©
Ұзындығы 10, ені 8 шақырымды құрайтын «Қошқар ата» ойпаты – Маңғыстаудың танымал жерлерінің бірі. Бұл көл – кезінде Маңғыстау жұртшылығының көз қуанышы болған жер. Түбіне тұнған 16 миллион 700 мың тонна ас тұзы өз кезегінде халықтың еміне қолданылып, қара балшығы пайдаға жарап, тұрғындардың денсаулығына зор үлесін қосқан өлі табиғаттың бір жаратылысы еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, көлдің түбінде жатқан ас тұзы таптырмас таза өнім болатын. Ас тұзының формуласы – натрий болса, сол элементтің 90–95%-ы осы жерден табылатын. Үлкендердің айтуы бойынша, «Қошқар ата» көлінің маңын кезінде шағалалар өте көп мекендеген. Сол кездегі ойын балалары талай етектерін толтырып шағаланың жұмыртқасын үйлеріне тасыған кездері де болған екен. Осылайша тұрақты су алқабы, ойын балалары, жайқалған қамыстар шырайын келтірген «Қошқар ата» көлі бүгінде «қалдықтар қоймасына» айналды. Онысымен қоймай Маңғыстаудағы экологиясы өте лас бірден-бір аймақ болып шыға келді. Қазіргі таңда көлдің бетіне 30 жыл бойы үздіксіз төгілген улы заттардың салдарынан 105 миллион тонна қатты қалдық қатып жатыр. Бұл қалдық ойпаттың 66 шаршы метр жерін алуда. Қазіргі таңда «Қошқар ата» ойпатындағы қауіпті мәселе жел тұрған кезде қалдықтардың жан-жаққа ұшуында болып отыр. Ол көбіне әуежай және Маңғыстау 3, 4 ауылдарына қарай тарайтыны қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Бірден әсері болмаса да ұзақ жылдардан кейін зардабының тиетіні белгілі. Тағы бір айта кетерлігі, өндіріс орындары өз жұмысын тоқтатқаннан кейін «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының қауіпті құрғақ жерлері тікенді сыммен қоршалған. Сонымен қатар сол маңнан арнайы ор қазылып, кейбір уытты қалдықтар көмілген. Алайда сол жылдары өзге мемлекеттен келген азаматтар көмілген улы заттарды асыл металдар деп ойлап қазуға кіріскен. Онымен қоймай, арнайы металл тапсыратын жерлерге де апарған. Керек десеңіз, «Мынау радиация өміріңізге қауіпті, жақындамаңыз» деп қаққан темір белгілерді де түбінен кесіп алып кеткен жағдайлар да болған екен. Бұның барлығы сол кездерде «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының зиянды жағы туралы ақпарат халыққа дұрыс жетпегеннен болған көрінеді. Бұл туралы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы Орынбасар Тоқжанов сұхбат барысында айтқан болатын. Осындай жағдайлар жиі орын ала бастаған соң, мамандардың арнайы жобалар жасауына тура келген. Содан барып қалдықтар көмілген жердің үсті қалыңдығы 25 см темір бетонмен жабылып, оның үстіне бір метр топырақ төселіп, барлығы 20 гектардан астам аумақ бетондалған. Сосын жан-жағына ор қазылған. Яғни, ішкі аумағына адам да, мал да кіре алмайтындай жағдай жасалған. Өзге де қауіпті радиациялық фон беріп жатқан жерлерге ұшпайтын қиыршық тас аралас топырақ төгілген. Жалпы алғанда 65 гектар жер залалсыздандырылған. Қазіргі таңда ол жердің қауіпсіздігі мезгіл-мезгіл өлшеніп тұрады екен. Одан бөлек уытты қалдықтардың шаңытуын бәсеңдету мақсатында қалдық қоймасына жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан шыққан 8-8,5 млн. м3 су айдалып келіп отырған. Бірақ ол өз тиімсіздігін көрсетті дейді мамандар. Алайда ағаш отырғызу жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда. Мәселен, көгалдандыру жұмыстарының 2018 жылы 50%-ы орындалса, қалғаны 2019-2020 жылдары 100%-ға аяқталмақ. Экологиялық қысым байқалған бұл аймаққа кезінде көп зерттеулер жүргізілген. Сол зерттеулердің арқасында бүгінгі таңда қойманың бүлінген экологиясы толықтай қолға алынып жатыр. Бұрын иесіз қалған «Қошқар ата» ойпатындағы қалдықтар бүгінгі таңда заңды түрде республиканың меншігіне өтті. Нақтырақ айтсақ, ол Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің балансына берілген. Ендігі мәселе кеуіп кеткен қауіпті жердің барлығы залалсыздандырылуы керек. Осы мақсатта 2017 жылы арнайы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес республикалық бюджеттен 1 млрд. 7 миллион 518 мың 159 теңге бөлініп, 4 жылдың ішінде жұмыс толықтай аяқталуы керек еді. Әйтсе де, бұл жобаның тиімділігі мен қаржысы қайтадан сарапталып жатыр екен. Бұл жөнінде Маңғыстау өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков мәлімдеді. «Біз үшін де, халық үшін де ең маңызды экологиялық тақырыптың бірі ол – «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы. Бұл жөнінде Елбасымыз да хабардар. Оны толықтай залалсыздандыру – ең бірінші мәселе болып тұр. Осыған байланысты қарастырылған қаражат мәселесі былтыр шешілуі керек еді. Алайда жыл соңында Қаржы министрлігі бұл мәселелерге тексеріс жүргізді. Соның қорытындысы бойынша «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру мақсатында жасалған жобалық-сметалық құжатты қайтадан жасақтау бойынша ұсыныс айтылды. Қазіргі заман талабына сай тиімді жолдарын да қарастыру керек екенін жеткізді. Алдағы уақытта басқа да технологиялар табылып қалуы мүмкін. Осыған орай жобалық-сметалық құжатты қайтадан жасау қолға алынды. Әзірге нақты айтар хабарымыз – осы. Сондықтан жақын арада осыған байланысты қандай да бір шешімін тапқан ақпарат болса сіздермен бөлісетін боламыз», – деді. Әйтсе де, тұрғындар бір нәрсені әлі ескермей жүр. Осы күнге дейін ірі қара малдары осы ойпатта жайылуда. Одан кейін оның еті, сүті адам ағзасына өте зиянды. Сол үшін мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға арнайы мамандар қатаң ескерту жасайды. Себебі «Қошқар ата» қалдық қоймасының қаупін толықтай жою үшін әлі біршама уақыт керек.Айгүл ОРЫНБАЕВА