Сонау Кеңес үкіметі кезінде, 1976 жылы қазіргі Қарақия ауданы, Құрық кентіндегі №1 мектепті бірге бітірген досым Жалғас Иманбаев есіме түсіп отыр. Біз оны Жаке дейтінбіз. Өте сергек. Домбыраны бала кезінен жақсы көретін. Сабақты да жақсы оқитын. Мектеп бітірген соң біраз түлек болып Алматы қаласына білім іздеп сапарға аттандық. Ол түлектердің ішінде Көбек Нұрбергенов, Асылбек Мұратов, Жалғас пен Базарбай, Алма мен Ғалия сияқты ұл-қыздар бар болатын. Әрқайсысымыз әртүрлі бағытты таңдадық. Мысалы, Көбек пен Асылбек құрылыс мамандығын, Жалғас пен Базарбай мұнайшы мамандығын, ал Алма мен Ғалия денсаулық сақтау саласын, ал мен педагогикадан математика мамандығын таңдағанбыз. Барлығымыз өз қалаған мамандығымыз бойынша оқуға түсіп кеттік. Көңіліміз пәк, еш уайымсыз балалық шағымызбен қоштасатын да сәтіміз келгенін студент болғанда сезіне бастадық. Ауылымызды, ата-анамызды, тумаластарымызды, тіпті бітіріп кеткен мектебімізді, мектептен келген соң үй шаруасын тындырып, сабақ оқып болғасын ойнайтын ойнымызды сағына бастадық. Сөйтіп, күндер де сағым жылдардың бір елесі болып артта қала берді. Күнделікті сабаққа қатысу, кітапханада тапсырмаларды орындау, алдағы сессияға дайындалу, сенбі, жексенбіде жерлестер болып кездесулермен жүргенде студенттік өмірдің де тәмамдалғанын білмей қалыппыз. Осылайша Жакемен Алматыда студенттік өміріміз бірге өтті. Жерлестер болып кездескенде Жаке отырған жерде домбырамен күй күмбірлеп, ән салумен отырыстың көркі кіретін. Ол сол кездің өзінде домбыра оркестріне қатысып, Мәскеуде өткен домбырадан оркестрлер сайысына қатысып, ол сайыстың жүлдегері болды. Жалғас Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық институттың мұнай факультетін бітіріп, елге оралғасын еңбек жолын НГДУ «Комсомольскнефть» мекемесінде, «Қаламқас» кенорнында оператордан бастады. Сол жұмысында оператордан цех басшысы қызметіне дейін көтерілді. Басшылар Жалғасты тек жақсы жағынан көргендіктен оған осы кенорнында жұмыстың ауыр жағын тапсыратын. Жаке өзі де ешқандай қиындықтан мойымай, мұнай өндірудің қиындау жерлерінен табылатын, сондықтан еңбексүйгіш Жалғасты тек мекеме басшылары ғана емес, жай кез келген өз қоластында жұмыс істейтін жұмысшылар да ұнататын. «Қаламқас» кенорнында бір күні апат болады. Сол кезде тап болған қиындықты Жалғас өз міндетіне кездескен ауыр жағдайдан шығу жолына асқан жауапкершілікпен қарап, ол қиындықтан қалай шығу керектігін өзі шешеді. Апат болған жерге төтенше жағдай және өрт сөндіру мекемесімен көмек келгенше Жалғас Алтайұлының басшылығымен барлық іс шешіліп қояды. Жалғастың бұл ісін көрген өрт сөндіру қауіпсіздігі мекемесінің басшысы оған жақындап келіп, оның бұл ерлігін республика деңгейінде марапат жариялауға қарсы болмауын сұрағанда, Жалғас бірден қарсы болды. Сол кезде жоғары марапат орден болатын. Оған Жаке «бақыт марапатта, орденде емес», деп қарсылық білдіргенде мекеме басшысы қатты таңғалды. Бұл да Жакеңнің өз ісіне берілгендігінің, жоғары деңгейде жауапкершілігінің, ең бастысы өте қарапайымдылығының белгісі болатын. Жакеңнің жетекшілігінде тәжірибеден өткен адамның өз кәсібі жайында алатын білімі мен білігі жоғары болып шығатын. Сондықтан Жакеңде жұмыс істеген әр жұмысшы, ол кісімен өткізген жұмыс уақыттарын әрдайым естеріне түсіріп айтып жүреді. Жалғас Алтайұлы жақсы тәлімгер де бола білді. Мұнай кенорны басшыларының Жалғас Алтайұлы ұсынған адамды жұмысқа бірден алатын себебі, Жакең жұмысқа алатын адамның қаншалықты өз жұмысын меңгере алатынын дәл айтатындығында. Уақыт өте келе, ол мұнай бұрғылау, оны өндіру істерін терең меңгерумен қатар, өңдеу және мұнайды тасымалдау тәсілдерін зерттей бастайды. Тәжірибелі маман болып, мұнайшылар арасында жоғары беделге ие болады. Еліміз егемендігін алғалы Маңғыстау түбегінің көптеген кенорындарын өңдеуде, мәселен, «Қаламқас», «Жалғызтөбе», «Қаратұрын» мұнайын бұрғылауда, өндіруде және оны өңдеу мен тасымалдауда өзін негізгі де жауапты тұлға ретінде танытты. Бүгінгі таңда Маңғыстау түбегінің кез келген кенорнын өңдеуде өз ісінің шебері, атақты мұнайшы шетелдердің де көптеген мұнайшыларын өз біліктілігімен таңғалдырып жүр. Егеменді еліне 40 жылға жуық уақыттан бері адал қызмет жасап келе жатқан, білімі мен біліктілігі жарасқан, мұнай саласының майталманы Жалғас Иманбаев – келешек жастарымызға үлгі. Маңғыстаудың кешегі сары баласы, елімізде рухани өсіп-өніп, білім алып, маман иесі болып, қоғамға, дәлірек айтсақ, өзі туған Маңғыстау түбегіне бір кірпіш болып қаланып, қоғамда өзінің үлкен орнын тапты.
Бұлдырық СҮЛЕЙМЕНОВА, Ш.Есенов атындағы КМТИУ профессоры.