Қазақта: «Сұпылық деген ауыр жол, ұстай алсаң тәуір жол», – деген сөз бар. Бұл қанатты сөз ұлтымыз ислам дәуіріне толықтай еніп, мұсылмандығымыз әбден кемеліне келгенде туса керек. Себебі Орталық Азия аймағында сұпылық дәстүрді, оның ілімін ислам ойының шыңы деп есептейді. Аса көрнекті тұлғаларымыз – Бекет атамыз, Размағамбет ахун, Ержан хазіреттер ұстанған бағыт болғаннан кейін маңғыстаулық жастарды құлағдар ету мақсатында бұл ағымдарды тереңірек білуге, ұғынуға тырыстық. Кейбір зерттеушілер сұпы сөзі араб, парсы тілдерінде суф (صوف) аталатын қақпа шекпеннен шыққан дейді, себебі осы ағымның алғашқы ұстанушылары осылай киініпті-міс. Дегенмен «сол алғашқылар бірден бөлектеніп, көзге түсуге ұмтыла қойды ма екен» деушілер де бар. Араб, парсы тілдеріндегі ғылыми әдебиетте суфи, ас-суфийа, тасаууф, ат-тасаууф т.т. түрлерде жазылады. Осы жолдардың авторы бұл терминнің бастауында көне гректің даналық ұғымын білдіретін софы сөзі жатыр деп есептейді. Қазақ тілінде бұл құбылысты тереңірек айқындап тариқат деп мысалы, нақышбандийа тариқаты деп жатады. Бұл сөз де араб-парсыдан – әдіс, жол мағынасын беретін тариқ (طریق) сөзінен шыққан, тариқат (طریقت) – ереже, ұстаным, әдет, жол. Кейбір қазақ сөздіктерінде осы сөзді дүниеден безу деп түсіндіру кездеседі, бұл – қате түсінік, сірә, ол аудармашылар кетуші, тастаушы, қашушы деген ұғымды білдіретін тәрік (تارک) сөзінен шыққан деп есептеген болулары керек. Ислам өркениетінде осы тарихаттар бірнешеу – Нақышбандийа, Йассауиа, Күбірабийа (біздің шалдардың Шикапар ата деп жүргені осы Шайқы Күбіра атамыз), Чиштийа, Бекташийа тағы бірнеше жолдар бар. Оқушыларымыздың сұпылықтың шиғаларда да бар екенін білгені жөн. Бұл сұпылық бағытты ислам әлемінде қолдамаушылар, тіпті үбдірім қарсылар бұрын да болған екен, бүгін де бар. Мысалы, Сауд Арабиясының мемлекеттік саясаты жоққа шығарады, осы елден оқу бітіріп келген қазағың мен өзбегіңнің өзі «сұпы кәпірден жаман» дейтін көрінеді. Дегенмен сұпылық бағыт Мұһаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оның төрт шадиярының екеуінің, олардан кейінгі тұлғалардың, мысалы, «Ар зерттеушісі» атты еңбек жазған әл-Мукасиби (857 жылы қайтыс болған) сияқты ұстанымдарының, зерттеулерінің, қалдырған қағидаттарының арқасында X ғасырда ғылым деп танылған, 1100 жылы жарық көрген көрнекті исламтанушы Әбу Хамид әл-Ғазалидің «Дінтанудың бастауы» атты классикалық еңбегіне өз алдына бөлек тарау болып енгізілген. Бұл бағыттың пайда болу себебіне келсек, жалпы адамзат баласының әділетке, ізгілікке, әсемдікке, үйлесімге ұмтылысы – ол туабітті қасиет болса керек. Сондай-ақ өзім жақсы болсам, ортам жақсы болса, елім жақсы болса деу, сол жақсылықтардың жолында тіпті құрбандыққа бейіл болу қасиетін де Жаратқан адам баласына еккенге ұқсайды. Мұсылман әулиелері, міне, осы қасиеттердің Жаратқанға, Тәңірге, Аллаға ұмтылыс екендігін ашып, осы мақсатқа жетудің жолдарын іздеген, тапқан, таратқан, атадан балаға, ұстаздан оқушыға қалдырып отырған. Қолдан-қолға тапсыру үрдісін силсила – (ساسل) сәлсәла-шынжыр деп атаған. Мысалы, Бекет атамыз бен Әзіреті Сұлтанның (с.ғ.с.) арасында отыз тарихи тұлға бар. Ең әуелі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолын Әбубәкір Сыдиық хазіретке, р.ә., берген, ол өз кезегінде төрт шадиярдың бірі Хазіреті Али, р.