©
Аят Сүгірбай 2004 жылдан жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Содан бері кәсіпкерлік саласында тер төгіп келе жатқан жерлесіміз республика бойынша алғаш рет 2005 жылы «Жас кәсіпкерлер қауымдастығын» құрып, 2006 жылы республикадағы ең жас кәсіпкер атанды. 2011 жылдан бастап ACS коммерциялық бағыттағы құрылыс нысандарын салумен және халыққа қызмет көрсетумен (көлік жуу кешені, құрамында монша, жүзу бассейні, тренажерлік зал, үзу-сылау бөлмелері қарастырылған сауықтыру кешені, қоғамдық тамақтану нүктелері т.б.) айналысатын мекеме құрды. Соның арқасында «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер – 2016» атанды. Қазіргі таңда Аят Сүгірбай басқаратын ACS жекеменшік мекемесі 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңге, оған қосымша қызметкерлерге тегін әлеуметтік пакет қарастырылған. 1982 жылы Құрықта туған Аяттың отбасында 6 баласы бар. Келіншегі бала күтімінен бос кезде өз мекемесінде есепшілікпен айналысады. «Жас кәсіпкерге үкімет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?» деген сұрағыма Аят: «Күнделікті жаңалықтарды заңды оқып, танысып жүретін жас кәсіпкерлерге үкімет тарапынан қолдау көп. Бұдан бірнеше жыл бұрын біз «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен жұмыс жасадық. Жұмысқа қабылданған қызметкер жалақысының 25 мыңын 12 ай бойы үкімет төлейтін. Мысалы, 80 мыңның 25-ін үкімет төлейді, қалғанын өз қалтамыздан төлейтінбіз. Ол да кәсібін жаңадан ашып жатқан жастарға көп қолдау болды. Негізгі міндеті – шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жан-жақты қолдау көрсету, ұсақ қаржыландыру ұйымдарына қаржылай, консалтингтік қызмет көрсету болып табылатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» тізіміне кірмегенмен, 2дәрежелі банктен 14%-бен несие алып, өз күшімізбен аяққа тұрып кеттік. Бір жақсысы алатын ақша мөлшеріне шек қойылмайды, бірақ әрине, «алмақтың да салмағы барды» білгесін, біз бизнес қажеттілігін өтейтін соманы ғана аламыз. Аз ғана қаржымызды айналымға салып, өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Болашақта жүзеге асырамыз ба деп жүрген жоспарымыз бар, соны мүмкіндігінше «Даму» арқылы өткізгіміз келеді. Қазір біздің мекеме құрылыспен айналысып, өндірістік аймақта оттегі цехының ғимаратын салып жатыр. Ол жарылғыш қаупі бар нысан саналады. Соған орай, біздің 1-дәрежелі лицензиямыз бар. Белсенділік болса, кәсіпкерлікте жұмыс жасауға әбден болады» деп жауап берді. Аят басқаратын мекеме өз қорынан қоғамдағы жоқ-жітік жандарға демеушілік көмек көрсетіп тұрады. Осыдан 3-4 жыл бұрын Баяндыға көрші мемлекеттен атамекенге оралған баспанасыз азаматқа 4-5 жігітпен бірігіп асарласып тегін үй салып берген кәсіпкер реті келген жерде қайырымдылық көрсетуден бас тартқан емес. «Менің кәсіпкерліктегі принципім – «Заманың түлкі болса, тазы боп шал!» дейтін Аят «Ойбай, мына заман не боп кетті, енді не істеймін?» деп уайым айтып, қарекетсіз қалуды жөн санамайды. Ол қоғамдағы өзгеріске бейімделіп, жүйесін тауып жұмыс істеу керек деген пікірді ұстанатындар қатарынан. Ата-әжесінің тәлімтәрбиесін алған Аят: «Атамыз әуелі өз қамыңды ойла, сосын елдің қамын ойла!» деп отыратын. Үлкендердің сондай ақыл-кеңесін жастайымыздан құлағымызға құйып өскенбіз сол ұстанымды басшылыққа алып, өмір сүріп келеміз», – дейді. Жеке кәсіпкерлерден қайырымдылық көмек сұрайтын орындар көп. Жас кәсіпкер зағиптар қоғамы, ардагерлер қоғамы болсын көмек сұрағандардың бәріне қол ұшын беруге тырысады. Бір кезде жұмысы Өзенде болып, сонда жыл сайын жетім балаларға арналған жаңажылдық шыршаға сыйлықтар алып беру мойнында болды. Ақтаудың балалар үйлеріне тал егу жұмыстарына қайырымдылық жасады. 2007-2008 жылдары қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған кезде Аяттың бала асырап алушы отбасыларды қолдау мақсатында өткізілген акцияға атсалысып, концерт ұйымдастырып, сыйлық жасауға қол ұшын бергені бар. Ол кезде республика бойынша ең жас кәсіпкер саналған Аят Сүгірбай бірекі жылдай «Жас Отан», «Нұр Отанда» жұмыс істеді. Өкініштісі осы шара кейін жалғасын таппады. «Қарамағында 18 бала қалған жетім балалар үйін жабу керек» деген оймен көптеген кәсіпкерлер қолдау бергенмен қайырымдылық акциясы кейін тоқтап қалды. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, өз тентегін өзі түзеп алатын халық едік, қазір бәрі бөтен идеология тәрбиесінің ықпалымен теріс айналып кетті» деп өкінеді ол. «Қазір «Атамекен» ұйымы бар, «Даму» бар цифрландырудың рақатын көріп жатырмыз. Кабинетте отырып, барлық есеп-қисап шаруасын бітіріп тастауға болады. Уақытың үнемделеді, бірақ жастардың иелігінде даяр жобасын жүзеге асыру үшін несие алуда кепілдікке қоятын құнды зат жоқ. Сондықтан облыс көлемінде бір қор құрылып, сол қорға жер байлығын пайдаланушылар көмегімен, жеке тұлғалар демеушілігімен қаражат құйылса жақсы болар еді. Ол қор кәсібін бастаймын деген жастарға белгілі бір мөлшерге дейін ақша беріп, көмектессе» деген идеяны айтып жүргеніне біраз болды. Қай жылдары екі студент қыз бала биенің сүтінен сабын жасап өндірудің жобасын көрсетті, бірақ олардың бастаған ісін әрі қарай дамытып әкететін ақшасы болмады. Ондай жобаларды қаржыландыру үшін пайызсыз несие беруді жолға қою керек. Осы идеяны Елбасы жақында жастармен өткен кездесу кезінде айтты. Бұл – батыс мемлекеттерінің кәсіпкерлікті өркендету жолындағы іс-тәжірибесінде бұрыннан бар жол. Ірі компаниялардың, қаржысы бар жеке азаматтардың қаражаты мен ортақ қор құрып, жастардың бизнесін қолдауға мүмкіндік жасап отырады. Сондай фонд болса, жастардың кәсіпкерлігі аяққа тұрып кетуіне үлкен қолдау болар еді. «Жастарды қаржыландыруға қолдау көрсетеміз деп құлшынып тұрған шетел компаниялары жеткілікті, бірақ олардың көздеген жымысқы ойлары бар. Оның астарына тереңірек үңілмесең, құйтырқы саясаттың айламен құрған торына шырмалып қалуың қиын емес. Жастардың санасын улап, бір қолымен ақша беріп, екінші қолымен өздеріне тәуелді қылып жіпсіз байлап қояды. Олар әсіресе, жастардың ұйымын қолдауға құлықты», – дейді жас кәсіпкер. Руханиятқа қатысты іске көмек беруді өз алдына мақсат қойып, қыз балалардың көмегімен бесіктің қасиеті туралы кітапшасын даярлап жатқанын айтқан Аят қазіргі балалардың білімді игергенмен, тәрбиенің осалдығынан мінез-құлықтары агрессияға бейім болып, менталитетіміздің өзгеріске ұшырап бара жатқанын байқайтынын жасырмады. «Соған ұлттық тәрбиенің жәрдемі болар ма екен деп, өзім ғаламтордан мәліметтер жинақтап, кітапшаның 1000 данасына тапсырыс беріп қойдық. Оны «Ана мен бала үйіне» таратпақ ойымыз бар. Әл-Фараби айтатын «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген заманға келіп жеттік», – дейді ол. Сөйтіп, бесіктің жасауын жасайтын қыздарға әдістемелік құралдарды жинап қолына ұстатқанын, бесікке жатқан баланың психоневрологиялық ауруларға ұшырамайтынын айтып өткен жас кәсіпкер «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» айтты. «Жат ағымның ықпалына еріп, жат тәрбиемен өскен ұрпақтың ашуланшақ, суицидке бейім болуы неліктен? Атам қазақ тәрбие тал бесіктен – жер бесікке дейін деп бекер айтпаған. Бесік киелі! Оны қазақ ешқашан далаға тастамаған. Бізге өмір сүру қағидаттары генетика заңдылығымен қан арқылы