Ауылдың қара баласы болатын. Өзге қарадомалақтар сияқты ол да қозы-лағын өріске беттететін. Сөмкесін артынып мектепке баратын. Шетпенің жанындағы Маңғыстау геолог-бұрғышылар экспедициясының қыз-қыз қайнаған тірлігі де өзгеше еді. Әкесі Әбуғали білдей механик. Таңертең бір көлік, түсте бір көлік мінеді. Небір алып техникалар үй жанында тізіліп тұрғаны.
Жүздері күнге тотыққан, киімдеріне май сіңген мұнайшылар жата-жастанып, жиі қонақ болып кететіні де есінде. Қол бұлғап арта қалған сол бір уақыттың көріністерін ойға оралтып, көк дөнен көңілді еркіне жіберсе біраз әңгіме айтуға болар еді. Тобықтай түйінге тоқталса, дәу көліктерге қызығып, качалкаларға таңдана жүріп мектеп бітірген қатарластарының көбі мұнайшылық кәсіпке ыңғай танытқанда дәрігерлікке таңдау жасады. Үш ұлы, үш қызы бар, жағасы жайлау әке-шеше «алысты қайтесің» демеді, ерікті өзіне берді. Алматының медициналық институтына 1984 жылы қиналмай түскен. Бір жылдан кейін әскерге алып кетті. Одессада алты ай оқытты. Семейге жіберді сосын. Баллистикалық ракетаның қыр-сырын үйреткен екі жыл да өте шықты. Оқуын қайта жалғастырды. Бітірген соң интернатурада тәжірибесін шыңдады.
- 1993 жылы Шетпеге жіберді. «Сол ауылдансың, тәжірибе жина» деді басшылық. Хирург болып еңбек жолымды бастадым. Хирург Алдаберген Дүйсенбаев ағамыздан көп нәрсе үйрендім. Қиын жағдайда жұмыс жасадық, - дейді өткенді еске алып.
Тоқсаныншы жылдардағы тапшылық аурухананы да айналып өтпеді. Волейбол торын тауып алып, жібек жібін тарқатып, жуып, ота тігуге пайдаланған кездер де болды. Дәрі, шприц жетіспейді. Анестезиолог, травматолог, уролог та жоқ, маман тапшы. Қазіргі жастарға айтса сенбейді. Бір жақсысы облыстық ауруханадағы аға әріптестері қашан хабарласса да елгезектік танытып, білгендерін үйретуден жалыққан жоқ.
- Облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әзірбай Оразов «былай істе» дейді. Нейрохирург Борис Чагай бағыт сілтейді. Невропатолог Қази Қойтанов, хирург Қадіредин Бегаришев ағаларымыздан сұрап аламын. Кардиолог-терапевт Тынышбек Ақжігітов ағамыз білгенін айтады. Әріптесім Талғат Мұхантаевқа күн-түн демей телефон шалып жатамын. Сөйтіп жүріп үйренуге, тәжірибе жинауға тура келді, - дейді жүзінде толқын ойнап.
Шетпеде жеті жылдан аса жұмыс істеп тастапты. «Облыстық ауруханаға ауысқым келеді» деді бірде облыстағы басшысы Әзірбай Оразовқа. «Қайтесің, бізде хирургтер көп ғой, проктология жағы болмаса...» деп таңдауды өзіне қалдырды. Аудандағы бас дәрігері Бәкен Байназаров ағасы «мамансыз қаламын» деп келісім бергісі келмеді. Қазақстанда проктолог даярлайтын оқу орны жоқ. Содан тәуекел деп өз қаражаты есебінен оқуға бел буып, Мәскеуге аттанды. «Ақшаңды босқа төлеме, әуелі қолыңнан не келеді көрейік, біз білікті проктолог даярлаймыз. Әуелі бірінші қабаттағы емханадан тәжірибеден өтесіз» деген оқу орны басшысы. Күндер өтіп жатты. Көргенін жазып, сыртай бақылап отырады. Жетекшісі Ресейдің әр жерінен келген бірнеше орыс жігітті «қолдарынан іс келеді» деп арқадан қағып шығарып салған. Рысбекті адам қатарына санар емес.
- Бірде институт студенттеріне бізді тәжірибеден өткізу тапсырылған дәрігеріміз «міне, мынау онкология белгісі» деп түсіндіріп жатыр еді, «Олег Алексеевич, тексеріп көріңізші, свечке (жыланкөз) ұқсайды» дедім. Жақтырмай қалды. Енді бірде бір кемпірді алып келді. «Мынау жарықшақ» дей бергенде «мына жерді анализге жіберіңізші, ракқа ұқсайды» деп тағы киліктім. Лабораториялары мықты еді, екі жағдайда да 15 минутта нәтижесін шығарып берді. Менің күдігім дұрыс болып шықты. «Қалай білдің?» деп таң қалды. Ауылда жеті жылдан аса хирург болғанымды, осындай жағдайларды кездестіргенімді, қандай оталар жасағанымды айттым. Содан маған деген көзқарас өзгерді. Мені өзінің орнына отырғызып қойды, - деп жарасымды жымиған.
Ресейдің түкпір-түкпірінен келген сырқаттарды қабылдауды Рысбекке тапсыруы – артылған үлкен сенім еді. «Рысбек Абуғалиевич, сіз колопроктология бойынша оқуға қабылдандыңыз» дейді Олег Алекссевич бірер күннен соң. Ынта-құлшынысына разы болғаны шығар, Проктологтар ассоциациясы мүшелігіне қабылдады. Мәскеудегі институтта төрт ай оқып, №15 ауруханада практикалық тәжірибеден өтіп, елге оралды. Рысбектің бағына интернатурада бірге оқыған Асқар Досыбаев облыстық денсаулық сақтау бөлімі басшысы еді. Хирургия бөліміне 0,75, проктология бөліміне 0,25 жүктемемен жұмысқа қабылдатқызды. Содан екі жаққа шабыс басталсын. Ақ тер, көк тер жүгіріспен айлар зулап ақсын. «Қой болмас, бір саланы дұрыстап меңгеріп алайын» деп бірде хирургия бөлімінің меңгерушісі Талғат Мұхантаевтың алдына келсін. Тәкең қарсы болмады, 0,5 жүктемемен проктолог болып ауысты. 2001 жылдың аяғында Алматыға барып оқып қайтты. Тоқ ішек рагі, ішек ауруларының көбеюіне байланысты жүктемесін бір жалақыға көтерді. 2005 жылдары проктологияны өз алдына бөлім етіп ашу жайлы мәселе көтерілді. Кейін ақша үнемдеу, ықшамдау деген желеумен мәселе аяқсыз қалды. Қазір проктология хирургиялық инфекция бөліміне қарайды.
Ішек қабынуы, көтеу, жыланкөз, ішек бойындағы жаралар, басқа да сырқат түрлері көбейіп барады. Жасалатын ота саны да азаяр емес. Ал отадан кейін емханада ем алуы, күтілуіне қатысты шешілуге тиісті мәселелер де жеткілікті. Маңғыстауда алдыңғы қатардан саналатын сүт безі, асқазан, өкпе рагімен бірге тоқ ішек рагі көрсеткіші де жоғары. Рысбекті осындай жәйттер мазалайды.
- Тоқ ішекке ота жасай бермейтін едік. Қазір меңгердік. Тоқ ішек дегеніңіз атына кереғар жұп-жұқа болып келеді. Екі қатар етіп тігу керек. Қатты таңуға да, бос таңуға да болмайды, қан бармаса жыртылып, ашылып кетеді. Қайта жіп-жіңішке болса да ащы шекті жалғау оңай. Тоқ ішектің жартысын алу, түгел алып тастау, тоқ ішекті алып тастап, ащы шекті тік шекке жалғау сияқты оталарды жасап жатырмыз, - дейді жетістіктерінен де хабардар етіп.
Өткен жылы досымыз Сағындық Рзахметовке ота жасағанын есіне салдым. Көлік апатынан зардап шеккен әріптесіміз Мұрат Жетекбайдың қатарға қосылуына епті қолының шипасы тигендігін жеткіздім. Қанша сырқатты қатарға қосқандығын сұрадым. Әдетінше езу тартты.
- Кім санапты оны. Күнде кездесіп жатқан оқиға ғой. Сәрсенбінің сәтінде ауруларға ота жасаймыз. Сауығып кетсе еңбегіміздің ақталғаны, - деп қысқа қайырды.
- Облыстағы бірден-бір білікті проктолог ретінде сіздің есіміңіз аталады, -деймін әңгімеге тартып.
- Ол енді артық баға. Қылышбек Қарынбаев деген жігіт бар, үйреніп жүр. Менімен бірге ота жасайды, - дейді қарапайымдылығынан жаңылмай.
Әңгімемізді телефон бұзды.
- Үлкен қызым ғой хабарласып жатқан, есімі – Майса, Алматыда. Сурет салғанды жақсы көреді. Аяжан КазМУ-де оқиды. Эльмира мектеп бітірді. Аллажан деген ұлымыз бар, атам 90 жасында өзі қойған атын. Зайыбым Құндыз – дәрігер. Ел қатарлы күн көріп жатырмыз, - деді жымиып.
...Әуелде ауылдан басталған жол еді. Сол жол облысқа алып келді, есімі елге танылды. Талай белестерге көтерілді. Алда әлі алар асулар бар. «Алқынбай жетіңіз биіктерге, елдің алғысын ала беріңіз!» дейміз.
Болат ҮМБЕТОВ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН