалпы планетарлық бейбітшіліктің ең өзекті мәселесіне айналады дейді. Венгер жазушысы Ержебет Катана Әбіш Кекілбаев шығармалары жөнінде герман баспасөзінде әлденеше рет мақала жариялаған, 1987 жылы Берлин университетінде жазушымен сырласу сабағын өткізген неміс сыншысы Кляинмихель Зигфриид те «Аңыздың ақыры» романын жоғары бағалады. «Шыңырау»,«Құс қанаты» «Шеткері үй», «Тасбақаның шөбі», «Бір шоқ жиде», «Ақырғы аялдама», «Көлденең көк атты», «Міне, керемет» деген хикаяттары мен әңгімелері – неміс тілінде сөйлеген шығармалар. Украина сыншысы Лидия Федоровская, «Адамдар табиғаты ортақ, бір кезде басқаларға алыс ертегідей көрінген оқиғаларды бүгінгі адамдардың өз тағдырындай қабылдата білу– қазіргі заман әдебиетінің басты жетістіктерінің бірі десе, орыс әдебиет танушысы Ирина Юшкова «...бүгінгі халыққа жат құбылыстарды өлтіре әшкерелеуге тарихтың Әбіш Кекіл баевқа өлшеусіз қызмет көрсеткенін» айтады.
Әбіш шығармаларының орыс тілдік аудармасы нұсқасындағы көптеген шығармалары әлемнің 14 елінің оқырмандарына 100 мың таралыммен жол тартты. Немістер «Күй» мен «Аңыздың ақырын» бірнеше рет қайталап басып шығарды. «Күй» 1970 жылы Лондонда «Ұмытылған жылдар балладасы» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Аударған – Том Стоксу. Хикаят соның сәл алдында ғана 1969 жылдың желтоқсанында «Дружба народов» журналында жарияланғаны жоғарыда айтылып өтті.
Немістер Әбіш Кекілбайұлы шығарма шылығына айрықша ықылас білдіргені және ерекше жоғары бағалағаны жайындағы деректер көптеп саналады. Соның бірі және ерекше бағалысы да – оның есімінің әлемнің таңдаулы 100 жазушының қатарында аталуы.
Германияда 20 ғасырдың дүниежүзіне белгілі 100 жазушысын анықтау мақсатында арнаулы бағдарлама жасалған. «Фолк-Унд» баспасы жүргізген сауалнамаға сай, таңдаулы жүз жазушының арасында Нобель сыйлығының лауреаттары ақын М.А.Астуриас, америкалық Т.Моррисон, халықаралық Гонкур, Менделло атындағы әдебиет сыйлықтарының лауреаттары, француз П.Гомарра, австралиялық Т.Бернхард, әлемге аты мәлім А.Сент-Экзюпери, ағылшындық Э.Форстер, неміс жазушысы Г.Келлерман, орыстың ақын жазушылары Л.Толстой, Ф.Достоевский, В.Маяковский т.б, ал қазақтан ұлы Әуезов пен Ә.Кекілбайұлы екеуі бар.
1991 жылдың ақпан айының басында Әбең (Әбдіжәміл Нұрпейісов) Дағыстанға досы Расул Ғамзатовтың шақыруымен қызы Шұға екеуі бара жатып, Ақтауға соқты. Одан әрі Мәскеуге Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің кезекті бір мәжілісіне комитет мүшесі ретінде шақырылған екен. Темірхан Медетбековтің үйінде қонақта бол- ды. Көп кісі болған жоқ, әңгімесін айтып, жайдары, ашықжарқын отырды. Сол әңгімелердің күнделікке түскендері де бар екен. Жалпы күнделік жазғыш адам емеспін, есіме түсіп іздегенде табыла кеткеніне қуанып та отырған жайым бар.
... Әбіште жақсы дүниелер көп қой. Маған ерекше ұнайтыны – «Ханшадария хикаясы» еді. Василий Беловқа (КСРО және Ресей Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты) айтып едім, қолының тимейтіндігін, өзінің бір шығармасын бітіре алмай жүргендігін айтып зыр-зыр қашты. Тіпті «әлде-біреулерді тықпалайсыңдар» деп кейістік білдіргендей сыңай танытты. «Ең болмаса, оқып көрші» деп жолмажол аударманы қолтығына қыстырып жібердім.
Кейіннен «Сіз болмасаңыз Ә.Кекілбаевты танымай кетуім мүмкін ғой. Таныстырғаныңызға зор рақмет. Бәрін қойып, осыны аударуға отырдым» деп хат жазып жіберіпті.
Ал, В.Белов Әбішке жазған хатында: «Мен сізден нағыз әдебиетшіні сезінемін және «Ханшадария хикаясы бойынша» сізді рухы мен ойлары жағынан маған жақын адам деп пайымдаймын» деп жазады.
Әбең «Күй» кітап болып шыққаннан кейін атақты орыс жазушысы Юрий Бондаревке (Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтардың лауре- аты) оқып шығуға ұсыныпты. «Біраз күндерден кейін телефон шалып едім, «кел» деді. Барсам қолымен шекесін ұстап, стол жанында тұр екен. Мұндай аңыздарды Ш.Айтматов та жазып жүр ғой. Бірақ Кекілбаев одан гөрі тереңдеу екен. Реті келіп жатса, жиналыстарда айтармын не жазармын. Онысын орындай алмады. Әртүрлі нәрселер бөгет болды, араласты. Бірақ көрген сайын Кекілбаев қалай деп сұрап тұрады», – деп еді жазушы ағамыз сол бір ұмытылмас мәжілісте.
Әбіш – өз елінде де шығармалары көп басылған жазушының бірі. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық таңдамалы шығармалары мен көптеген жеке басылымдардан басқа, 1999 жылы «Өлке» баспасынан он екі томдығы, 2001 жылы орыс тілінде «Жазушы» баспасынан романдары, хикаяттары, драмалары, мақалалары топтастырылған 6 томдығы, 2009 жылы «Нұрлы әлемнен» (5 томдық мақалалар жинағы «Сыр десте»), 2009–2011 жылдары «Жазушы» баспасынан 5 томдық шығармалар жинақтары орыс тілінде шықты.
Шығармаларының жиырма томдық толық жинағы «Жазушы» баспасынан 2010–2013 жылдары басылды.
2018 жылдың сәуірінде Алматы қаласындағы «Арыс» баспасы ұжымдық еңбек «Ә.Кекілбаев энциклопедиясының» бірінші томын жарыққа шығарды. Бірінші томды оқығандар пікірі жақсы. Мазмұнына да, қазіргі заманның баспа мәдениетінің жоғары талабына сай келетін көркемделуіне әбден риза. «Қазақ әдебиеті» газетінің 6 маусымдағы санында «Кекілбаевтың әдеби кеңістігі» деген тақырыппен қос беттік материал жариялады. Онда Парламент Сенатының депутаты Сауытбек Әбдрахмановтың, әдебиетанушы ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасовтың, ф.ғ.д. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлының пікірлері топ тастырылған. «Егемен Қазақстанның» осы жылғы 1 қарашадағы санында белгілі журналист-жазушы Сүлеймен Мәметтің газеттің бір бетіне жуық «Кемел қаламгер келбеті» деген мақаласы жарияланды. Онда ұжымдық еңбекке жоғары баға беріліп, «Кекілбаев шығармашылығының бүкіл болмысының осы кітаптан табылатындығы» айтылады және «Әбіш Кекілбаев энциклопедиясының» өзіндік өрнегін кеңінен сөз етеді.
Біздің бұған қосарымыз: «Арыс» баспасының директоры, басылымның жауапты редакторы, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің осы ұжымдық еңбекке аса ұқыптылық әрі жоғары жауапкершілік ұстаныммен келіп және шынайы шығармашылық ынта-жігермен қарағаны тайға таңба басқандай көрінеді.
Кітаптың алғы сөзінде айтылғанындай, «Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық лабораториясының қырсырын ашуға тырысып, көпке жұмбақ болып келген жазушының феномендік қасиетін айқындай түссек деген» мақсаттың ойдағыдай шығуына қарлығаштың қанатындай су сепкеніміз бар.
Әбіш әлемдік прозада өз орнын тапты, оның екінің бірінің қолы жете бермейтін биігіне өз туын бекітті. Сол ту мен мұндалап, мәңгілікке желбіреп, бар қазақты қуанта бергейдағы.
Лебен СӘДУАҚАСҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН