Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен аппарат жиынында бірнеше маңызды мәселе қаралды. Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларының орындалысы кеңінен талқыланып, сала басшыларына біраз міндеттеме жүктелді. Тұрғындардың денсаулығына баса назар аударылып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жолдары пысықталды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша халықтың, соның ішінде «Жастар жылында» жас отбасылардың баспанамен қамтылу мәселесі қозғалды. Өңірдегі индустриялды-инновациялық жобалардың іске асуы, инвесторларды тарту мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар Е.Тоғжанов өңірді өркендетудің ең маңызды жолы туризмді дамыту керек екенін алға тартып, осы жөнінде өзінің орынбасары Ө.Бисақаев пен облыстық туризм басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ облыстағы жол құрылысының жаңа жылдағы жаңа жобалары айтылып, ауыл шаруашылығы өнімін арттыру мәселесі басты назарға алынды.
Сонымен өңіріміздегі ауыл шаруашылығына келетін болсақ, басқарма басшысы Серік Қалдығұл жоспар бойынша осы жылдың аяғына дейін облыс тұрғындарын жергілікті ет өнімдерімен қамтамасыз етуді 50%-ға дейін жеткізетінін айтты. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 36%-ды құрап отыр. Бұл өз кезегінде отандық өнімді тұтынып, халықты сапалы тағамдармен қамтамасыз етуде жақсы көрсеткіш болмақ. Қазіргі таңда тағы бір басты мәселелердің бірі – жол құрылысы, соның ішінде ауылдардың қалаға қатынайтын бағыты, ауылішілік, қалаішілік жолдар. Осы бойынша Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Алтаев жол құрылысына байланысты 2019 жылы орындалатын жобаларды айтып өтті. Облыстық және жергілікті жолдарды қайта құрылымдау бойынша «Ақтау–Қаламқас», «Таушық–Шетпе», «Ата жолы», «Жыңғылды–Шайыр–Шерқала мекені», «Құрық–Порт–Құрық», «Шетпе–Қызан» (Тасмұрын–Мәстек учаскесі) автомобиль жолдары, орташа жөндеу бойынша «Ақтау–Қаламқас», «Шетпе–Ұштаған», Тұщықұдық ауылына кіре берістегі жолдарының құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар биылдан бастап Елбасының тапсырмасына орай ұлттық жоспарға өзгеріс енді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Берішбаев аппарат жиынында айтып өтті. «2019 жылдан бастап мүгедектердің құқықтары туралы ұлттық жоспар жасақталуда. Жоспардың негізгі мақсаты – БҰҰ-ның конвенциясының талаптарын жүзеге асыру. Жоспар да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тек қана әлеуметтік объектілерде ғана емес, барлық объектілерге кедергісіз қолжетімділігін қамту жоспарлануда»,– деді. Білім саласында да айтарлықтай жағымды жаңалық бар. Биыл студенттер үшін 710 орынға арналған 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев айтты.Айгүл ОРЫНБАЕВА, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