беріледі. Байқасаңыз, балабақшада ешқандай стандарт жоқ. Жас ұрпаққа ұлттық менталитетке сай келмейтін тәрбие беріліп, әркім өз білгенін оқытып, үйретіп жатыр. Балаларға патриоттық тәрбие мүлде берілмейді десе де болады, ал ұлттық тәрбие тіпті жоқтың қасы» деп сыр ақтарды сұхбаттасым. «Болашағы бар кәсіпкерсің, алдағы уақытта байып кетсең, руханиятқа қандай үлес қосар едің?» деген сұрағыма ол ойланбастан: «Мен артыма кітапхана тастап кеткім келеді», – деп жауап берді. «Бүкіл жиған-тергенімнің балашағадан артылғанын халыққа тастап кетсем деп ойлаймын. Менің үлкен арманым – түркі, шығыс әлемінің жазба жәдігерлік мұралары жинақталған мәдени орталық ашу. Бұл – менің ұлы мұратым. Менің елге қызмет еткім келеді. Өзімнің рухани орталық жобамды да жасап қойдым, үлкен кісілерге көрсеттім. Алла нәсіп етсе, мен сол орталықты жасаймын. Біздің осы күнге, тәуелсіздікке, ұлттық кейіпте жетуіміз – сол руханиятымыздың арқасы. Кітап оқығанды жақсы көремін. Кітап дүкеніне барсаң, кіп-кішкентай жерде ғана қазақ тіліндегі кітаптар сатылады. Меніңше, әр қазақ кәсіпкері артына бір рухани мұра тастап кетуі керек. Мәдениетті бізге Еуропа неге үйретеді, қайта олар бізден үйренсін! Біздің Ұлы даламыздың 7 емес, 777 қыры бар десем артық айтқандық емес. Соның арқасында біз ұлтымызды таза қалпында сақтап қалдық. Ертеде жаудан оралған әскердің алдынан шыққан аналар, баласының жау қолынан қаза тапқанын естігенде, «Баламның басы қайда қарап өлді?» деп сұрайды екен, «Жауға қарап мерт болды» десе, «Тәуба! Балам елін қорғап өліпті» дейді екен. Бұрынғы қазақтың аналары ұлды ел үшін туатын, қазіргі келіншектер өзі үшін туады. «Ойбай, балам аман болсын, әскерге бармасын!» дейді. Сосын патриоттық тәрбие қайдан болсын? «Баламды өзім үшін тудым дейді. Ел үшін тудым» демейді. Сосын ол бала елді қайдан ойлайды? Бай ақшасымен емес, жүрегімен бай болуы керек. Ертеде бір ауылды асыраған Қожаназар секілді жомарт жүректі байлар болғанын білеміз. Ал бүгінгі өзінің отбасында беделі жоқ, әйелінің сөзімен жүретін, қайырымсыз байдан елге не пайда? Дегенмен бәрін бірдей қаралауға болмайды. Біздің кәсіпкерлердің арасында жоқ-жітікке қарайласып, көмек беріп, қатарға қосып жіберген жомарт, қайырымды адамдар көп. «Жетім көрсең, жебей жүр» дегендей, жомарт жүректі кәсіпкерлер ел ішінде бар. Кәсіпкер болып, отбасыңнан бөлек бір қазақтың маңдайынан сипап кетпесең, өмірің босқа өткенмен бірдей есеп. Кеше 6 депутат келіп, жастармен кездесті. Мен: «Бәрі тамаша! Елбасы «Жастар жылын» жариялады. Енді бізге бір дүние керек болып тұр. Қазіргі жастардың санасына қорған керек. Жат діннің ағымына ерген жастар ата-анасына кәпірсің деп ұрсатын күйге жетті. Бір қыз сәукеле киіп алып тыржалаңаш мазақ болып жүр. Бізге жастардың санасын қорғайтын заң керек. Табыстан гөрі, намысты алға қою керек. Қазақтың болашағы – қыздың етегінде, ұлдың намысында! Тәрбиенің кемдігінен кәмелетке толмаған қыз бала тауып, далаға тастап кетіп жатыр, ұл жат ағымға еріп, балағын қысқартып, сақал қойып жүр. Қазір ауылдағы қазақтар көршісімен араласпайды, үй арасына тастан шарбақ қалап алған. Бір-бірінің есігін ашпайды. Бұрын ауылда бір жігіт арақ ішсе, бүкіл ауыл болып ұрсып, қойдыратын. Көршісі ерте тұрып от жақпаса, «Мына үйден түтін шықпайды, әй, бұларға не болды?» деп жүгіріп келіп, жағдайын білетін. «Мемлекетке қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөз бар ғой, қорытып айтсам, мен 20% қоғамдық, 80% кәсіпкерлік жұмыспен айналысам» деп сөзін аяқтады Аят. Мен «Аят секілді ақылды, ұлтжанды кәсіпкерлер тұрғанда қазақ өркениет көшінен қалмайды екен» деп тұжырым жасадым.Үміт ЖӘЛЕКЕ