©
Осы уақытқа дейін «Ниет Строй Сервис» ЖШС-ға тиесілі, қаламызда орналасқан «Алия», «Бойтұмар», «Шәмші» тұрғын үй кешендерінің бірқатар салымшысы алданып қалғанын жариялаған болатынбыз. Қомақты қаржы шығындап, баспаналы болуға ұмтылған салымшылардың көбі қалың бұқарадан. Аталған мәселенің өзектілігін ескеріп, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов көңілі күпті болған көпшілікпен жүздесті. Жиын барысында алданып қалған салымшылардың мәселесі облыс әкімдігінің қолдауымен оң шешімін тапты. Жоғарыда атап өткен «Ниет Строй Сервис» ЖШС-ның тұрғызып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын ары қарай «K7GROUP» ЖШС жалғастырады. Аталған құрылыс компаниясының директоры Бақыт Өксікбаев салымшылардың өтінішін ескерусіз қалдырмай, «Алия», «Бойтұмар», «Шәмші» тұрғын үй кешендерін толықтай өз қаржысына салып беретінін жеткізді. – 2008 жылдан бері осы секілді шиеленіске толы мәселелердің тізімі азаймай тұрған болатын. Былтыр алты тұрғын үй кешенінің алданып қалған салымшыларының мәселелерін шешіп бердік. Тағы біреуі Жоғарғы соттың қарауында жатыр. Бұл атқарылған істердің бәрі оңайшылықпен келіп жатқан жоқ. Қаншама арыз-шағым, өтініштер бір бөлек, құжат жүзінде шындығына қанығудың өзі талай уақытты талап етеді. Бір жылдан аса уақыт өтті, облысымыздағы біршама бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтарымыз алданып қалмасын деп ескерту жасап келе жатырмыз. Әлі де хабарлана бермек. Бізге баспаналы болсам деген жандардың мақсатына жеткені керек, – деп Ералы Тоғжанов бұл мәселенің маңыздылығын атап көрсетті. Ескере кетері, тұрғын үйге салған қаржысын кері қайтарып алғысы келетін салымшылардың ақшасы 2–6 ай аралығында қайтарылып берілетіні жиын соңында қосымша айтылды. Үлескерлер әкімдік тарапынан жасалған көмекке ризашылығын білдіріп, бірауыздан құрылысты жалғастырушы компанияға сенім білдіретіндерін айтты.Мадияр ТӨЛЕУОВ