Осы жазда еліміздің бірқатар аймақтарында күйдіргі ауруы тіркеліп, денсаулық сақшылары арасында алаңдаушылық тудырғаны мәлім. Жұқпалы да аса қауіпті бұл індеттен ешкім де сақтандырылмаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биылғы 30 маусымдағы мәліметі бойынша әлемде күйдіргі ауруының 40 жағдайы тіркелген. Атап айтқанда, Қырғызстан, Қазақстан, Үнді, Бангладеш, Кения елдерінде індет бас көтерген. Ауырған адамдардың бесеуі осы дерттен көз жұмды. Сондықтан қаперсіз отыруға болмайды.
Өткен жұма күні Маңғыстау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен «Облыс көлемінде күйдіргі ауруының әкелінуі мен таралуының алдын алу шараларын ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбында өткен облыстық семинарда аурудың алдын алуға байланысты барлық шаралар жан-жақты қаралды.
Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан департамент басшысы Марал Қадыр семинар мақсаты — медицина қызметкерлерінің қырағылығын арттыру, госптиалды базалардың дайындығы және дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту екендігін жеткізді.
Департаменттің аса қауіпті және карантинді инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнар Куркинбаева «Қазақстан Республикасында ағымдағы жылы тіркелген күйдіргі ауруының эпидемиологиялық жағдайы. Күйдіргі ауруының ошағында жүргізілетін іс шаралар туралы» баяндама жасады.
Гүлнар Өтебайқызы келтірген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы республикада күйдіргімен 16 жағдай тіркелген, олардың сегізі Қарағанды (Шет ауданы), үшеуі Алматы (Кербұлақ ауданы), екеуі Шығыс Қазақстан (Жарма ауданы) және үшеуі Павлодар (Ертіс ауданы) облыстарында болды. Барлық жағдайларда жұғу көзі—ауру мал, ал жұғу себебі – ветеринарлық куәландырылмаған малды союға қатысу және тамаққа жұқтырылған етті пайдалану болғандығы анықталды. Сондай-ақ барлық аудандарда бірдей бұзушылықтар анықталды. Олар — жануарлардың күйдіргіге қарсы вакцинациямен қамтылуының төмендігі, жануарларға арналған вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін жағдайдың жоқтығы, малдың лас аумақтарға жайылуы (мал қорымдар, қоқыс тастайтын жерлер), қоқыс тастайтын жерлерде және елді мекмендер маңында жойылмаған өліктердің, жануарлардың сүйек қалдықтарының болуы. Күйдіргіге тән симптомдары және сәйкес эпидемиологиялық анамнез бар ауруларға медициналық персоналдың қырағылығы төмен болуы да байқалады.
Біздің облысымызда күйдіргі ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы 46 жылда күйдіргі ауруы жануарлар мен адамдар арасында тіркелген жоқ. Өңірде күйдіргі ауруының 6 қолайсыз ошақтары орналасқан. Маңғыстау ауданында 1967 жылы 3 ұсақ мүйізді мал, 1969 жылы Қарақия ауданында 1 ұсақ мүйізді мал және 1 жылқы, ал 1970 жылы Түпқараған ауданында 1 түйе ауырып, өлген.
Облыс көлемінде 5 мал қорымдары орналасқан. Ал Ақтау қаласында, Маңғыстау ауданында мүлдем мал қорымдары жоқ. Алдағы уақытта Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданында, Жетібай, Боранқұл, Ақшұқыр кентінде және Болашақ стансасында мал қорымдарын салу жоспарлануда.
Күйдіргі ауруы (anthrax)–жедел бактериалдық зооноздық аса қауіпті жұқпа, негізінен интоксикация, терінің сероздық-геморрагиялық қабынуымен, лимфа бездерінің және ішкі ағзалардың зақымданумен, әсіресе тері түрі карбункул пайда болуымен сипатталады.
Аурудың қоздырғышы — бацилла антрацис. Оның вегетативтік және споралық түрлері болады. Қоздырғыштың вегетативтік түрі дезинфекциялық құралдарға және жоғары температурада тез жойылады. Күйдіргі ауруының спорасы бірнеше жылдарға дейін, суда 10 жыл, топырақта 15-20 жылға дейін сақталады. Бұл ауруға ауылшарауашылық жануарлары, ұсақ мүйізді, ірі мүйізді мал, жылқы, түйе, қой, ешкі, шошқа шалдыққыш келеді.
Жұғу жолдары: ауру малды күтіп-баптау кезінде, мал сойғанда, етті өңдегенде, спорамен ластанған топырақтан зақымдалған тері арқылы, алиментарлық жолмен (ауру қоздырғышымен ластанған тамақтарды пайдалану), аэоргендік (ластанған шаңнан). Жасырынды кезеңі көбіне 2-3 күн, бірнеше сағаттан 8 күнге дейін созылуы мүмкін.
Басты клиникалық белгілері: науқастардың 95-97% терілік түрі байқалып, жедел басталады да, теріде қызыл дақ, одан әрі пустулаға және жараға айналады. Жараның беті қара түсті, айналасындағы жұмсақ тіндері қызарып, тез ісініп, регионалдық лимфа бездері қабынады. Бір тәуліктің соңына қарай дене қызуының 39-40 градусқа көтерілуі пайда болып, 5-7 күнге дейін сақталады. Аурудың жайылған түрде цианоз, өкпе тұсының ауруы, демікпе, қан аралас қақырық немесе қан аралас іш өту, құсу, іштің кебуі байқалуы мүмкін. Күйдіргі ауруының терілік түрінде өлім жағдайы 2-3%, ал жайылған түрінде 100% болуы ықтимал. Науқастар 2-3 күннен кейін инфекциялық-токсикалық шоктан қайтыс болады.
Семинарда, сондай-ақ, облыстық ветеринария басқармасы эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Қамбар Момынов «Ауылшаруашылық жануарлары арасында күйдіргі ауруының алдын алу туралы», облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Гүлбану Нұржанова «Күйдіргі ауруының клиникасы, диагностикасы және емдеу туралы», Маңғыстау облысы ұлттық сараптама орталығы филиалының бактериологиялық зертхана меңгерушісі Гүлжамал Амиқұлова «Күйдіргі ауруының зертханалық диагностикасы» жайында ақпарат берді.
Облыс аудандары мен қалаларынан келген мамандар күйдіргі індетінің алдын алуға байланысты саулдарына жауап алып, ұсынысытарымен бөлісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА