Қаны жағынан емес, жаны бір, жүрегі егіз жандар болады. Рулас адамды табу оңай, ал рухы бір адамды табу – қиынның қиыны. Мұндай жақыныңды көргенде, ішің жылып қоя береді: бірден ақтарылып, емін-еркін әңгіме құрып кетесің. Айлап не жылдап көрмесең де, аман-саулықтан соң, арадағы алшақтықтың ізі де қалмайды. Мұндай тылсым тартылыс күші Сіздің бойыңызда бар болса, бақытты жандардың қатарынансыз! Менің де дәл сондай үлгі тұтар ұстазым бар. Бүгін сол кісі жайында шамам жеткенше сыр шертпекпін.
Оны алғаш кездестіргенімде, күндердің күнінде осылай арнау жазып отырамын деп ойламадым. Мектепке жаңа келген ұлты өзге ағылшын тілі мұғалімімен тіл табысып кете алатынымызға ауылдан келген мен ғана емес, бүкіл сынып алғашында күмәнмен әрі шәкірттік қорқынышпен қарады. Әсіресе, ол ұсынған жұрт жоғары оқу орындарында ғана қолданатын қалың қара кітапты көргенде, іштей «біткен жеріміз осы» дегендер де аз болған жоқ. Ол ұстаз деген атты адал абыроймен ұзақ жыл арқалап келе жатқан аяулы да ардақты «ағылшын апайым» – Лала Абузарқызы... Мүмкін болса, осында толтырып смайл салып кетер едім... Мен үшін осы есімнен үнемі жылы лебіз есіп тұратындай. Турасын айтсам, қазіргі тауып жеп отырған наным үшін де сол кісіге қарыздар сезінемін. Ауылда жүргенде ағылшын әндерін қалай естісем, солай айтып, мағынасын түсінуге асығатынмын. Бірақ қолымды қанша созсам да, бағыт-бағдар беретін адам табылмаған-ды. Ал «Дарын» мектебі, оның ішінде Лала Абузарқызы өмірімдегі алтын қазына, тағдырдың берген ерекше сыйы десем артық болмас. Мен мектепке аттап басқалы оқыған ағылшын тілі мен Лала апай оқытқан ағылшын тілін салыстырсам, әлемнің Орта ғасырлар мәдиенетінен Қайта өркендеу дәуіріне өткендей – өзінше бір ренессанс іспетті.
Жазылуы мен оқылуы екі басқа, одан қалса ағылшындардың өзі кейде түсіндіре алмайтын заңдылықтарын есепке алмағанда, әр ереженің аз дегенде 60 «исключениесі» бар ағылшын деген алпауыт тілді миымызды мың шайқалтқан математика, физика, химиялардың арасына тақтайлап тығып-тығып, осы тілге қызықтыра алған да сол кісі. Біз Лала апайымызға қалай бауыр бассақ, тілді де солай ұнатып, асқан қызығушылықпен меңгере бастадық. Апайдың арқасында ағылшын тілінен тереңдетілетін біздің сыныпқа «Качалова» мен «Голицынский» деген кітаптар қос қаруға айналды. Тіпті, екі кітаптың біреуін ұмытып кетіп, сылтаурататындар да апайдың тәртібінен, жоспарынан қашып құтыла алмайтын. Өйткені оның сыныптағы суырмасында артық 5-6 оқулығы дайын тұратын. Одан қалса, апта сайын жазылатын «сөздік диктант» біздің сынып үшін «қорқынышты түстей» болушы еді. Шегі жоқ ұзын-сонар бағандардағы әлгі «исключениелер» кейін студенттік өмірімді мұнша жеңілдететіп, өзгелерден оқ бойы озық қылатынын сол кезде мен білмедім. Бір ережені топта 15 адам болса, күніне сонша рет тыңдаудан жалықпайтын ол әр балаға арнайы уақытын бөліп, тыңдап, әділ бағасын қоятын.
Тіпті 3 жыл оқып, университеттен тәжірибе алмасу үшін арнайы мектебіме қайта келгенде де ол мені сол әзиз қалпымен «Меруеееерт» деп, ерекше әзірбайжандық әуезді акцентімен қуана қарсы алғаны әлі есімде. Шет тілі мұғалімі мамандығына түскендіктен, осы кісіден барып тәжірибеден өту шәкірттік борышыммен қоса адамдық парызым деп санадым. Сондағы таң қалғаным, Лала Абузарқызы ұзақ жыл еңбек тәжірибесімен әлі де оқу, әлі де ізденіс үстінде жүргендігі. Ол жаңа дүниелерді меңгеріп, заманауи оқыту технологияларымен білім бере бастаған екен.
Мойындау керек, көбіне бала күнімізде баға үшін, өзгелердің көзқарасы мен көршінің пікірі, бәрі-бәрі үшін нәтиже шығаруды әдетке айналдырған едік. Бірде кезекті республикалық олимпиадада жыл бойғы ұзақ дайындықтан соң, нәтижесіз келдік. Сол кезде Лала Абузарқызының айтқаны есімде қалыпты: «Сүріндің бе? Бәрін қайта бастаудан қорықпа. Қателіктерді түзету арқылы ғана шымыр бола түсесің. Еш мойымаңдар. Адал еңбек түбінде өз жемісін береді. Осыны біреуге емес, өзіңе дәлелдеу үшін тоқтамай еңбек ет». Бұдан кейін біз жігерленген едік.
Апайдағы тағы бір ерекше қасиет – ағылшынды меңгеру үшін «қайталау» әдісін тұрақты пайдалану. Жайшылықта сабырлы әрі ұяң көрінгенімен, апайдың ерік-жігері мықты. Өзі де ұзақ жылдар бойы жұмыссыз бала күтімінен соң, бар жиған білімін ұмыта жаздап, кейін өз бетімен табанды түрде ағылшын тілін қайталап, жаттығу арқылы ғана ұстаздық жолға қайта аяқ басқан. Сол себепті оның өмір сүру принциптері де бізге үлгі боларлықтай.
Ал қазір ол тәрбиелеген шәкірттердің бір сарасы Назарбаев Университетінің үздік студенті болса, алдыңғы қатарлары еліміздің озық компанияларында табысты қызмет атқаруда. Ол әрдайым сұраныста, өзі қызмет ететін мектеппен ғана шектелмей, облысымыздың түкпір - түкпірінен жиналған шет тілі сырттандарының өзі сол кісінің кеңесіне мұқтаж, облыстық Дарын орталығы оның үйреншікті мекеніне айналған. Талай «Алтын белгі иегерлерін» сынаққа дайындап, талай республикалық олимпиадаларға қазылық етіп, осы күнге дейін қанша оқушыға ғылыми жобаларда абыроймен жетекшілік атқарып келді. Және мұның барлығы нәтижесіз болған жоқ, керісінше, жыл сайынғы олимпиадада шәкірттері үнемі алдыңғы үштіктен көрінеді. Ал жақында апайымның қос шәкірті ғылыми жұмыстан 1-орын алғанын білгенде, қызыға әрі қызғана қарағанымды да жасырмаймын. Осыдан-ақ Лала апай берген білімнің сапасы бәсекеде дес бермей келе жатқанын бірден байқауға болады. Ол қарапайым оқушылардың емес, ылғи жеңімпаздардың ұстазы.
Жеңімпаз демекші, бәріңіз де теледидардан жиі көрсетіліп жүрген мына бір жарнаманы білетін боларсыз. Мазмұнын айтып көп созбай-ақ қояйын. «За каждым чемпионом, стоит сильная мама» деп аяқталады. Дәл сол сияқты шәкірттері биік шыңдарды бағындырып жатса да, ол қашан да жанын табылатын досы, сол күйі қарапайым, сол күйі сабырлы әрі рухы мықты АНА. Кейде ұстаздың ерен еңбегі көрінбеуі мүмкін, бірақ әрбір шәкірті жетістігінің содан басталғанын мойындайтыны сөзсіз. Сөз соңында, мен де осыны мойындаймын және шын жүректен «Рахмет сізге, ұстаз АНА» дегім келеді.
Меруерт БЕКНИЯЗОВА, «Дарын» түлегі, "StamGazStroy" travel координаторы