Соғыс пен шабуылдан көз ашпаған Ауғанстан мемлекетінің түркілермен тарихи байланысы бар: ҮІ ғасырдың 60 жылдарында Ауған жерінің бір бөлігі Түрік қағанатына қараса, бір бөлігі Сасанидтерге бағынышты болған. 16-17 ғасырларда бұл жерде Бабыр негізін қалаған ұлы Моғолдар мемлекеті іргесін бекітті. Кейінгі Кеңес үкіметі тұсындағы қазақтың басына түскен аштық зобалаңы мен сұрапыл қуғын-сүргінде қаншама қандасымыз осы Ауғанстан арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне ауып, көш түзеген.
1970 жылдары ауған елінің этникалық құрамында жергілікті пуштундар – 9 миллион адам, яғни жалпы халық санының 48 пайызы, одан кейін тәжіктер – 4 миллион адам, хазарлықтар – 2 миллион, өзбектер – 1,7 миллион, түрікмендер – 0,5 миллион адам, қазақтардан – 60 мың адам болған.
Ауғанстан жері мен жаһанға тарыдай шашылған қазақтардың біршама бөлігі осы өңірде тұрақтап қалған. Олар ауғандықтармен бірге Кеңес әскерімен соғысқан. Ағайындас халықтарды, тіпті бауыр мен бауырды өзара жау еткен бұл соғыс 1979 жылдан 1989 жыл аралығына дейін созылды. Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Он жылға жалғасқан шайқаста ауған әскерлерінің құрамында Қазақстаннан 22 мыңға жуық жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 1000-ға жуығы сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан, 21 адам хабарсыз кетіп, мыңдаған әскер елге ауыр халде оралды.
1989 жылы 15 ақпанда КСРО халқы Ауғанстаннан қайтқан жауынгерлерді қарсы алып, биыл ауған жерінен толықтай шыққанына 30 жыл толмақ. Жылда республика бойынша барлық аймақтарда Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы бұл күнді ерекше атап өтіп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, құран бағышталады.
Естеріңізге сала кетсек, осыған байланысы 2018 жылдың қазан айының 5-6 күндері Маңғыстау облысындағы «Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай өткен облыс көлеміндегі автошеру Жаңаөзен қаласына да келіп жеткен еді. Оған Жаңаөзен қалалық «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де қатысып, атсалысқан болатын.
Солардың бірі Ықласов Орынбай Сәрсенбайұлы 1961 жылдың 25 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мырзашөл ауданы Гагарин қаласында дүниеге келген. 1968-1978 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте білім алып, құрылыс техникумына оқуға түседі. 1979 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылды. Ленинград қаласындағы 53933 әскери бөлімінде ІІІ сыныптық радиорелейлі механик дайындық курсын бітіріп, сол жақта әскери борышын өтейді. Солай 1980 жылдың 1 сәуірінен бастап Ауғанстан жеріне ерікті түрде соғысқа алып кетеді. Ол жақта Джалалабад қаласында 19500 әскери бөлімінде қызмет етті. Өзінің сол кездегі бастан өткен оқиғаларын өз аузынан есту үшін Орынбай Сәрсенбайұлымен біраз әңгімелескен болатынбыз.
[caption id="attachment_70841" align="aligncenter" width="1024"] Орынбай Ықласов[/caption]- 1979 жылдың аяғында әскерде қызмет етіп жүргенде соғыстың басталуы жөнінде шұғыл хабар келді. Қалағандар ерікті түрде барады деген. Содан барлығымыз бірауыздан кететін болдық. 1980 жылдардың басында Өзбекстанның Сурхандарья облысы, Джаркурган районындағы Какайды деген жерде дайындықта болдық. Ол жерде әркімді өзінің әскери мамандығы бойынша дайындады. Біздікі – байланыс, яғни радиорелейлі байланыс. Одан 3 ай дайындықтан кейін 80 жылдың сәуір айынан бастап Ауғанстанға кірдік. Ауғанстанда Джалалабад әуебазасының байланыс ротасында болдым. Ол уақытта соғыстың енді басталған кезі, әскерилердің жан жақтан жиналып жатқан кезі, Венгрия, Румыния, Польша, т.б. мемлекеттерден. Біздің ротада қазақтардан тек қасымда Волгоградтың қазақ баласы болды. Кейін уақыт өте келе бастады, - деп ұйықысыз өткен түндері мен ұмытылмас сәттерін баяндауда. – Түнде ұрыс күшейеді де, күндіз аздап тынышталады. Ол жақтың ауа-райы өте ыстық, +55-60 градус, қыс мезгілінің өзінде +34 градусты көрсетіп тұрады.
Қатқан қара нан мен суды қанағат тұтқан қандастарымыздың күні солай өте берді. Бір жылдан аса уақытын соғыс алаңында өткізген Орынбай Сәрсенбайұлы жанындағы әскерилермен бірге 1981 жылдың мамыр айында әскерден елге оралу үшін Ауғанстанның Кабул қаласына жіберіледі:
- Ол жерден барлығын бір жинап, әрбір әскерді өз отанына қайтарды. Алдымен Ташкент қаласына апарып, сол кездегі комсомолдық билеттерімізге мөр соғып берген болатын, - дейді.
Сөйтіп туған елге деген сағынышын басып, аман-есен қайтып оралды. 1995 жылы Жаңаөзен қаласына келіп, құрылыс мекемесінде қызмет етеді. Кейін «Ынта», «Құлагер» мекемелерінде еңбек етіп, қазіргі таңда кезеңімен «Ауған саябағының» көгалдандырумен айналысады. Ерлігі мен еңбегіне орай ҚССР Жоғарғы Кеңесі Прездиумының «Құрмет Грамотасының», «Ауған халқының интернационалист жауынгерге алғысы» медалінің және Жаңаөзен қаласының мерекелік төсбелгілерінің иегері. Отбасында қыздары мен ұлының, немерелерінің қызығын көруде. Жалғыз ұлының тұрақты қызметі жоқтығына қынжылғаны болмаса, Орынбай аға тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанымызға, балаларының соғыс көрмей, түн ұйқысының тыныштығына шүкіршілік етеді.
Соғыс өртін көзбен көріп келген ардагерлеріміздің бірі Абыз Ақбаев 1957 жылы Түрікменстан Республикасында дүниеге келген. Орта білімді аяқтап, 17-18 жасына қарағанда отан алдындағы борышын өтеуге әскерге кетеді. 2 жылдан кейін елге оралып, 1979 жылы желтоқсанда Ауғанстанның Адраскан атты ауылына алып кетеді.
[caption id="attachment_70842" align="alignright" width="255"] Абыз Ақбаев[/caption]– Барсақ, ұрыс басталып кеткен. Мен әскерде жүргізуші қызметін атқарғаннан кейін, ол жақта барлығымызды мамандығымыз бойынша жіберіп, мен жүргізуші болдым, - дейді.
Ауған жерінде үш ай болып, 1980 жылы көктемде елге қайтады. Еңбегі мен ерлігі үшін «Ауған соғысының ардагері», «Интернационалист-жауынгер» медалінің, қайырымдылығы үшін «Сауап» төсбелгісінің, Б.Момышұлының «Батыр шапағаты», Ауған соғысына 20, 25, 30 жыл мерекелік төсбелгілерінің иегері.
1989-92 жылдар аралығында Түрікменстанның Ашхабад қаласында теміржол техникумын бітіреді. Кейін 1993 жылы Жаңаөзен қаласына қоныс аударып, мұнай мекемесінде ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Қазіргі таңда үш ұл тәрбиелеп, немерелерінің қызығына бөленуде.
Соғыстың соңғы жылдарында әскер қатарына шақыртылып, Ауған жерінде болған тағы бір ардагеріміз Марат Үрпеков 1969 жылы Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында дүниеге келген. 1976 жылы №5 орта мектепте он жылдық білімді аяқтап, ерте қызметке араласып кетеді. 1987 жылдың күз мезгілінде әскери борышын өтеуге Түрікменстан Республикасының Теджен қаласына аттанады. Ол жақтан 6 ай дайындық оқу-жаттығудан өтіп, Ауғанстанның Құндыз қаласына алып кетеді.
[caption id="attachment_70843" align="alignleft" width="245"] Марат Үрпеков[/caption]- 1988 жылдың мамыр айы. Қасымда Сәрсен, Сағат деген бірге келген жігіттер болды. Жан-жаққа жіберді. 12 күн карантинде болдық та, барлығымызды бөлді. Біз полктан 25 км жерде, Кабулға қарай, Кеңес Үкіметіне қарай өтетін жолды (заставада) жатып күзеттік. Кейін Файзабад, Джалалабад деген жерге операцияға жіберді. Ол уақытта ең бірінші қатысқан кезіміз, еш нәрсе түсінбейміз, білмейміз. Сол жерде жүріп Форт-Шевченконың Сәрсен деген баласын тауып алдым, таныстым, - деп қуанғанын жасырмады.
Әрине жат жерде, оның үстіне соғыс алаңында жүргеннен кейін жалындаған жас бозбалалар үшін отандасын кезіктіру, әсіресе жерлесін көптің ішінен жолықтыру, бейтаныс болса да туған бауырыңмен қауышқандай үлкен қуаныш.
– Қасымдағы жігіттер айтып келді, «Маңғышлактан бір жігіт бар» деп, ол кезде енді Маңғышлақ қой елдің аты. Содан барып сұрасам, «Форттанмын» дейді. "Мен Жаңаөзенненмін" деп бір бірімізді көріп қуандық. Солай жүріп, операциядан қайтып келе жатқанда «ауылға аман-есен жетсек, кездесерміз» деп Сәрсенге көзілдірік беріп жібердім. Ол жүргізуші еді.
Бір күні бір казарма жарылды деп хабар келді. Солдаттар сыртында жарақат алып жатыр екен. Олардың арасында бір қазақ бала бар деп естігенмін. Барып жағдайын қарап, қандай көмек керектігін сұрадым. Жақ сүйегі жарақаттанып, жағы істемей жатыр екен. Қай жақтансың дегенімде «Мыңғышлақтан» деп дұрыс сөйлей алмайды. Шетпенің Бауыржан деген жігіті екен. Сол кезде жанында болып, аузына су тамызып, тамақтандырдым. Қанша дегенмен «қазақ» десе қан тартып тұрады екен жаның ашып, - дейді Марат Аманқосұлы.
Қазақ халқы жақсылыққа жаны құмар, кең пейілді, ақ көңіл, жанашыр халық қой. Қиын сәттерде бір біріне көмек қолын созып, «біз көрген соғысты балаларымыз көрмесін» дейтін ағаларымыздың ісі мен ерлігі қазіргі тәуелсіздік құрдастарына, жастарға үлгі.
- Сөйтіп жүргенде қайтатын уақыт болды. Мен соңында «замокта» болдым. Ең соңында қалғандарын жинап, жарақат алғаны бар, жүре алмайтыны бар, бәрін бірге алып кетуіміз керек. Келе жатсақ, бір жерде шабуыл болып жатыр екен. 5 адам ортада қалып қойған. Командирмен бірге танкімен бардық. Ішіндегілердің бірін таныдым. Біреуі бізбен бірге келген Сағат екен. Бір-бірімізді көріп «Саға-а-т, Мара-а-т» деп құшақтасып, қуанып жатсақ, командир айғайлап: «Над вами пули летят, а вы здесь стоите, целуетесь!» деп ұрысты. Біз көргенімізге мәзбіз, - дейді.
Содан сол жерден соңғы шабуылды жасап, 1989 жылы ауылға қайтады. Міне, осылай басынан өткен қиыны мен қызық сәттерін, жантүршігерлік оқиғалары мен ұмытылмас күндердің бір парағын баяндап берді. Елге оралған жылы үйіне бармастан бірден Алматы қаласында әскердегі жолдастарының ұсынысымен жоғарғы оқу орнына түсу үшін жұмыстанады. Нархоз универсиетіне экономист мамандығы бойынша оқуға түсіп, Жаңаөзенге аттанады. Ұзақ уақыт көрмеген отбасымен қауышып, қуанышты жаңалығымен бөлісіп, 3 күннен соң қайта Алматыға жол тартады. Ол жақта 4 жыл білім алып, отау құрған Мұрат туған жеріне қайтып келеді. Жаңаөзенде еңбек жолын бірнеше мекемеде бастап, қазіргі таңда шаруа қожалығымен, яғни мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкер. Отбасында ұл мен қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған Марат Аманқосұлы қызының өз кәсібімен тікелей байланысы бар «мал дәрігері» мамандығында оқып жатқанын айтып өтті.
Еңбегі мен ерлігі үшін «Ауған соғысының ардагері», «Интернационалист-жауынгер» медалінің, Б.Момышұлының «Батыр шапағаты», Ауған соғысына 20, 25, 30 жыл мерекелік төсбелгілерінің, «860 жеке мотоатқыштар полкі» және Кеңес Одағының Қарулы Күштерінің 70 жылдық төсбелгісінің иегері.
Ауғанстан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл өтсе де, сол кездегі соғыс жарасынан айыға алмай жүрген жауынгер ардагерлеріміз қаншама. Ардагерлер қашанда құрметке лайықты, оларды қадірлеп, құрметтеу – біздің борышымыз.
«Ерлік - жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, сұхбат жүргізу – біз үшін бір мәртебе, ғанибет.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА