Жасы да, жасамысы да ғаламторға шырмалып, екі жасар сәбиге дейін алақандағы телефонға телміріп қалған мына заманда ешкімге ештеңе де таңсық емес. Әлеуметтік желілер мен сериалдарға деген талғамсыздықтан барымыздан ажырап бара жатқанымыз да рас. Ғаламтордан бүкіл әлемде не болып жатқанын біліп отырамыз да, үй ішінде, балаларымыздың басында не боп жатқанын, көршілеріміз бен ата-анамыздың жағдайын білуге құлықсыз боп барамыз. Алыс—жақын, жақын—алыс болған күн келді. «Әйелді—бастан, баланы—жастан», «Қызға қырық үйден тыйым» деген секілді ұлттық тәрбиеге қатысты қанатты сөздерді пысқырмаймыз қазір. Соның салдарынан ұлымыз ұя бұзып, қызымыз қия кезіп, басына жүрсе де ештеңе сезбейміз, қарны тоқ, киімі бүтін, қолында айфоны бар ма, болды. Олардан ертең қандай азамат, қандай ана шығары толғандыра бермейді де. Өмірді ақшамен, дүние-мүлікпен ғана өлшеуге дағдыланған балалардың көпшілігі адамгершілік, жауапкершілік деген ең құнды ұғымдардан бейхабар боп өсіп келеді. Ұл-қызы бүлдірерін бүлдіріп, шегіне жетіп, маңдайға таяқ сарт еткен кезде ғана ес жия бастайтындар аз ба? Онда да кінәні өзімізден емес, баланың мұғалімнен, көршіден немесе бірге жүрген достарынан іздейміз-ау.
Барын аузына тосып, аялап өсірдім деп отырған қызының аяғы ауырлап, не босанып қойған кезде бір-ақ біліп, не істерін білмей жанталасатындар ше? Ғаламторды шулатқан небір зұлымдықтар осы некесіз қыздардың балалы болуына байланысты екенін көріп жүрген жоқпыз ба? Шақалақты әжетханаға тастап кету де, жүріп бара жатқан көліктен лақтыру сияқты жантүршігерлік оқиғалардың барлығы өмірге келген бейкүнә жаннан құтылудың соңғы амалы. Бұған дейін ұлдың—ұл, қыздың—қыз екеніне назар аудармастан өмірімізді бейқам өткіземіз де, жалған намыс қысқан кезде адам ойына келмейтін бассыздықтарды істейміз қысылғаннан. Қыздың аяғы ауырлағанын білгендер заңды-заңсыз түсік жасатып, үлкен қатерге бас тігіп те жүр. Қатер емей немене, ана бойына біткен бейкүнә тіршілік иесін өз қолымен өлтірсе, ал жас ананың келешекте тағы ана атануы неғайбыл қалатын болса немесе осыдан соң ол қыз ауру табатын болса?.. Үй ішінде болған айқай-шудан кейін, тіпті, аяғының ауыр екенін ешкімге бірлдіргісі келмегендіктен өзіне қол жұмсап, жас ғұмырын қыршын қиып жатқандар да бар. Некесіз туған сәбиін құшақтап, әркімнің есігін паналап жүрген бейбақтар да аз емес.
Иә, бұл күндері мұндай жайтқа жұрттың еті үйренген. Мұның бәрін «тағдыр» деп, жаба саламыз да, жөнімізбен жүре береміз. Еліміздің кейбір кәсіпкер жігіттері халқымыздың басына қара бұлтша үйіріліп тұрған осынау қиын мәселені шеше қоймағанымен, одан туындайтын проблеманы сәл де болса жеңілдету жолдарын ойлап тапты. Анасыз қалған жетім сәбилерге қамқор болуды армандаған астаналық кәсіпкер Айдын Рахимбаев алғашында Астана мен Алматы қалаларында ана мен бала орталықтарын ашып, өзінше зерттеу жүргізеді. Сонда ол балаларынан бас тартқан жас аналардың сәбиіне деген мейірімі оянып, келешекке деген сенімі артып, өмірге бейімделіп, баласын құшақтап, бірінің өз ата-анасына, енді бірінің тұрмысқа шығып, кейбірінің өзбастақ үй болып кетіп бара жатқанын көріп, қуанады. Көп ұзамай, бұл жайттар басқаларға да ой салып, өзге өңірлерде де осындай орталықтар ашыла бастады.
Өткен жылғы тамыз айында Ақтауда да «Ана үйі» орталығы ашылды. Ол ашылар алдында өткен басқосуларда алуан пікірлер айтылды. Қазақпыз ғой, «жетімханалар мен қарттар үйі аздай, енді некесіз туған қыздарға да пана керек пе, бүйте берсек, үйде отырып балалалайтындар көбейе түспей ме?», деген пікірлер көлденең тұрды. Алайда, мұндай орталық ашқандағы мақсат—түсік жасату мен жетімханаларға өткізілетін сәбилер санын азайтуға, ойнақтап жүріп от басқан арулар бойында аналық сезімін ояту және оларды шынайы өмірге бейімдеуге, қыздар арасындағы суицидтің алдын алуға талпыныс екендігі кеңінен түсіндірілді. Кәсіпкерлер қолдап, қазір облыс орталығының 15-шағын ауданында жұмыс істеп тұрған орталық тура жолдан адасқан арулардың бауыр басқан мекеніне айналды.
Бір жылдық жұмыстың жемісі қандай екендігін көріп, қыздарымыздың жағдайымен танысу үшін «Ана үйіне» бас сұққанбыз. Қыздар мұнтаздай таза коттеджде тұрады екен. Үш-төрт қыз бір бөлмеде. Қазақы бесіктері бар. Барлығы да сәбилерін емізеді, есейгендерін ғана қосымша тамақтандырады. Ас үйде тамақ дайындау, жалпы тазалық жұмыстарының барлығын қыздар өздері атқарады. Жасыратыны жоқ, мұндағы қыздардың дені үй шаруасына қырсыз, сауық-сайран құрып өскен бойжеткендер. Сондықтан ас пісіру, үй тазалау сияқты әйелге тән істерден шет қалғандары да бұл шаруамен айналысуға мәжбүр. Мұның өздері үшін қажет екенін түсініп, үйреніп жүр.
- Өткен жылдан бері жиырма бес қыз қабылдадық. Қазір бізде 9 сәби, он әйел бар,-дейді орталық үйлестірушісі Алтын Сапашева.-Қыздарымыздың барлығы арнайы келетін шеберден тігін тігіп үйренуде. Компьютер пайдалана алмайтындарына да дәріс береміз. Қыздарымызды өмірге бейімдеу үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз. Күні бүгінге дейін «Ана үйі» республикалық қоғамдық қорынан 1500-ден астам сәбиге көмек көрсетілді. Бізге сенім артатындар да аз емес.
Біз жыл өткен сайын балалар үйлеріне тапсырылатын сәбилер қатарының сиреп бара жатқанын естіп-біліп отырмыз. Өткен жылы өңіріміздегі жетімдер үйіне бала өткізілмегені туралы дерек бар. Бұл бір жағынан қуантарлық жайт болғанымен, екінші жағынан қыздарымыз некесіз балалы болу мәселесін жасанды түсік жасату арқылы шешіп жатыр ма, деген күдік те ұялатады. Әйтсе де, жүкті болған бойжеткендерге жасалып жатқан қамқорлық та жетімдер санының азаюына себеп пе, деген үміт те жоқ емес.
Болар іс болды. «Адасқанның алды—жол, арты—соқпақ». Кеше ғана еш қамсыз, ойына келгенді жасап жүріп, бойына біткенді білгенде сүйген жігітінің жалтарып кеткен сатқындығына көзі жеткен бойжеткендер бұл үйде кәдімгі жүзінен мейірім төккен ана болып, титтей сәбиін омырау сүтімен асырап отыр. Олардың көпшігі телефонын өзгертіп, ат-ізін суытқан жігіттеріне көңілдері қалған. Қайсыбірі ашуы басылған ата-анасының үйіне бөпесін көтеріп қайтып барса, кейбірі ешкімге масыл болмай-ақ өз күндерін өздері көруді ұйғарған. Олардың дағдарыс орталығында көңілдері көтеріңкі демей-ақ қояйық, бірақ жағдайы жақсы, тыныш өмір сүріп жатқаны шындық. Алтын Жоламанқызының айтуынша, орталық кәсіпкерлер көмегімен жабдықталған, балалар мен аналарға ас, та киім де, төсек-орын мен ыдыс-аяқ, гигиеналық және сантехникалық заттар жеткізіліп тұрады. Дегенмен, адамның қажеті таусылған ба, мұндағы шарасыз тұрғындарға қажет нәрсе әлі де көп.
Ана мен бала денсаулығы үшін ең басты нәрсе—дәрумен екендігі белгілі. Жас ағзаға қажетті дәрумендер алу үшін оларға жеміс-жидек, табиғи шырындар молынан керек. Ағарғанның, яғни сүт өнімдерінің қайсысы болса да қажет. Ал сәбилерге памперстің шексіз керек болатыны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ күнделікті киілетін киімдер аналарға да, сәбилерге де керек екендігі белгілі. Басқа да тағам түрлері, ыдыс-аяқ, ыдыс және кір жуатын заттар, сабын, әйелдерге арналған гигиеналық заттар да сөзсіз қажет болады. Сондықтан мұндағы тұрғындар азық-түлік пен жеміс-жидектердің ешқайсысынан, жаңа туылған және одан үлкен сәбилер мен әйелдердің киілген-киілмеген киімдерінен, тұрмысқа қажетті заттардың ешқайсысынан бас тартпайды.
Олай болса, шалыс басып, күнә арқалаған қыздарымызды жазғыра бермей, оларға қол ұшын берген жөн болар. Баласын өлтірмегені үшін, баласын перзентханада шырылдатып тастап кетпегені үшін, қолымен істегенін мойнымен көтерер батылдығы үшін бірлесіп жәрдем берейік, ағайын. Аңғалдығын пайдаланып, алдап кеткен жігіттің жауапсыздығынан жаны жабырқаған қыздарымыз өмірдің өзі татқан ащысынан сабақ алып, өзі тапқан баласына дұрыс тәрбие берсін, барлық адам бірдей оның сәбиінің әкесі сияқты қатыгез емес екенін ұғынсын деген ниетпен. Олардың келешегі жарқын боларына сенейік.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА