©
Ана мен бала. Бұл ұғым адамның жан-дүниесіне ерекше сезім ұялатары анық. Өйткені жер бетіндегі барлық тірі жан иесі ананың құрсағынан бастау алады емес пе? Ал бауыр етің балаң – өміріңнің жалғасы, ізіңді жалғар ұрпағың. Кейде осы қасиетті ұғымдар аяққа тапталып, қадірі қалмайтын кездері де болады. Соның салдарынан елімізде соңғы кездері тастанды, жетім бала, жалғызбасты, көкек аналар көбейіп кетті. Ақпарат құралдарынан, тіпті әлеуметтік желіден де қоқыстың арасынан немесе әжетханадан жаңа туылған сәбилердің денесін тауып алу да үйреншікті жағдайға айналды. Қазіргі таңда статистикалық мәлімет бойынша тастанды, жетім балалардың ең төменгі көрсеткіші Маңғыстау облысына бұйырғанымен, бұл – қуанарлық жағдай емес. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» қазақ халқына бұл – өте ауырсын. Елімізде қаншама тасбауыр жан болғанымен, қайырымды жандар да жоқ емес. Осы қоғамның ауыр дертін жою мақсатында бір кісідей атсалысып жүрген кәсіпкер ағалар жетерлік. Олай дейтін себебіміз, сол кәсіпкер ағаларымыздың қолдауымен 2013 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры алғаш Астана қаласында бой көтерген болатын. Содан бері бұл қор өзге өңірлерде де ашылып, өз жұмысын жалғастырып келеді. «Ана үйі» қоғамдық қорының мақсаты – елімізде жетім балалар мен жесір аналарға көмек қолын созып, қамқорлық танытып, мүмкін болса санын азайту. Басына түскен тағдырдың ауыртпалығын жалғыз өзі арқалауға тура келген жас аналардың қолтығынан демеп, болашақтың бақытты шақтарына жол сілтеу, қамқорлық жасау. Әрине, ол жастардың жаңылысып, отбасын құрмай жатып қате қадамға баруын қолдау деген сөз емес. Десе де, сынға түскен тағдырдың жесірін жасытпай, құлаған құзына төмен қарай құлдыратпай, жарық өмірдің жарқын күндеріне кері қайтару деп түсінгеніміз дұрыс болар. Иә, 2013 жылдан бері бой көтерген «Ана үйі» біздің облысымызға қашан келді? Біздегі қоғамға қандай көмек көрсетіп жатыр? «Ана үйіне» бас сұққандардың тағдырлары не дейді? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғайтын боламыз. Ақтау қаласында 2015 жылы ашылған «Ана үйі» орталығында бүгінгі күнге дейін 75 ана нәрестелерімен паналаған. Ал қазіргі таңда осындағы мамандардың қамқорлығында 8 ана бар. «Ана үйінде» паналауға алғашқы кездері 1 жыл берілсе, қазіргі күні 6 айға қысқарған. Мұның өзі адамның ес жиып, алға ұмтылып, жан-жағына қарап, өз-өзін ретке келтіруге жеткілікті дейді мамандар. Ал 18-ге толмаған аналарды кәмелеттік жасқа жеткенге дейін қалдыруға рұқсат берілген. «Сәбилер аяулы анасының ақ сүтін еміп, әкелер өз ұрпағын бауырына басудан қашпаса екен. Тастанды бала азайып, қоғамның ауыр дерті жазылса екен. Бұл жалғыз менің ғана тілегім емес, бүкіл адамзат баласының тілегі деп білемін. Сол үшін де тағдырдың тауқыметі бастарына түскен, қателіктің құрбаны болған азаматшаларға қолдау көрсетіп, жарық дүниеге келетін елдің ертеңгі ұрпақтарының жетім болмауы үшін «Ана үйі» қоғамдық қоры еліміздің әр қаласында осы күнге дейін қызмет етіп келеді. Біздің қоғамда осындай жағдайға ұшыраған жандарды жаман жолға түскендер деп ойлайды, бірақ олай емес, олардың өз тағдырлары бар», – дейді Маңғыстау облысындағы «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Алтын Жоламанқызы. Расында «Ана үйі» әртүрлі тағдырдың тоғысқан мекені десек артық емес шығар. Сондай жандардың бірі – Жапырақ. Кәмелеттік жасқа толып үлгермеген қаршадай қызды туысым деп сенген адамы жаңа пәтерін көрсетемін деп шақырып алып, опасыздық жасаған. Осылайша жауыздықтың құрбаны болған бойжеткеннің құрсағына жан бітіп, өмірінің басқа парақтары ашыла бастайды. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, сан түрлі соқпаққа соғылған ол ойламаған жерден Ақтаудағы «Ана үйіне» тап болып, сәбиін өмірге әкеледі. Қазір 5 айлық ұлын бауырына басқан жас ана қайырымды жандардың қамқорлығында. – Мен осы «Ана үйінің» бар болғанына қуанамын. Осындағы апайлардың көмегімен тамақ жасауды да, бала қарауды да тазалықтан бастап бәрін әбден үйреніп алдым. Психолог апаймен күнде сөйлесемін. Баламды жақсы көремін, – деген Жапырақтың болашағынан күтер үміті зор. Кеше ғана «Жастар жылының» ашылу салтанатында Елбасы Н.Назарбаевтың өзі жас отбасылар мәселесіне көңіл бөлуді тапсырып, мектеп қабырғасында жоғары сынып оқушыларына отбасылық құндылықтарды үйретуді ұсынған еді. «Жастарды отбасылық өмірдің жаңа әлеуметтік рөлдеріне дайындау керек. Мұны орта мектептің жоғары сыныптарында бастаған жөн. Бүкіл әлемде қалай тұрмысқа шығуды, отбасын құруды, өзін қалай ұстау керектігін үйретеді. Ал біз әлі ұялып жүрміз. Аналар институтын қолдаумен бірге, әкелер институтын да дамыту керек. Жас бозбалалардың бойына жауапкершілік сезімін дарытқан дұрыс. Бұл оңай шаруа емес. Бәріміз жас болдық. Махаббат құмарлықтан басталады. Бірақ махаббат дегеніміз – бір-біріне деген қамқорлық. Екі адамның махаббатынан бала дүниеге келеді. Адамды бар болмысымен қабылдап, еркіндік беру – үлкен даналық», – деген болатын Елбасы. Сонымен қатар ол қазіргі жас отбасылардың жағдайына да алаңдап, қоғамның барлық белсенді топтарына үлкен жауапкершілік артып, тапсырма берген болатын. Осылайша «Жастар жылында» жас отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырып отыр. «Бәрін алаңдатып отырған мәселе – жас шаңырақтардың күйреуі. Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасты, оның ширек бөлігі некенің алғашқы жылындаақ екі жаққам кеткен. Неге бұлай болғанын зерттеу керек. Әрине, келіспеушілік, қаржының жетіспеушілігі, баспананың болмауы, ата-анамен бірге тұру жағдайлары бар. Қоғам белсенділері, ғалымдар, БАҚ отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек. Отбасын құру – өте жауапты мәселе», – деді Президент. Ендеше қоғамның ауыр дертін емдеу сіз бен біздің біріккен жұмысымыздың жемісі болмақ!Шалқар АБЫЛОВА