Ауған жерінен кеңес әскерлерін шығарғалы да отыз жыл болыпты. Соғыста от кешкен батырлардың ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында Құрықта патриоттық шара өтті. Оның үстіне ауған соғысының «Қызыл жұлдыз» иегері, жауынгер-интернационалист Сәлімжан Әлиев Құрықтағы бірінші мектептің түлегі болатын. Мектепте батырдың жеке мұражай-кабинеті де бар. Әскери дайындық пәнінің аға оқытушысы Сәуірбай Өтеевтің бастамасын қолдаған мектеп директоры О.Шәтенов ұстаздар мен оқушылар Ауған соғысының бір топ ардагерімен кездесті. Кездесу кешіне Ауған соғысының ардагерлерінен басқа аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Нұржан Жұбаназаров және мектеп ұжымы қатысты. Басқосуда ардагерлер Отан қорғаудың маңыздылығын, әскер қатарынан қалмаудың абыройын айта келе С.Әлиевтің ерлігін еске алды. Ал мектептің оқушылары мен ұстаздары жалынды жыр оқып, әсем әндер шырқады. Отан, ел қорғау туралы слайдтар көрсетті. Ардагер ағаларын әскери әуен ырғағында биге шақырды. Бұдан соң ардагерлер С.Әлиевтің мұражай-кабинетін тамашалады. Батыр рухына құран бағыштады. Мектеп директоры алдағы уақытта мектеп ауласында батырдың ескерткішін орнатып, жан-жағын абаттандырып, субұрқақ орнатпақшы екен. - Бұл жоба іске асса, жасөспірімдердің рухы көтеріліп, батырдың да даңқы артар еді,- дейді ардагерлер.
Аршын КЕРЕЙ