Қамқорлық пен қайырымдылық – адам баласының бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Осы ізгі қасиеттерді дамыту мен жетілдіру білім мен ақылдың ұштасуы арқылы жүзеге асады. Біз үлкендерден сабақ алып, соларға қарап бой түзейміз. Алайда бүгінгі күннің жастары аға буынның мойнына артылған жүкті өздері көтеріп, айтқызбай-ақ көңілге қонымды істер мен жақсылық жасаудан жалыққан емес. Осындай жастарды көргенде оларға еріксіз сүйсінесің. Солардың бірі, ауданымыздың белсенді жастарының бірі Серік Қосайдың ұйымдастыруымен бүгін аудандық мәдениет үйінде «Сөнбесін үміт сәулесі» атты қайырымдылық концерті өтті. Мерекелік шарада алғаш сөз сөйлеген жас ақын әрі кеш жүргізушісі Жомарт Оразов жақсылықпен басталып жатқан қайырымдылық көмекке ізгі ниетін білдіріп, алдағы уақытта да ел мүддесі үшін жасалып жатқан игі істердің жалғасын таба беретіндігіне сенім білдіріп, жиналғандарға үлкен алғысын білдірді. Сондай-ақ кештің жоғары деңгейде өтуіне ат салысты. Бір айта кетерлік жайт, концерттен түскен қаражат қайырымдылық қорына тапсырылып, ауылымыздағы мүмкіндігі шектеулі немесе қолдаушысы жоқ жетім балаларға үлестіріледі. Залда ине шаншыр жер жоқ, келуші көрермен көп болды. Іс-шара өте қызықты әрі әсерлі өтті. Өнерпаздар үлкен даярлықпен келгендерін көрсетіп, әсем әннен шашу шашып, мұң құбыла би биледі. Қайырымдылық шараның бір ерекшелігі мұнда ауданымыздағы «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің» тәрбиеленушілері де өнер көрсетіп, өнерге деген қабілеттерін байқатты. Әрбір жаңа істің басында жастар жүреді. «Асыл тастан, ақыл жастан», - деп дана халқымыз бекер айтпаған. Келешектің кепілі- бүгінгі жастар, жастар қашанда ізгі іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Оған бүгінгі өтіп отырған жастардың шарапатты шарасы куә. Ата-бабамыздан аманат болып қалған ұлылық бүгінде жастарымыздың арқасында жалғасын тауып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілуде. Жүректің жұмсақтығы мен жанашырлықты қатар алып жүрген адам ғана қайырымдылық пен айналыса алады. Осындай жақсылықтың шарапатын төгіп, қамқорлық көрсеткен көзі ашық, көкірегі ояу ауданымыздың өнерлі жастарының қатары көп болсын!
Фариза ХАЙДАРОВА