тұрғын үй ЖК Әлия turgyn ui jk Aliya
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

Ақтауда бір пәтерді бірнеше адамға сатқан компанияның тұрғын үйлерінің құрылысын басқа компания жалғастыратын болды. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовтың «Ниет Строй Сервис» компаниясының салымшыларымен кездесуінде белгілі болды. Жергілікті билік пен тұрғындардың кездесуі 2019 жылдың 2 ақпанында «Абай» МДК-да өтті. 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында салынып жатқан «Әлия» тұрғын үй кешенінде дау туып, бір пәтердің бірнеше адамға сатылғаны анықталған еді. Компания 160 пәтерді 220 адамға сатқан.

Артынша дәл осындай жағдай «Бойтұмар» тұрғын үй кешенінде де анықталды. Бұл екі тұрғын үйді де «Ниет Строй Сервис» ЖШС салып жатқан.

Сенбі күні Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов «Алия», «Бойтұмар», «Шәмші» тұрғын үй кешендерінің салымшыларымен кездесті. Жиында қала әкімі тұрғын үй аламыз деп алданып қалған үлескердің мәселесі Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес шешімін табатынын жеткізді. Енді аталған тұрғын үйлердің құрылысын «К7GROUP» ЖШС жалғастырады.

«Жиынға қатысқан құрылыс компаниясының директоры Бақыт Өксікбаев «Алия», «Бойтұмар», «Шәмші» тұрғын үй кешендерінің құрылысын өз мойнына алып, жеке қаражатына жалғастыратынын айтты. Ал тұрғын үйге салған қаражатын кері қайтарғысы келетін салымшылар үшін ақшасы 2-6 ай ішінде қайтарылатынын да атап өтті», — деп хабарлады Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Құрылыс компаниясынан зардап шеккен тұрғындардың арызы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын жазған еді. Оның құрамында қалалық әкімдіктің, қалалық прокуратураның, қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері бар. Қазір аталған топ алданған үлескерлердің мәселесімен айналысып жатыр.

Егер сіз аталған компаниядан үй алып, келісімшарт жасап, ақшаңызды төлеп қойған болсаңыз, қалалық сәулет және құрылыс бөліміне 50-47-09; 33-65-02 нөмірімен байланысыңыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз