Күні кеше қоштасқан 2018 жылы Маңғыстау энергокомбинатының құрылғанына 50 жыл, ал облыс орталығы ақмаржан қала Ақтаудың іргетасының қаланғанына 55 жыл толды. Сол Ақтау қаласын ауыз сумен қамтамасыз етуде, Құйылыс ірі жерасты су кенішін ашып, маңдай терін төккен атпал азамат, түбектің алғашқы гидрогеологының бірі - Қалмұханбет Сұпығазыұлы еді. Қалмұханбет Сұпығазыұлы 1932 жылы қазіргі Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы Забурын ауылында дүниеге келген. 1939-1940 жылы В.Куйбышев атындағы орта мектептің 1-ші сыныбына қабылданып, 1949 жылы мектепті алтын медальмен бітіреді. 1956 жылы Алматыдағы тау-кен жоғарғы оқу орнын бітірген жас маман арнайы Гурьев гидрогеологиялық партиясына жіберіледі. 1956 жылы геолог Қалмұханбеттің табаны Маңғыстау топырағын басты. Жарты жылдан кейін – 1957 жылдың қаңтарында Гурьев гидрогеологиялық су барлау партиясы №45 Кольцовск экспедициясы су барлау партиясымен бірігуіне байланысты ол №45 партияға инженер су барлаушы геолог болып ауысады. Гидрогеологиялық партия сол кезде Сарытағанда-тұғын. Қалмұханбеттің әп дегендегі алғашқы қадамы ірі су барлау кешені Талқыеспе суынан басталды. Жас та болса жанындағылар Қалмұханбеттің пікіріне ден қойды. Барлай келе, жас геолог Қалмұханбет оның суының өніксіз, малға болмаса, ішуге жарамсыз екендігін анықтайды. Бұл экспедиция Құйылысқа дейін Қаратау бойын арылтты. Оның етегін жағалай қоныстанған Жыңғылды, Шайыр, Тұщыбек, Онды, Жармыш, Ақмыш елді мекендері осы тұщы су көздерін паналай жайғасқанын аңғарады. Ендігі кезекте Шетпе маңын барлап, 25-40 метр тереңдікте жатқан кернеме су иірімінің қалыңдығы 50 м-ге дейін жететіндігін анықтайды. Қолында геологиялық, топографиялық, физикалық картасы бар сұңғыла Қалмұханбет тек картаға сеніп қалмай, тұрғын кәріқұлақ ақсақалдардың сөзіне де құлақ түрді. Жергілікті жердегі құдықшыларды іздеп тауып, әңгімелерін тыңдап көрді. Жер рельефін, өсімдіктер дүниесінің бітісін қадағалаумен болды. 1956 жылы Құйылыс, Бекі маңын қайтара шолып шыққан Қалмұханбет Құйылысты бұрынғыдан да дендей барлады. Құйылыс - деп қазіргілер Ақтау қаласына жерастынан біріктіріліп, тұрбамен су тартылып жатқан мекенді таниды, ол - ағысы. Ал нағыз Құйылыс, сарқыраманың сайға құйылатын жері. Ақтау қаласына жерастынан су жинап, тұрбалар тартылып жатқан жерді жергілікті ел «Подьем» деп атайды, ол - нағыз Құйылыс басынан 3 шақырымдай қиыр батыста. Сол Құйылыстың жоғарғы қиыр шығыс жағында ылғалды жылдары суы аузы-мұрнынан шығып лықып тұратын мол қоңырдаңы бар. Одан сәл төмендеу тастақты жерде тұйығы. Қаратаудан басталып, ылғалды жылдары Шетпе кентінен батыс-оңтүстікте 12 шақырым жердегі Шақырған сайына құйылып, төмен ағатын жаңбыр, қар су осы тұйыққа келіп құйылады. Қазіргі естияр ұрпақ жігіт ағасы жасындағылар көре қалды кезінде. Шетпе тұрған жер терең қоңырдаңдар еді. Сәл жаңбыр жауып өтсе, толып машинаны жүргізбейтін. Сол қазір Жапырақтының оңтүстігі - Шетпе ойының су жиналар алқабы. Ойға толған су ағып, Шақырған сайының бойымен зулайды. Жолшыбай тағы толыға түседі де, аяғы кең ойға тіреледі. Су бұл араға солай жиналады. Табиғат жаратылысы шебер ғой, қарғын кәдімгі тау суындай күркіреп ағып, мезгілінде маңайдағы тұрғындардың түн ұйқысын бөледі. Қарғын төменгі ащының бойын жағалай Қарақия ойысына келіп құяды. Тұйықтың дәл үстіндегі биікте мосыағаш орналасқан. Жергілікті ел Құйылыс деп осы жерді атаған. Ол - Ақтау қаласынан қиыр шығысқа қарай 45 шақырым жерде. Ащының бойы бұрын қалың қамыс болатын, қазір оның бірі де жоқ. Жағалай жыңғыл өскен, бойы сортаңды. Сондығына қарамай, екі жағын да ел ертеден құтты қоныс еткен. [caption id="attachment_69956" align="aligncenter" width="655"] 1956 жылғы Құйылыстағы алғашқы экспедицияның орналасу сәті[/caption] Геологтар осы су арналарын, іркілістерін міндетті түрде білді. Қалмұханбеттің көз алдынан Құйылыстың ақшыл жүлгелері, Ащыағардың бойы кетпей қойды. Бұл мекеннен жерастынан су іздеуді ол ертеден-ақ ойластырған еді. Құйылыс маңын аямай тінткіледі, тапжылмастан әрлі-берлі барлады. Бастауларды есепке алды. Картаға шұқшиды. Он ойланып, жүз толғанды, болмаған соң, табанды Сұпығазыұлы 1957 жылы өзіне дәл Құйылыс басынан жер кепе қазып алды. Онда қазіргідей сыймайтын не дүние болсын?! Жертөленің асты сыз. Мұқаш, апасы Әсима - үшеуі жерге Құйылыстың Ащыағарының бойынан Қожа Сенбай мол етіп орып әкеліп берген қамыстың қоғасын қалың етіп төсеп, бетін жусанмен, үстін қарақағазбен жапты. Төсеніш дейтіндей төсеніш те шамалылау. Болмашы ғана брезент төселді. Азын-аулақ ыдыс-аяқтарды Мұқаш пен Әсима сол жақ қапталға орналастырды. Қалмұханбет Сұпығазыұлы түн жарымына дейін шам жарығымен қима қағаздарына шұқшиятын. Қағаздары есікке дейін созылады: барлау жыраларының деректері, геологиялық карталар мен сызбалар, скважиналардың паспорты, соңғы, бастапқы анализ нәтижелері т.б. Жазатындарын тізесіне қойып, қарындашпен жасайды. Қасындағы көршісі Мергенбаев Жексен. Ащыағардың арғы бетінде Дүйсенбайұлы Сенбай мен Айдарбаев Қалышбектің жертөлесі бар. Бастары арагідік қосылып тұрады. Жексен - мекемеге бекітіп берген шопыры. Ол Маңғыстау облысында өмірге келген. Жас кезінен еңбекке талпынып, ат жалын тартып мінгеннен-ақ Сарытаған, Ұланақ, Жыңғылды, Құйылыс, Емір жеріндегі суландыру жұмыстарына араласып, машина жүргізушісі болды. Ол араласқан қай жұмыс та оңынан оралатын. Ақтау қаласын ауыз сумен қамтамасыз етуде қиындықтарға төтеді. Ол облыс орталығы Ақтау қаласының гүлденуіне айтарлықтай үлес қосты. Өмірінің соңғы кезіне дейін Маңғыстау энергокомбинатында, құрылыста көлік жүргізушісі болып жасаған. 1957 жылғы Құйылыс жеріндегі алғашқы фонтанның атқылауын көзімен көрген адамдар сол Жексен, Сенбай, Қалышбек, Мысабай, Жақсылық, Ізмұхан ағалар. Жексен зайыбы Нұрия жеңгеміз қазір Ақтау қаласының 12-шағынауданында тұрады. Отбасының жағдайын жасаған Нұрия апа да ақ маржан қала Ақтаудың көркеюіне бір кісідей атсалысты. Қалмұханбет Құйылыс алдында Ұланақ суын ашқан болатын... Кейін ол қасындағы қызметтес серіктері Жақсылық пен Ізмұханға Құйылыста да бірге болуға қолқа салады, жолдастары мінезі әр кез жайлы азаматқа қарсы болмады. Бұл жылдарда үш адам: Сұпығазиев Қалмұханбет, Тәжібаев Жақсылық, Қасбаев Ізмұхан жұбын жазбастан, кейін де 35 жыл тату-тәтті, қанаттас қызмет етті. Кейіндеу бұларға Құйылыс бағытындағы кеніште орыс азаматы Соломин Анатолий (Толик) Сергейұлы қосылады. Қазаққа әбден сіңіскен, еңбекқор. Ол Құйылыс, Синеман, Нариман, Қараманды жерасты суларын зерттеп, іске қосуда өлшеусіз үлес қосты. Құйылыс жерасты суларының алғаш ашылуын көзімен көрген осы жылдар белесінде 1957 жылы Нұрия апаның әңгімесін келтіруді орынды деп санаймын: «Өмір, уақыт деген тез жылжиды екен. Солармен танысқан 1950 жылдарды еске алсам, көп нәрсе жадтан ұмытылып барады. Мен білетін Қалмұханбет - алғыр, жайлы, аса сабырлы, жұмыскер адам болды. Арақ ішпейді, темекі тартпайды, қоғамдық жұмысты бар ынтасымен істейтін кісі еді. Өте мәдениетті, орысшаға жетік, елінде орысша оқыған болуы керек, келіншегін де өз елінен «қартайғанда бағады» деп өзінің шешесі алып берген екен. Онымен біздің ешқандай туыстық қатысымыз болған жоқ. Бірақ менің күйеуім Мергенбаев Жексен Қалмұханбетпен екеуі бірге жұмыс жасады. Жексен оның шопыры болды. Қалмұханбеттің алған келіншегі Адайдың қызы, аты – Мүкарама, біз Мұқаш дейтінбіз. Менің күйеуім де Адай руынан болатын. Маған қайын сіңлі болды. Төркіні алыста болған соң, бізді төркін есебінде ұстап, жақсы араластық. Маңғыстауда ол кезде мал шаруашылығынан басқа көп жұмыс орны болған жоқ. Өндіріс орны болған соң, қызмет бар, ақша бар, 1950 жылдардың басында сол Сарытағанда, ал 1957-1958 жылдары Құйылыста екеуі бірге қызмет етті. Жер кепеде тұрдық. Мен білетін Қалмұханбет - Құйылыс бойын дендеп зерттеген кісі. Сіңірілген еңбектің елде есебі жоқ, біз көзбен көрген соң айтамыз. Құйылыс жерасты су кенішінің ашылуы - Қалмұханбеттің таза маңдай терінің, білімінің жемісі. Оның ең алғаш Құйылыстан су тапқандағы қуанышын көрсең! Елді мекендерді, қаланы сумен қамтамасыз етуде еңбегі ерекше еді-ау! Машина бола тұрса да, ол қырқа-қырқаның бәрін жаяу аралады. Жаяуға шаршамайтын, аяғының желі бар кісі болатын. Жүріп бара жатып, ұзақ ойланып тұратын. Бұл күнде оны көргендер, білетіндер аз ғой». Нұрия апаның бұл естелік сөзі сол уақыттың біршама тарихы мен қиындығын аңғартады. Геолог Қалмұханның санасын сандалтқан ерекше скважинаның тұсауы осылай кесілді. Бір-ақ жыл жұмыс жасаған, тәжірибесіз жас маман өзінің талабын осылай дәлелдеді. Бұл Құйылыс жеріндегі ең алғашқы ауыз су. Сор басқан сусыз жерде құдай беріп, алғашқы тұщы фонтан іске қосылғанда, жан-жақтағы малшылардың қуанышында шек болмады. Ауылдың адамдары дархан, кең ғой, шіркін! Маңайдағы малшылар ақ жарқын жүзбен жарыса келіп, геолог-маманға, Қалмұханбетке, үлкен ағалық ризашылықтарын білдірген. Даланың табиғи дархан тарихы осылар еді. 1958 жылы гидрогеолог, білімпаз Қалмұханбет Сұпығазыұлының жорамалы алдамады, болжамы текке кеткен жоқ. Атақты су маманы Құйылыстан өнікті суы бар екінші фонтанды іске қосты. Мұны жергілікті ел «Ажырықты фонтан» деп атайтын. Биіктің үстінде, суы тұщы, құмдақты жерде, жан-жағы толған ажырық. Бірінші су төбенің астында Ащыағар жағындағы жарқабақтың астындағы фонтан. Ал екіншісі төбенің үстінде, Бала Жәукен бетінде. Кешікпей 500 метр жерден және бір фонтанды іске қосты. Жұрт оны «Сенбай будка» дейтін. Бұл аймақты суландыру жұмысында онымен қатар айтарлықтай тер төккен азаматтар: Жексен Мергенбаев, Ізмұхан Қасбаев, Жақсылық Тәжібаевтар еді. [caption id="attachment_69954" align="alignleft" width="202"] Жақсылық Тәжібаев[/caption] Жақсылық Тәжібаев - Сұпығазыұлы Қалмұханбетпен ұзақ жыл қоян-қолтық жұмыс жасаған, оның өмір тарихын өлкедегі бірден-бір жақсы білетін адам. Жақсылық Тәжібайұлы Қосбармақ руынан. Жыңғылды жерінде 1931 жылы 4 қыркүйекте өмірге келген. Ол 16 жасынан еңбекке араласқан. Сарытаған, Ұланақ, Жыңғылды, Құйылыс, Емір жеріндегі суландыру жұмыстарына белшешпестен араласқан еңбек майталманы. Өлкені суландыруға, шаруашылығын дамытуға, экономикасын өркендетуде, әсіресе, Бала Жәукен жерінде тұрып, Ақтау қаласын ауыз сумен қамтамасыз етуде бір кісідей атсалысты. Өмірінің соңғы кезіне дейін Маңғыстау энергокомбинатында слесарь болып істеп, Жәукен жерінде 2009 жылы өмірден өтті. Қазір зайыбы Сәнім Ақтау қаласында тұрады. Бірталай жыл теміржолда жұмыс жасап, сол жерден алтын құрсақты ана зейнеткерлікке шықты. Ізмұхан Қасбаев - 1928 жылы 2 ақпанда бұрынғы Гурьев облысы Таушық селосында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қасбай - Жарының Тоқтамыс Досмамбеті, оның Күмісбайынан тарайды. Ізмұхан Қасбаев жас кезінен бастап жұмысшы, кәмелет жасқа толған соң, көлік жүргізушісі болып жасаған. Ол өз өлкесінің көркейіп гүлденуіне бір кісідей атсалысқан азамат. Басында Сарытаған, Ұланақ, Жыңғылды, Құйылыс, Емір жеріндегі суландыру жұмыстарына араласқан еңбек майталманы. Ақтау қаласын ауыз сумен қамтамасыз етуде бір кісідей атсалысты. Өмірінің соңғы кезіне дейін Маңғыстау энергокомбинатында көлік жүргізушісі болып жасаған. Қайырымды Ізмұхан еңбекте абыройлы, әр түрлі сыйлықтар мен грамота – марапаттауларға ие болды. Өзі еңбек етіп, қолымен құрған жерасты су арнасы Емір жерінде ұзақ жыл берекелі қоныстанды. 1986 жылы тамыз айында бақилық болды. Құйылыс жерінен бірінен соң бірі ауыз су ашылған соң, оны шаруашылыққа жаратуда бірінші колхозшылар мүдделі болды. Құйылыс – қашаннан «Қызылтаңға» қарасты жер. Колхоз басшысы, ауыл шаруашылығы саласының ақиығы Ауман Байдолов 1957 жылдың аяғында күйсіз малдарды осы жерден жемдеп, қыстық азық шөбін нақ Құйылыстан қамтамасыз етуді ойластырады. Құйылыс әуелден малға таптырмайтын кең өрісті жер еді, әрі жан-жағы қамашау, күйсіз малға жылы. Олар, бірінші, қотыр ірі қараны оқшаулады. Сенбайға: «Жасыңыз үлкен ағасыз (Сенбайдың Ауманнан 9 жастай үлкендігі бар), тәжірибеңіз жеткілікті, біраз жыл қызметтес болдық («Қызылтаңға» басшы болып келмей тұрғанда – Таушықтағы алдында прокуратурадан босап қалған Адай жылқысын асылдандыру кеңсесіне асыл мал апарып, танысқан). Енді отгонға, еш жерге көшпейсіз, тұрақтап, осы жерге колхоз малына жоңышқа егесіз, суыңыз жаныңызда, геологіңіз қасыңызда, қоғам малының жағдайы жасалатын болсын!», – деп тапсырады. Басшының өтініші болар, Қалмұханбет осы жерден суға жақындатып, Ащыағардың арғы бетінде кішкентай жертөледе отырған колхозшы Сенбайды көшіріп, жеке отбасына арнап тасүй салады. 5-6 жылда Сенбай қолымен егілген үлкен бақшалық бой көтерді. Колхоз ірі қара малы үшін жоңышқа егілді. 1970 жылдардың басында сол 50-жылдардағы тәжірибе ескеріліп, бұл мекенде қотыр малдарды газ камерамен емдеді. Үлкен іскірт үйілді. Одан кейін Құйылыс–Куйбышев совхозының үлкен шөп базасына айналды. Міне, геолог Қалмұханның еліне жасаған қыруар пайдасы мен игілікті ісі. Қазақ атам айтпай ма, «сауаптың ең үлкені – шөлдегенге су берген» деп. «Сонда олар колхоз орталығында баспана жоқтықтан емес, осы жерді шаруаның белгілі бір мекен-тұрағы ету қамы мақсатымен», – деп келтіреді қаламгер Ә.Спан «Сенбай Дүйсенбайұлы» еңбегінде. Жерасты суы таза Құйылыс – Ақтау қаласы үшін ашылды. Қалекеңе жоғарыдан берілген тапсырма да, негізінде, солай еді. Табиғи су табу – күн тәртібінде тұрды. 1961-1962 жылдарда Ақтаудың басы құрала бастады. Халыққа су керек, соны басшылар алдын ала ойлады. Ең қат мәселе – ауыз су. Барлау бұрынғыдан да қарқынды және сәтті өріс алды. Жүйелі де жоспарлы әртүрлі барлаулар жүргізілді. Барлаушылардың кейінгі тоқтаған мекені – Емір, Жәукен маңайы. Кіші Жәукенде сол Қалмұханбет ашқан, Жақсылық, Ізмұхандар, МАЭК құрылысшылары қолымен құрған бірнеше су скважиналары бар. Ендігі кезекте Сәтемір, Емірмен айналып шықты. Емір айналасын тегіс түрткілеп, бірнеше су скважиндерін іске қосты: әуелі, №25 скважинаны болашағы жоқ деп тауып, қасындағы №20, №21, №22, №23, №24 скважиналардан су шығарды. Адамға да, мал ішуге де жарайды деп танып, №26 скважинаны анықтап, іске қосты. Ол жерде осыған дейін геолог Қ.Сұпығазиевтің басшылығымен 17 су скважинасы іске қосылған еді. Құйылыс жерасты суын іске қосу, оны игеру, елдің игілігі не жарату оңай болмады. Алғашқы бастау жұмыстардың барлығы да аса қиындықпен, үлкен жауапкершілікпен, төккен маңдай термен атқарылды. Арты қайырлы болып, Құйылыс суы өніктілігімен өзін әлі ақтап тұр. Дебиті жақсы. Күніне 700-800 куб, кейде сұранысқа орай 1000 кубқа дейін су айдайды. Ақтауды мол қамтып тұр. Үкімет үшін үлкен табыс болды. Құйылыс суы болмаса, Ақтаудың Ақтау болуы екіталай еді... Былтыр энергозаводтың 50 жылдығы тойланды. Өлкенің экономикасы мен шаруашылығына өлшеусіз үлес қосқан Қалмұханбет сынды майталмандар ұмытылмауға тиіс. Кейін геолог Қалмұханбет Маңғышлақ энергозаводының бас инженері Л.П.Лазеревтің қарауында қызмет жасап, үлкен беделге ие болады. 1960 жылдардың басында гидро-геологияның экспедициясы Құмды мүйісте, кейін Ералыда болды. Басшысы жылда ауысып, жұмысшылар үшін қиындық тудырады. Сонда топтағылар Қ.Сұпығазиевті басшы етіп сайлағысы келетінін жасырмайды. Кадрдың қадірін жақсы білетін басшы Р.А.Григорян «Сұпығазиев Қалмұханбетті басшылыққа ұсынсақ, оның орнын алмастыратын адам жоқ», – деп жауап береді. Бұл сөздердің авторы Сегізбай аға – Қалекеңмен бала кезінен бір-бірін жақсы білетін адамдар. Сегізбай ағаның сөзі сол кездегі туған өлкені индустрияландыруда геологияның бастан кешкен қымқуыт қиындықтарын бүкпесіз баяндайды. Емір поселкесінде екі аралық төртінші ЦУВС-1-де, бесіншісі ТЭЦ-1-дің жанынан 5 сорғы станциясын орнатты. Суды өсуімен тұтыну үшін, 1960-1961 жылдары уақытша қарамақарсы су құбыры төселді. Жерасты болат құбыры желісінің диаметрі – 350 мм, өткізу қабілеті күніне 4,5 мың куб метр, ол ауыз су құбырының су көзі 1965 жылға дейін қызмет көрсетті. 1961–1967 жылдар аралығында 50 ұңғыма бұрғыланды. Адамдарға таза су қажет. Жергілікті артезиан суын ішуге 1960 жылы судың жоғары минералдану мүмкіндігі жарамсыз болды. Бұл мәселені шешу үшін, көптеген ғылыми зерттеу және жобалау институттарын, сонымен қатар сол саладағы болашақ мамандарды іске тартты. Өңірді сумен жабдықтаудың әртүрлі нұсқаларын қарастырды. Солай Ақтауды ауыз сумен қамтамасыз етуде құрылған осы комиссияның ішінде Қалмұханбет те бар еді. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының негізгі міндеті – тұрғындарды электр жарығымен, отынмен, дистиллат сумен жабдықтау. 1962 жылы энергетика мен өндірісті сумен қамтамасыз ету үшін, тәулігіне 30 мың текше метр су өндіретін «Құйылыс» минералды жерасты суы кенорны ашылды. Осы жылдардағы еңбекті көзімен көрген Сәнім апа әңгімесіне құлақ түрейік: «№20 скважинаның тұсында, Құйылыстың Емірге қараған бетінде күкіртті скважина болды. Суы аспанға атып, жан-жағына жайылып жатады. Ауыл адамдары суын қасиетті санап, тері, қышыма аурулары бар кісілер сонда барып түсетін. Ауруға бірден-бір ем. Мен де барып, дауасын көрдім. Оны да Қалекең айырып, емдік күкіртті су деп тапқан. Жергілікті ел «Подьем» деп атап кеткен (ЗПТВС) жерде Жәдігер Қыдырқожа ағасы Қожыбек, Шәдиұлы Талпақ, Шотан жары Түзелбай т.б майталман жұмысшылар 35–45 жылдай үзбестен жасады. Олар тамағын содан ішеді, сәл көлеңкеде тыныстап, тынымын алады. Ал Қалекеңдер далада кезіп жүріп, скважиндерді тауып, оны ашуға еңбек етті. Бұлардың жұмысы 1961-1962 жылдары тіпті күрделенді. Үй көрмей кетті. Күндізгі, кешкі тамақтарын өздерімен бірге алып кетеді. Қарамандыға құлайтын ойпаңды, жайдақ бір арылтып, Қарамандыдан бірнеше скважина қазды. Оның суларын жерастынан тартып жинақтады. Ендігі кезекте Бекімен оралды. Бәрінен су шығарды. Қале кең – бастық, Жәкең – суды өлшеуші, Ізекең – шофер. Еңбектің көкесі деп осыны айт». 1962 жылы жоғарыдан басшылар, гидрогеологтар келіп, Құйылыс жерасты суын көретін болады. Сол Құйылыс жерасты суын игерудегі қиындықты іс барысында көзімен көрген бала – қазір ата Сенбайұлы Сәндібай ойын былайша жеткізеді: «Көлік жоқ. Қалмұханбет аға ат, түйе сұрап әкем Дүйсенбайұлы Сенбайға ызғарлы қара суық күні – таң ертесімен келді. Әкем Құйылыс жерін ұзақ жыл мекен еткен кісі еді, біздің қоныстан Шабар ишан 3 шақырымдай қашықтықтағы жерде болатын. Олардың өлшейтін бірнеше скважиналары сол Шабар ишаннан 500 метрдей жерде орналасқан. Әкем астындағы мінгі жуас аты мен шаруаға жегіліп жүрген бас білетін үлкен айыр түйесін берді. Маған монометрді ауыстырып, түйе үстінде ұстап тұруды тапсырды. Суды өлшейтін монометр қара зілдей, түйе оларға сол үшін керек екен. Үш-үштен екі қапқа бөліп салып, салмағын тең дәрежеде түйе өркешіне іліп қояды. Түйені шөгеріп, әлсін-әлсін өзінің уақытылы сағатымен монометрлерді қап ішінен алып, көрсеткіштерін өздері жазып алады. Мен басын бұрып, түйе үстінде әр скважинаға бағыттап отырдым. Ол кездегі жұмыстың бәрі қарапайым қолмен атқарылғандықтан, адамдарға қиындығы ұшан-теңіз болды». Міне, көнбісті Қалмұханбет аға Құйылыс жерасты суын ашуда осындай қиындықтарды батыл бағындырды. Құйылыс – қазір Ақтауды сумен қамтамасыз етіп тұрған бірден-бір жерасты су орны. Бірнеше су ұңғымалары бар. Ақтауға екі қатарлы үлкен тұрбамен су құбыры тартылған. Сол Құйылыс жерасты суын ашушы Қалмұханбет Сұпығазиев еді. Су кенішіне Қалмұханбет атын берсе, есімі құрметпен жазылса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол су ашылғаннан кейін мәселе біте қалған жоқ. Теңіздің суын халық іше алмайды. Енді оны жерасты суымен араластыру керек... Дистиллат дегеніміз не? Ол – теңіз суының тұшытылған түрі. Өлі су. Бұл күйінде ішуге жарамайды. Су құрамында адам организміне қажетті қосылыстар мүлде жоқ. Ол қосылыстар болуы үшін жай сумен араластыру керек. Міне, Құйылыс суы осы қажеттілікті өтеу үшін қажет болды. Бірден барлау жүргізіп, жеке машина бөлгізіп, адам күшінің шығарылуының себебі осы. Бөлінген адамдар – қазақтар. Себебі олар шөл далада өскен. Су қадірін жақсы біледі. Ақыры, барлау нәтижелі болды. Құйылыс суы мол, қанша араластырса да жетеді. Адам ағзасына зиянсыз. Сол қарсаңда Москвада қызық эксперимент жасалады. Зерттеу аясына әр жерден алынған, ішінде Волга суы да бар, сулар қойылады. Мамандар қатал. Екі шұқып, бір қарайды. Нәтиже қандай болды дейсіз ғой?! Құйылыс суы араластырылған Ақтау суы 1-орын алды! Дистиллат та оңайлықпен алынбайды. Бұл жолдағы ең ауыр асу – кәдімгі шәйнек түбіне қататын қақ. Кальций мен магнийдің бикорбанатты тұздары. Су қайнағанда, ыдырап, қайта түзіліп, ерімейтін корбанатқа айналады. Оны қырып кетіре алмайсың. Каспий теңізінің суын 100 градуста қайнатқанда – 20%, 140 градуста қайнатқанда – 38%, 170 градуста қайнатқанда – 55% тұз қатады. Қазан тез істен шығады. Бүкіл дүниежүзі ғалымдары осы қақпен күресе алмай әлек. Ал түз тұрғындары шәйнекті кәдімгі алдатөмпек топырағын қақ басқан шәйнекке қайнатады да, қақтан арылта қояды. Инженер М.И.Борисов осы тәжірибені дамытып, қазанға алдатөмпекке ұқсас қосындыларды салып таза су алды. Ол қосындылар арқылы түзілген элементтерді бөліп алып тағы пайдаға батты. Инженер М.И.Борисов осы жаңалығы үшін СССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Солай халықтық тәжірибе ғылым пайдасына шықты. Ал әлгі суды қайнату үшін, мол энергия керек. Ол қайда?! Ғылым мұның да амалын тапты. Бізде, Ақтауда, ішкі уран ғана өндіреді. Бір тоннадан 1,52 пайыз ғана. Өте болмашы. Ол жергілікті жерде өңделіп алынады. Дайын уран қайда жіберіледі? Ол одан әрі өңделеді. Себебі дайын ураннан бомба жасалмайды. Одан әрі өңдегенде, одан плутоний атты элемент шығады. Міне, осы плутоний – дайын өнім. 70–75% дайын бомба. Ал плутоний алу – ақырет азабы. Уран арнаулы ортада реакцияға түседі. Бірнеше жыл жанады. Көп жылу энергиясы бөлінеді. Ол жылу қайда кетеді? Әлгі суды қайнатуға, басқа қажеттіліктерге жұмсалады. Оның жұмысын Глеб Борисович Померанцев ғұлама бақылап отырды. Оның қарауында 10 шақты ғалым, ғылым кандидаттары инженерлер болды. Бұл күні кешеге дейін әскери құпия болды. Айта да, жаза да алмадық. Енді ғана ауыз ашып отырмыз. Су тұшытудың осындай ұлан-ғайыр пайдасы болды. Әйтпесе Адай баласы шөлдеп қалмасын деп, үкіметтің мейірім жасамағаны анық. Қосалқы тұщы су көздері, Құйылыс, тағы басқалары тұшыған теңіз суына қосымша ғана. Ол жарықтықтардың қоры да мол екен. Әзірге дейін қажетімізді өтеп, тәулігіне 1 мың тоннаға дейін су беріп отыр. Егер басқа жерде, айталық Ресейде болса, ондай кенорнын ашқаны, игергені үшін Сұпығазиевтер құрығанда СССР Мемлекеттік сыйлығын алар еді. Амал не, көптің бірі болып ескерусіз қалды. Үкімет тегін су, тегін байлық ретінде ғана қарады. Қ.Сұпығазиевтің алғашында жертөледе тұруы, бір мәшине ғана пайдалануына берілуі соның айғағы емес пе? Әйтпесе атқарылған жұмыс көлемі бір кішігірім экспедицияның атқаратын жұмысы ғой. Атомды су тұшытатын жүйе әлі жасап тұр. Себебі оттықтағы заряд – атом, яғни уран өзінен-өзі сөнуі керек. Әйтпесе оны тоқтату мүмкін емес. Ол жұмыс жасаған соң, плутоний бөліне береді. Ол – қаптаған атом қайықтарының, реакторлардың, бомбалардың шикізаты. Қазақстан қазір уран кенорындарының қоры жөнінен әлемдегі 2орында. Ураннан бір саты ілгері, яғни оның қорытылған дайын өнімге жақын түрі. Плутоний іргемізде өндіріліп жатыр. Міне, техниканың кереметі. Қазір құпиялылық сақтау жоқ. Бәрі ашық, бәрі жария. Сұпығазиев Қалмұханбет МАЭК-ке 1966 жылы №7 партияның бас инженері қызметіне ауыстырылады. 1968 жылы гидрогеологиялық экспедициясында қызмет жасайды. Ол МАЭК-те бас инженер болып жұмыс атқарды. Ол кезде бұл мекемеде қазақтар санаулы тұғын. Маңғышлақтағы «Құйылыс» МЭЗ ПГМК-ға жауапты болып, өте жауапкершілікті жұмыстарды атқарды. Ел алдында еселі еңбегі бар құрметті азамат, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі Хасанов Ғалым Сапиұлының «Жомарт жүрек» атты кітабында мынадай сөздер бар: «Егер Қалмұханбет Сұпығазиев ауырмағанда, ғалым Қ.Сәтбаевпен үзеңгілес болатын азамат еді». Өте орынды айтылған сөз. Соңғы жылдары денсаулығы сыр берді. Күндіз-түні тынымсыз атқарылған жанкешті еңбек арытпай қоя ма!? 1978 жылы 2-топтағы мүгедектікке шықты. Армандарын жүзеге асыра алмады. Халқының мейірін қандырған атақты геологтің жүрегі 1994 жылы 14 сәуірде соғуын тоқтатты. 1964 жылы «Казахстанская правда» газетін де Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандардың ішінде Сұпығазыұлының есімі бар, бірақ неге екені белгісіз, арты елеусіз қалды. Қиындыққа қайыспас, адал сүт емген Қалмұханбет Сұпығазыұлы – елінің экономикасын, шаруашылығын дамытуда осылай аянбай еңбек еткен жан.
Жанбибі ДҮЙСЕНБАЕВА, филология ғылымдарының докторы