ә., мен Салман әл-Фарисиге, р.ә., тапсырған, ал бұл екі әулиеден әл-Қасым ибн Әбубәкірге р.ә., өткен. Ол Имам Жапар әс-Садыққа, р.ә., ол Әбу Йазид әл-Бастамиге, р.ғ., (875 ж.қ.б.), ол Шайқы Әбул Хасан әл-Хараканиге, р.ғ., ол Әбу Али әл-Фармадиге, р.ғ., ол Әбу Жүсіп әл-Һамаданиге, р.ғ. (1140 ж.қ.б.), ол Әбді әл- Халық әл-Ғиждуаниге, р.ғ. (1180 ж.қ.б.), ол Әріп Риуғариге, р.ғ. (1259 ж.қ.б.), ол Махмуд Әнжир Фәғнауиге, р.ғ. (1286 ж.қ.б.), ол Али Әзизан Рамитаниге, р.ғ. (1316 ж.қ.б.), ол Мұһаммед Баба Саммасиге, р.ғ. (1340 ж.қ.б.), ол әмір Құлалға, р.ғ. (1370 ж.қ.б.), берген. Осы бабамыздан Баһауаддин Нақышбандиге, р.ғ., берілген делінеді. Аса көрнекті бұл бабамыз 1389 жылы жетпіс бір жасында Бұхара қаласының жанындағы өзінің Кәсри Ғәрифан ауылында дүние салған, өмір жолы көзінің тірісінде аңызға айналған, Қыдыр көрген, асқан құдірет иесі, артында мыңға тарта шәкірт қалған, аузынан шыққан әрбір сөзі қағидатқа айналып, кейінгіге бағдарлама болған. Силсила бұл бабадан кейін мәулана Ала ад-дин Аттар, р.ғ., (1400 ж.қ.б.) мен ахун Жақып Чархиға, р.ғ., (1434 ж.қ.б.) келген, осы екі әулиеден Қожа Әбді-Аллаһ Ахрарға, р.ғ., (1490 ж.қ.б.) жеткен, ол Қожа Заһед Оулешиге, р.ғ., ол мәулана Мағдуми Ағзамға, р.ғ., ол мәулана Хурди Әзизанға, р.ғ., ол молла Аға Шыбирғаниге, р.ғ., ол молла Али Паяндаға, р.ғ., ол Рахманкули Әзизге, р.ғ., ол халифа Әуезкелді Әзизге, р.ғ., ол Қожа Жәдігерге, р.ғ., ол Сұлтанқожаға, р.ғ., ол Қожа Мұһаммед Бақиржан Әзизге, р.ғ., (1715–1795) қол берген. Міне, тікелей ұрпақтары күні бүгін Хиуада тұратын осы бабамыз өз қолын біздің Бекет атамызға берген. Ал Размағамбет ахун атамыздың силсиласына келсек, жоғарыдағы Қожа Заһед Оулеши бабамыз, р.ғ., заманында екі тұлғаға – мәулана Мағдуми Ағзам бабамыз, р.ғ., бен Дәруіш бабамызға, р.ғ., қол берген екен, алғашқы бабадан силсила Бекет атамызға қарай кетеді де, ал Дәруіш бабамыздан, р.ғ., Бақи Әмқикениге, р.ғ., одан Ахмад Сирхиндиге, р.ғ., (1624 ж.қ.б.), одан Мақсым Сейфуддинге, р.ғ. (1668 ж.қ.б.), одан екі тұлғаға – Шайқы Ахмед Мәкки, р.ғ., мен Шайқы Қабибуллаһ Бохариге, р.ғ. (1700 ж.қ.б.) келеді. Бұл екі әулие қолдарын халифа Құдайкули Харезмиге, р.ғ., берген, ол молла Айт Мұһаммедке, р.ғ., ол халифа (дәмолла деп те жазылады) Ыдырыс Түрікмен Ләбабиге, р.ғ., ол халифа Мұһаммед Ниазкули Бохариге, р.ғ. (1820 ж.қ.б.), ол халифа Мұһаммед Шәріп Болғари уә Харезмиге, р.ғ., ол халифа Мир ибн Мағи Болғари уә Харезмиге, р.ғ., ол халифа Мұһаммед Кәрімге... уә Харезмиге, р.ғ., ол халифа Омар ахун Харезмиге, р.ғ., ол халифа Тұрмағамбет хазіретке, р.ғ. (1918 ж.қ.б.) берген. Бұл атамыз көзінің тірісінде қолын өз баласы Размағамбет ахунға (1882–1942 ж.ж) берген, бұл жайт сұпылық ілімде иршаднама аталып, озық оқушыларға ғана тапсырылатын құжатпен хатталып, мөр басылып куәландырылады екен. Аса құнды бұл жәдігер біздің заманымызға жетті, бүгіндері Размағамбет атаның ұрпақтарында сақталуда. Силсила құдіретін тереңірек түсіну үшін Бектеміс Қойшыбай молланың жеке Құран Кәримінің мұқабасына жасырылған силсиламен танысалық. Бұл иршаднаманы біздер үлкен абаймен Ержан хазіреттің өз оқушыларына, олардың бірі Қойшыбай атамыз, тапсырғаны болар-ау деп шамалаймыз, себебі бұл иршаднаманың ең соңында қалыптасқан ережеге байланысты кімнің кімге қол бергендігі туралы мәлімет жазылмаған. Әрине, бұл жайттың осы тұлғалардың есімдері НКВД-ның көзіне түспесін деген сақтық шарасы екендігі байқалып тұр. Жоғарыдағы Размағамбет ахунның силсиласындағы халифа Мұһаммед Шәріп Болғари уә Харезми бабамыз екі тұлғаға – халифа Мир ибн Мағи Болғари уә Харезмиге және Қожа Фахдуллаһ Халиоллаға иршаднама берген, алғашқы әулиемен Размағамбет ахунның силсиласы жалғасып кетеді де, Қожа Фахдуллаһ Халиолла бабамыз қолын Қожа Мақсым Исматулла Харезмиге берген, ол Қожа Хисамеддин Харезмиге, ол Қожа Сабыр Мақсым Харезмиге, ол Аманкули ахунға, ол дәмолла Бекмұһаммед Харезмиге, ол дәмолла Құлбайға, ал осы бабамыз қолын біздің шалдарға бергенге келіп тұр. Бұл силсила құбылысында әрі қарай ізеуірттейтін тұстар баршылық. Мысалы, Нақышбанд бабамыз көзінің тірісінде өз пірлігін бір халифасына (орынбасарына, ізбасарына) тап- сырып кетпеген, тіпті үзілді-кесілді қарсы болған. Себебі бізге түсініксіз. Мүмкін, пірлік оның өзіне сияқты уәйістік уәиси (هایصوا) жолмен, яғни Қыдыр атаның қолымен берілуі тиіс деп есептеген шығар, әрине, мұнымыз бір Алланың өзі, бабалардың әруағы кешірсін, пенделік жорамалымыз ғана. Қожа Ахмед Яссауи бабамыздың да соңында өзі қол беріп қалдырған шәкірті туралы мәлімет жоқ, оның атындағы Жол баба қайтыс болғаннан соң бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін басталғанға ұқсайды. Біздің Бекет сұпымыздың ұстанымы да осы екі ұлының – Нақышбанд пен Яссауи бабалардың ұстанымдарына дәл келіп тұр. Сұпылық ілімнің табиғатын түсіну үшін ұстаз бен оқушының ара қатынастарын, мақсатқа жету үшін қолданатын әдістерін, басқа да атқарылуға тиісті амалдарын білуге тиіспіз. Бұлардың ішіндегі ең күрделісі – оқытушы (мүршид, иршада (دشرم) оқыту сөзінен шыққан) мен оқушының (мүрид, ирада (دیرم) оқу сөзінен) екеуара қатынасы. Оқытушының арнайы лицензиясы – иджазасы (ازاجی) немесе рұқсат қағазы – рухсати иршады (یتصضر) болған, оны ол міндетті түрде өз ұстазынан алатын болған. Рабита (هطبار) аталатын осы байланыс өз алдына бөлек, кең де терең ілім, әр ұстаздың өзінің ғылыми дәрежесі болған мысалы, пір (ریپ) ақсақал, ұлы деген ұғымды білдіреді, әр пір өзіне халифа (هافلض) орынбасарлар (біздің елдің қалпе деп жүргендері осы тұлғалар) тағайындайды, олардың әрқайсысының оқыту ерекшеліктері бар. Әр шәкірттің де өзінің қилы-қилы жолы бар, ол жол оның мінезіне, денсаулығына, тән ерекшелігіне, шариғатты білу дәрежесіне, құлқына, құлшынысына т.с.с. тікелей тәуелді болған. Рабитаның әдістері, амалдары заман өткен сайын өзгеріп, дамып тұратын болған мысалы, бүгінгі зерттеуші ғалымдар өткен ғасырлардағы оқулықтарда мүлдем кездес- пейтін жайттарға тап болып жатырғанын жазады, олардың байқауынша оқудың саты- лары да күрделене түскен. Мысалы, қазір алғашқы сұхбаттардың (تبحص) өзінде мүрид мүршидінің еркін, ырығын түйсінуге ұмтылатын болған, бұл үдерістің ғылыми атағы – тауаджжух, сол ұстазының еркін, ырығын, пейілін терең түсініп, ұстап алса бұл құбылысты тасарруф деп атаған. Екеуінің арасында жоғары дәрежеде рухани байланыс әбден орныққан кезеңді нисбат (تبسن) деп атаған, осы нисбатқа жетудің өзі бірнеше ай, жылдардан тұрған. Жалпы бір байқағанымыз – осы Нақышбандийа тарихатында кеңдік бар, өзге жолдарды сынап, мінеп жатпайды. Қайта құрмет тұтады мысалы, Бекет атамыз елдік сынға түскен әйгілі айтыста: – Шикапар атаға барып анттасалық, – дегендерге: – Кеттік! – деген. Сонда қайран бабамыз өз ісінің барлық әулиенің алдында ақ екендігіне сеніп тұр, барлық әулиенің өзіне жақ екендігіне сеніп тұр. Түркістанда болған халифа Абдолуахит (1940 ж.қ.б.) бабамыз тұсында өзі бірнеше рет аяқтай барып, жария зікірге қатынасқан, НКВД-ның қыспағында жүрген діндес бауырларын қолдаған. Сұпылық амалдарды орындауда ең бастысы Алланың алдындағы ақтық, пәктік деген, Нақышбанд баба бір силсиласы қуатты әнбиелерден тұратын, соны малданып, ізгілікке, кісілікке мән бермеген бір оқушысына: - Біздің Жолда силсила ең басты нәрсе емес, - деген. Бірақ сыртына кең бабалар өздеріне қатты болған, мүридтерге, ұстаздарға өте жоғары талаптар қойған, олар шариғатты терең меңгеруге тиісті болған, сонымен бірге адамгершілік қасиеттеріне тіпті қатты сұрау болыпты, кісілігіне, ізгілігіне, ізеттілігіне өте биік мән беріліпті. Ержекемдердің бойындағы аса көркем мінез, бұл топырақта бұрын-соңды көп кездеспеген әдеп, тағдыр ісіне салихалы сабыр, бәрі-бәрі осы ілімнен келіп жатқаны көріне бастады. Шалдарымыздың осы Жолын түсінуге ұмтылысымызда мына үш нәрсені байқадық. Біріншіден, бұл ілім өте терең білікті, өте үлкен жүректі, өте ұшқыр ойды қажет ететін адамзат санасының ең бір түпкі қиырында орналасқан болмыс сияқты; екіншіден, құпия, тылсым жайттар, құбылыстар молынан кездеседі, мысалы, Нақышбанд баба артына ешқандай жазба мұра қалдырмаған, тіпті ауызынан шыққан қағидаттарды жазып алуға да рұқсат бермеген, Меккеге барғандығы жөнінде де мәлімет жоқ. Тап осындай жағдай біздің Бекет атамызға да тән екендігі белгілі. Үшіншіден, осы Жолды зерттеушілер, әсіресе батыстық ғалымдар, әрине, олардың ғылыми рационализмін, заманауи әдіс-тәсілдерін, жалпы сырт көз екендігін артықшылық ретінде мойындаймыз, дей тұрғанмен, тап сол сұңғыла дінтанушы-шығыстанушылар біздің бабалардың осы жолға шын пейілімен, Аллаға бар болмысымен ұмтылуымен түскендігін түсінбейді екен, мысалы, мүридтердің түпкі мақсаты – карьеризм деп есептейді. Осылардың бәрін ежіктеп неге айтып отырмыз? Жастар Бекет ата сынды, Размағамбет ахун сынды, Ержан хазірет сынды ұлыларымыздың бастарынан нені, қалай, қашан өткергенін білсін деп отырмыз. Олар осы Жолды таңдағанда тек қарақан басын ойламаған шығар, өскен ортасын ойлаған шығар, қаумалаған халқын, елін ойлаған шығар. Өздері аса құрметтеп, терең түсінген Жолда «Маңғыстаудың да бір баласы жүру қажет» деп ойлаған шығар, сөйтіп, осы Жолға түскен шығар. Арды ойлаған шығар, ар-намысты ұл мен қызды ойлаған шығар. Маңғыстауға, жалпы қазақ жеріне төнген қауіптен бір құтқарса, осы Жол құтқарады деп ойлаған шығар. Міне, осы әулиелердің атқарған амалы мен оқыған дұғасы қабыл болып, тәуелсіз Қазақ елінде өсіп-өніп жатырмыз. Яғни бұл ұлылардың алдында орасан үлкен қа- рыздарымыз бар. Ол қарыздарды өтеу үшін олардың өмір жолдарын зерттеуіміз керек, кейінгіге үлгі етіп ұсынуымыз керек, осы Жолға түсуге бет алған жастарды қолдауымыз керек. Қалдырған мұраларын сақтауымыз керек, қағидаттарын бұлжытпай ұстануымыз керек. Өз бастарына, Қаразым мен Бұқардағы ұстаздарының бастарына жиі-жиі зияраттауымыз керек, осыны елдік үрдісімізге айналды- руымыз керек.
Алқажан ЕДІЛХАН, өлкетанушы
"Маңғыстау" газеті, 2019 жылғы 31 қаңтардағы №16-17 саны