Қарақия ауданына қарасты ауылдардың әкімі есеп берді
[ 2019 ] 14 ақпан, 10:13 | Қоғам
Қарақия ауданына қарасты Сенек, Бостан, Құланды, Болашақ, Мұнайшы және Жетібай ауылдарының әкімдері халық алдында есеп берді. Халықтың аудан және ауыл басшыларына қойған сұрақтары мен берілген жауапты назарларыңызға ұсынамыз.
Сенек ауылы
Қарақия ауданы бойынша барлық сатылы әкімдердің халық алдында есеп беру жиыны 29 қаңтар күні Сенектен басталды. Аудан әкімі Қ.Беков пен Сенек ауылы әкімі Б.Еркегуловтың 2018 жылы атқарылған жұмыстары және алға қойған міндеттері туралы ауыл тұрғындарымен кездесуіне ауыл тұрғындарынан басқа аудандық бөлім басшылары мен облыстық өкілдер қатысты.
Кездесу барысында тұрғындардан Сенек-Қызылсай автожолының 14 шақырымын ағымдағы жөндеу, ауылдағы интернет күшінің төмен екендігі жөнінде сұрақтар қойылды.
- Сенек-Қызылсай автожолын 14 шақырым жолын ағымдағы жөндеуден өткізуге смета жасақталды, қорытынды алынды және қаржыландыруға республикалық бюджетке құжаттары ұсынылды, - деп жауап берді аудан әкімі. Алдағы уақытта интернет күшейтіледі. Кең жолақты интернет өткізу бойынша «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді ауыл атқамінерлері.
Бостан ауылы
Қарақия ауданы әкімі және Бостан ауылы әкімінің есептік кездесуі де 29 қаңтар күні түстен кейін Бостандағы мәдениет үйінде өтті. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы жүргізіп, ауыл әкімі Ш.Асанов пен аудан әкімі Қ.Беков 2018 жылғы әлеуметтік және экономикалық даму барысының қорытындысымен таныстырып, алға қойған мақсаттарын саралады. Бұдан соң ауыл тұрғындарының сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
Ауыл тұрғыны Бегалы Озғанбаев ауылға спорт кешені салынса және балабақшадағы балалардың қабылдау және тарату мерзімі ұзартылса деген ұсыныс қойды. Ал Гүлмира Байғанаева:
- Ауылдағы азық-түлік дүкенінде неге чек берілмейді? - десе, Байыт Аленов ауылдық амбулаторияда түнгі жедел жәрдем қызметі болса деген тілегін жеткізді.
Ауыл тұрғындары, сондай-ақ ауыл ішінің кейбір көшесіне қатқыл табанды жол салынса деген тілеген білдіре келе, ауыл және аудан әкімі атқарған істеріне қанағаттанарлық оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Ал тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап беріліп, хаттамаға алынды.
Құланды ауылы
Дәл сол күні есептік кездесу Құланды ауылында жалғасты. Аудан және облыс активінен келген құрам және Құланды ауылының тұрғындарының қатысуымен өткен жиында Құланды ауылының әкімі Санат Төкеновтің және аудан әкімі Қ.Бековтің есептік баяндамасы тыңдалды. Баяндамаға қатысты пікір айтылып, тұрғындар көкейіндегі сауалын қойды. Ауыл тұрғыны Балораз Айтешов, ауылдағы жедел жәрдем көлігінің шақыртуға уақытылы келмейтінін, кейде бұзылып жататындығын айтқанда аудандық аурухана басшысы Жамал Шоланова жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алу туралы ұсыныс бюджетке кірістірілгенін, алдағы уақытта кезең-кезеңімен көлік берілетіндігін айтты. Сондай-ақ бұзылған көлікке арнайы бөлшектерін де сатып алып бергенін жеткізді. Ал Төреғали Табжанов өзінің тұрып жатқан үйінің және басқа да үйлердің газ құбырлары осыдан 25 жыл бұрын тартылған темір құбырлар екендігін және ол ескіріп жарылып кете ме деп алаңдайтындарын айтты. Бұған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесінің Жаңаөзен қалалық бөлімінің қызметкері Мұхтар Абуллаев: «Бұл мәселе бойынша ауыл әкімінен сұраныс хат келіп түскен, бұйырса, жаз айларына қарай газ құбырларын ауыстырамыз» дегенді айтты. Сайлаубай Ұйқасбаев атты тұрғынның биылғы жылдың Жастар жылы болуына байланысты ауылда мәдениет үйі салынса деген тілегіне аудан әкімі Қ.Беков:
- Мәдениет үйін салу үшін қолда бар мүмкіндікті қарастыру керек. Мәселен, ауылдағы ескі мектеп ғимаратын сауда-саттыққа салып, ауыл кәсіпкерлері арасынан тиімді ұсыныстар түсіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында талапқа сай мәдениет үйін салып бере алатын болса, біз қолдаймыз. Сондықтан бұл мәселені кәсіпкерлер жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді.
Ауыл ардагерлері сөз кезегін алып, ауыл мен аудан әкімінің 2018 жылы атқарған істеріне қанағаттанарлық оң бағасын беріліп, жиында ұсынылған пікірлер мен ұсыныстар хаттамаға тіркелді.
Болашақ ауылы
30 қаңтар күні Болашақ стансасындағы АБК залда жыл сайынғы есептік кездесу өтті. Облыстық өкілдер мен аудан ауыл активі және ауыл тұрғындары қатысқан жиында аудан басшысы және Болашақ ауылдық округі әкімі Т.Сагыевтің есептік баяндамасы тыңдалған соң тұрғындардың сұрағына жауап беріліп, ұсыныстар назарға алынды.
«Теміржол-су Маңғыстау» ЖШС-нің Болашақ стансасының телім басшысы Ж.Канатовтың, бюджеттік сала қызметкерлеріне салынып жатқан үйлерге қосымша суға лимитін қостыру туралы сұрағына Қарақия ауданы әкімі Қ.Беков:
- Бюджеттік сала қызметкерлеріне қосымша лимит қостыруға мүмкіндіктерін қарастырамыз. «Маңғыстау теміржол-су» ЖШС судың тарифін қорғауы тиіс, - деді.
Болашақ ауылы тұрғыны К.Динасиловтің:
- Жаңаөзен қаласынан азық-түлік тауарларымызды жолаушылар тасымалы пойызында адамдар лық толы болған кезде қиындық туғызады, соның үшін тауар тасымалдайтын вагон болса, - деген сауалына, «ҚТЖ» ҰК» Маңғыстау жол дистанциясының бас инженері Н.Кисаев: -
- Тауар тасымалдайтын вагонға алдын ала сұраныс берсе, ешқандай кедергі жоқ, - деп сұраныс беруге болатындығын айтты.
Болашақ теміржол өрт сөндіру бөлімшесінің басшысы Б.Битиков:
- Елді мекенге тартылған газ құбырларына тексеріс жүргізіп берсе. Себебі көше бойындағы үйлерге тартылған газ құбырларынан газдың иісі шығады. Екі жыл қатарынан 2014, 2015 жылы сәуір айларында газ бойынша тіркелген жәйттер себеп. Осылардың алдын алса деген ұсынысым бар, - десе, Болашақ ауылдық округі әкімі Т.Сагыев өз жауабында:
- Елді мекендегі тартылған газ құбырларына тексеріс жүргізілетін болады. Елді мекенге тартылған газ құбырларының баланс ұстаушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Маңғыстау жол дистанциясы мекемесімен тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіледі.
Сондай-ақ тұрғындар аудан және ауыл әкімдерінің 2018 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысына қанағаттанарлық оң бағасын берді.
Мұнайшы ауылы
Ақпанның алғашқы күні Мұнайшыда өткен есептік кездесуде ауыл әкімі Б.Бекмурзаевтың және аудан әкімінің есебі тыңдалғаннан кейін тұрғындардың сұрағына жауап берілді.
Ауыл тұрғыны Қуанышбек Сағындықов:
- Жеке кәсіпкер мен шаруа қожалығының айырмашылығы неде? Ол үшін үкіметке бірдеме (ақша) төлей ме?
- №5 орта мектебіне оқушыларды тасымалдауға «ГАЗел» автокөлігі қарастырыла ма? Мұнайшы ауылына кіре беріс жерде «Қош келдіңіздер!» деген тақтайша орнатылса (ауылдың екі жағынан да). Сондай-ақ ауыл ішіндегі әр шағын ауданға балаларға ойын алаңдары орнатылса, жаңа босанған әйел ақшалай біржолғы көмекке тапсыру үшін 20 санды нөмірін алуға банкке, ЦОН-ға құжат тапсыруға өзі бару міндетті ме? Оның орнына басқа адам барса немесе басқадай оңай тәсілі бола ма? - деп сұрады Мәжит Алпысбаев.
Сондай-ақ Самат Исмағұлов ауыл жастарына дайындық жасауға футбол ойнайтын зал керек екендігін айтса, Ж.Аманшаева онкологиялық аурумен ауыратын баласына көмек сұрады. Г.Жетимекова Ақбөбек шағын ауданында орналасқан 4 қабатты көппәтерлі үйдің кәріз құдықтары толып, жертөлені су алып, жағымсыз иіс таралып жатқандықтан бұған жауапты адамның кім екенін сұрады. Бұл қойылған сұрақтар бойынша қатысты мамандар мен ауыл, аудан басшылығы тарапынан нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ ауыл ардагері Хамит Сұлтанов әкімдердің атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық оң баға бере отырып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында жастарға үлгі етер ұсыныстарын айтты.
Жетібай ауылы
Бұдан соң аудан, ауыл активі мен тұрғындары облыстық басқарма өкілдері Жетібай ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл әкімі Қ.Асанов пен аудан басшысының есебі тыңдалған соң кезек сұрақ-жауап және ұсыныстарға берілді. Жетібай ауылының тұрғыны Ж.Майлыбаев тұрмыстық газдың тарифтік бағасын түсірсе және ауылда қаңғыбас ит көп, соны атып, жойдырса деген тілегін айтты. Г.Асанова Мұнайшы-2 шағын ауданында тұрғын үйлерге берілетін электр энергиясының қуаты соңғы көшеде төмен екендігін айтса, А.Исатаев атты тұрғын ауылдағы Астана шағын ауданына орталықтандырылған су құбыры қашан тартылатындығын сұрады. Ал жазушы Мырзатай Болат тұрғын үй салу үшін жер телімі қашан берілетіндігін сұраса, В.Атаджанова ауылішілік асфальт жолдары жөнделсе екен деген тілегін айтты. Бұл сауалдар бойынша ауыл және аудан әкімдері тиісті жауабын беріп, оның мүмкіндігінше орындалу барысын түсіндірді. Зейнеткер ұстаз Несібелі Челеева сөз кезегін алып, барлық сатылы әкімдердің жұмыс қорытындысына оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шынар КЕНДІН
1218
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.