Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы бойынша міндеттердің орындалуын талқылау мақсатында Маңғыстау облысына келген ҚР Мәжіліс депутаттары өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік қызметкерлермен және жергілікті бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл Ұлттық бюросы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық басқармасы, сонымен қатар мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі қызметкерлері, «Kazakh Invest» АҚ филиалы өкілдері қатысты. Жиын жұмысында Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық ісәрекеттеріне жол бермеуі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бизнесті қолдау бойынша жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, жастарды кәсіпкерлікке баулу мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың өзекті стратегиялық мақсаттары мен міндеттері, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл саласындағы заңнамаларды жетілдірудің негізгі бағыттарымен танысып, ойпікірлерін ортаға салды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Нұргүл Жанназарова өңірде сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қоғамның дамуына кері әсер ететін құбылыстың жан-жақты мәселелері бар екенін атап кетті. «Тендерді жеңіп алу үшін бизнесмендердің өздері де араласып жататын жайттар аз емес. Құжаттар жайына келер болсақ, қазір қай жерге барсаңыз да әртүрлі мекемелерде жемқорлыққа жол бермеу бағытында үлкен ауқымда шаралар өткізіліп жатыр. Біз бұрын бір ай күтетін нәрсе қазір бір аптада шешіледі, бес күн күтетін шаруаны бір күнде реттеуге болатын мүмкіндіктер туды. Осыған қарамастан жемқорлық әрекеттері де бүгінгі таңда көрініс тауып жатады. Сондықтан біздің өтінішіміз еліміздің дамуына кері әсер ететін жемқорлық мәселелері бойынша пікір-кеңестеріңізді айтып, жемқорлыққа қарсы ісқимыл саласындағы заңнамаларды жан-жақты талқылап, қоғамға тереңірек жеткізсеңіздер дейміз. Ал өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстың әлеуетін арттырудағы маңызы айрықша екенін айтып өткім келеді. Кәсіпкерлер палатасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнесті қолдау бастамасы аясында аймақта үлкен істерді атқарып келеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтардағы іс-қимылымен, оның ішінде жұртшылыққа бизнес жүргізу негіздерін үйрету саласындағы жұмыстары да жылдан жылға дамып, өркендей түсуде. Бұл бағыт бойынша мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижелері бүгінде айқын көрініс тауып отыр. Айтылып жатқан сөздердің, көтерілген мәселелердің орны бар. Қоғамдағы проблемаларды атын атап, түсін түстеп айтпай, жасырғаннан ешқандай нәтиже шықпайды, еліміздің өркендеп дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстар ды жалғастырамыз», – дейді департамент жетекшісі Нұргүл Алмасқызы. Жиын барысында халық қалаулылары маңғыстаулықтарды Елбасы Жолдауындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы басымдықтарды жүзеге асыруға қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырды. «Жемқорлық мәселесінде екі тараптың, яғни алатын адамның да, беретін адамның да тікелей қатысы бар. Осыған қатысты заңды қанша күшейтіп, қатаңдатса да қоғамда бұл істер жалғасып жатыр. Қазір цифрлан дыру бағдарламасы мемлекеттік ауқымда жүргізіліп келеді. Осы ретте әрбір министрлік, ведомство өз саласында бұл бағыттарда өз жұмыстарын жетілдіре бастады. Кейінгі интеграциялау мәселесі де маңызды, себебі сол цифрландыру жүйесінде біз осы сыбайлас жемқорлықты жеңуге тағы бір қадам алға басамыз деген үміттеміз», – дейді ҚР Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова. Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Қайролла Ережепов қоғамның дамуына қолбайлау болған түйткілді мәселелерді жеткізді. Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы күрес кәсіпкерлік саласында да өзекті болып отыр. Бүгінгі жиынның да көздегені – осы келеңсіздіктерді болдырмау, алдын алу. «Бүгінгі депутаттардың мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті, әдеп жөніндегі кеңесімен өткен кездесуінің мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлықтан аулақ болуға, жемқорлық ісәрекеттеріне жол бермеуге үндеу. Жемқорлық әрекеттері кәсіпкерлердің де қатысуымен болатыны сөзсіз. Көбі түрлі тендер мәселелеріне қатысты. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу туралы заңның орындалуы бар, тәртіп бар, ереже бар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мына қолданыстағы заң жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын да айтуымыз керек. Дейтұрғанмен ішінара пара, жемқорлық деген келеңсіздіктерге тосқауыл қоя алмай жатқан тұстары бар. Менің депутаттарға қойған мәселем де осы заңнамаларды талқылаған уақытта әлде де құнттаңқырап қараса деген өтініш. Екіншіден, әртүрлі тендерлерге қатысты мәселелер. Қазір жылдың басы. Тендерлердің бәрі өтіп, мердігерлер өз қаржыларын алып жұмыстарына кірісіп кетті. Кей кезде тендерлер жыл ортасы ауып кеткенше шешілмей жатады. Бұл не деген сөз? Бұл – мердігер жұмыссыз, оған қарасты жұмысшылар да бос отыр деген сөз. Міне, осы мәселелер оңтайлы шешімін тапса екен», – дейді қоғам қайраткері Қайролла Жеткізгенұлы. «Жиында талқыланған тақырыптар өте өзекті болды. Оған қатысты өз ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Қоғам өкілдері қойған сауалдардың, көтерген мәселелердің барлығын мемлекеттік деңгейде көтереміз деп ойлаймыз», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. Жиын барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметкерлердің әдеп ережелерін сақтау тақырыбындағы мәселелерді талқылады. Елбасы Жолдауының басымдықтарын нәтижелі жүзеге асыру жолдарын жан-жақты талқылаған халық қалаулылары қоғамның барлық әлеуметтік топтарын елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Жайық НАҒЫМАШ