©
Шетпені жағалай орналасқан тас уату карьерлерінен шыққан шаң-тозаңды азайту мәселесін күн тәртібінен түсірмей, қадағалауда ұстап отырмыз. Маңғыстау ауданы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанынан белсенді азаматтар мен атқарушы орган мүшелерінен құрылған комиссия мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Мәселен, аудан әкімі карьер басшыларымен тоқсанына бір рет кездесіп, жиналыс өткізіп отырады. Партияның аудандық филиалы мәжіліс залында өткен кезекті жиында карьер басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Жер қойнауын пайдаланушы карьерлер көлік жолдарына үнемі су сеуіп, өнім өндіру барысында шаң көтерілмеуін қатаң бақылауға алуы тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормаларды қатаң сақтау туралы барлық карьер басшыларына талап қойылды. Атмосфералық ауа көрсеткіштеріне ҚР ДСМ «ҰСО» ШЖҚ РМК филиалының аудандық бөлімшесімен бірлесіп, мониторингтік бақылауды жүргізу аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Д.Ашықбаеваға жүктелді. Сондай-ақ Шетпе селосы әкімі М.Мүтәллаповты қатыстыра отырып, облыстық табиғатты қорғау прокуратура мамандары мен экология департаменті басшыларымен ұйымдастырылған кездесуде ауыл тұрғындарының талап-тілектері жеткізілді. Нәтижесінде «Теміртас», «Нұра», «Карьертау», «Қазына- Маңғыстау», «Жаңаорпа-2», «МКДСМ» карьерлерінде су ұңғылары қазылып, 10 карьерде суды бүрку қондырғылары орнатылды. Алдағы уақытта да Шетпенің экологиялық жағдайын назарда ұстап, жер қойнауын пайдаланушы өндірістік мекемелердің ҚР заңнамасында көрсетілген міндеттер мен экологиялық талаптарды қатаң сақтауына тиісті құзырлы органдар арқылы ықпал ете беретін боламыз.А.ОРДАБАЕВА, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары