©
Өзім - осы жылы мектеп бітіретіндердің бірімін. Байқау тестілеуінен алып жүрген ұпайым көңіл куантпайды. Осы себепті де қосымша білім беру орталықтарына баруға тура келді. Ал ұстаздар биылғы ұлттық тестілеуге мектеп жауапты еместігін айтады. Шынайы жанашырлық танытып көмектесіп жүрген ұстаздарыма алғыс айтамын. Дегенмен олардың ішінде маған керекті пән мұғалімдері жоқ. Мен оқитын мектептің 64 түлегі мен БИЛ және Экономиқалық лицейдің 150-ден аса бітірушілерін қосқанда саны 200-ден асады. Олардың 72%-ы қосымша білім беру орталықтарына барады. Олардың 32%-ы шет тілін, 23%-ы физиканы, 20% -дан көбі басқа да пәндерді оқытатын арнайы курстарға қатысады. Менің қарастырып отырғаным - облыстағы мамандандырылған, тереңдетіп оқытатын мектептердің деңгей көрсеткіші. Мұнан басқа жалпы білім беретін мектептердің жағдайын айтпасақ та түсінікті. Орталықтарға балалар білімін жетілдіру үшін барады. Жастардың бұл ізденісі көңіл қуантады. Алайда қынжылтатыны - орталықтардың оқушының бұл талпынысын табыс көзіне айналдыруы. Қосымша курстардағы үйрету процесінің жәй өтуінің сыры да осында. Курсқа қанша ұзақ қатысасыз, соншалықты көп төлейсіз. Ал оқудың бағасы менің анамның бір айлық жалақысына татиды. Осы айда өз бетіммен дайындалғым келді. Алдыма кітапты жайып, қолыма қалам алдым, бар зейінімді салдым. Есесіне курста бір айлап өткен тақырыптарды екі аптада меңгердім. Онда берілетін білім мектеп қабырғасындағы тақырыптарды қамтиды. Артық ештеңе жоқ. Ең бастысы еңбектеніңіз. “Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді”, еңбегі ақталмаған қаншама түлектер бар” – деп ойлап отырған шығарсыз. Әйтсе де бұйыру үшін жүгіру керектігін ұмытпағайсыз. Оқырман, егер сіз төменгі сынып оқушысы болсаңыз қазірден еңбектеніңіз. Кітап бетіндегі әрбір құнды мәліметті түртіп алып отырыңыз. Сонда ғана жоғары сыныпқа жеткенде мен секілді сан-саққа жүгірмейсіз. Ал бітіруші түлек болсаңыз менің жай-күйіммен таныс шығарсыз. Сізге мұқалмас жігер, рухани күш қайрат тілеймін! Ең бастысы өз күшіңізге сеніңіз.Анзия Асанова, Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылы