©
Түпқараған аудандық қоғамдық кеңестің төралқа мәжілісі өтті. Мұнда Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Қ.Ережеповтің хаты бойынша аудан әкімі А.Хамиевтің "Ақтау - Форт-Шевченко" қалааралық жолының 14-28 шақырымдық кесіндісін жарықтандыру туралы сұрағы қаралды. Осы мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Жантуаровтың ақпараты тыңдалды. - Жарықтандыру жұмысын өткізу туралы мемлекеттік сатып алу конкурсы 2018 жылдың 7 сәуірінде өтіп, «Айком ЛТД» ЖШС жеңімпаз болып танылған. 2018 жылы аудандық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінген. Келісімшарт сомасы 185053,28 мың теңге. Былтыр жол бойына 6 кешенді трансформаторлық қосалқы станса орнатылып, ток жеткізетін бағаналар орнатылған. 2019 жылға 139 000 мың теңге бөлініп, жұмыс басталды. 2019 жылдың мамыр айына дейін жұмысты аяқтау жоспарда бар. Жарықтандыру кесіндісін 13-27 шақырымға өзгерту және жарық шамдарын соңғы үлгідегі нұсқаға аудару туралы ұсынысымыз дайын. Төралқа бөлімі жұмыстың жайы туралы ақпаратты қаперге алып, қосымша шығыстар қажет етілмейтінін ескере отырып, жобаға өзгерістер енгізуге келісім берді. Сонымен бірге төралқа жолдың жаяу адам қатынауға арналған жолақтарының түн мезгіліндегі көрнекілігін жақсарту мақсатында сол маңдағы жарықтандыру шамдарының түсін өзге түске өзгерту туралы ұсыныс жасады. Қаралған мәселелер бойынша қарар қабылданды.Ақпарат Түпқараған аудандық қоғамдық кеңес парақшасынан алынды