Жыл басталысымен аудан ардагерлерін қабылдап, кездесу ұйымдастырған Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиев ауданның белсенді ардагерлерін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыстарға тоқталып, былтыр атқарылған істермен таныстырды. Ауданға келген тұста аудан ардагерлерімен кездесуден бастаған аудан әкімінің ардагерлермен бұл қызметке кіріскеннен бергі екінші кездесуі. Кездесу барысында сөз алған аудан әкімі - Бүгін сіздермен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша пікір алысып, өздеріңізбен кеңесіп, жаңа жылдың жоспарларын нақтылап алсақ деген оймен кездесіп отырмыз. Барлық елді-мекендерден әр салада еңбек еткен, бүгінде қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып, қоян-қолтық араласып жүрген сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Келіп жеткен жаңа жыл құтты болсын, берекелі болсын! Өткен жыл еліміз үшін есте қаларлықтай жаңалықтарға толы болды. Ақ ордалы Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бас қаланы ұлықтауға барлық өңірлер жұмыла атсалысып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Соның ішінде Маңғыстау өлкесі де Астананың төрінде еңселі «Достық үйін» салып, тарту етті. Күллі түркі жұрты қастерлейтін Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін алса, Шымкент қаласы халқы 1 миллионнан асып, республикалық маңызы бар қала атанды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесіндегі екі жылдық қызметін абыроймен аяқтады. Сондай-ақ өздеріңіз куә болған, барлығымыз үшін мақтаныш, Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті өтіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін бекіткен тарихи құжат қабылданды. Міне, осындай үлкен істерде елдің ауызбіршілігінің, сіздердей ардагерлеріміздің қолдауымен Елбасымыздың көрегендігімен игі бастамаларды бірге жүзеге асырдық деп ойлаймын, - еді. Сонымен қатар бүгінде 31 мың 500 адамды құрап отырған халық санымен таныстырып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,0% өскенін жеткізді. Аудан бойынша қарқынды өсім Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарында байқалып отырғанына тоқталып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының екі бағытта дамып, оның 101,9 пайызға орындалғанын атап өтті. Аудан ардагерлері тарапынан да ұсыныс-тілектер тыңдалып, ауданда атқарылар жұмыстар да таныстырылды. Ақшұқыр ауылынан жалпы білім беретін орта мектеп құрылысы, Форт-Шевченко қаласынан 48 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысы, Форт–Шевченко қаласынан 9,10 сегіз пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Ақшұқыр, Таушық ауылдарының ауылішілік су құбыры құрылысын аяқтау, Сайын Шапағатов ауылішілік су құбыры және резервуар құрылысын аяқтауға, Ақшұқыр-2 ауылындағы І, ІІ,ІІІ, ІV орамдарын газбен қамту құрылысын бастау, Ақшұқыр ауылынан С.Шапағатов елді мекеніне дейінгі Ақтау-Форт-Шевченко /14-28 шақырым/ автомобиль жолын жарықтандыру құрылысы, Ақшұқыр ауылының автомобиль жолдарының құрылысы, Форт-Шевченко қаласындағы Жаңа Кетік массивіндегі автомобиль жолдары құрылысының ЖСҚ-на қаражаттар қаралып, орындалу жоспарда екенін жеткізді. Сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғали Күзембаев ардагерлермен атқа рылған жұмыстарға тоқталып өтті. Кездесу барысында аудан тұрғындары, ардагерлер қауымы бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алып, еңбегі сіңген тұлғаларға көше атауын беру, ауылішілік жолдар мен өзге де жайылым, жем-шөпке, қоғамдық көлікке қатысты мәселелер көтерілді. Аудан әкімі Айдос Хамиев ардегерлер көтерген ұсыныстардың да аудан әкімі назарынан тыс қалмайтындығын айтып, жұмыс жүйеленетіндігін жеткізді. Қоғамдық көлікке қатысты бұған дейінгі кездесуде де көтерілген мәселе бойынша аудан кәсіпкерлері облыста жүзеге асырылып жатқан «Нұр капитал» бірегей 1 пайыздық жобасымен мәселені шешетін күннің жақындығын алға тартты. Кездесу соңында ауданның қоғамдық–саяси өміріне белсене араласып жүрген бір топ ардагерлерге Түпқараған ауданы әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен қатар тыл ардагері, ауыл шаруашылығында, транспорт саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ауыл шаруашылығынан қол үзбеген ардагер Боранбаев Сағымбайға, Сайын Шапағатов ауылы транспорт саласының ардагері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Көптілеуов Сәуірбайға, Таушық ауылы ауыл шаруашылығы ардагері, еңбек демалысынан кейін серіктестікте мал бордақылау, егін шаруашылығына жетекші-маман болып қызмет етіп, ауылдың дамуына үлес қосып келе жатқан Қожақов Инамат, Ақшұқыр ауылының ұстаз ардагері, қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы, ауыл, мектеп шежіресі мен жас ұрпақты сусындатып жүрген ардагер Кезбаев Тәжімағанбет, Қызылөзен ауылында дүниеге келіп, сол ауылда жүргізуші болып, үзіліссіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шаруа қожалығымен айналысып жүрген ардагер Сатиманов Коля, алғашқы жұмыс жолын Астрахань карьерінен бастап, балық комбинатында, «Қаражанбасмұнай» АҚ қызмет етіп, еңбек демалысына шыққан, ауылдың қоғамдық жұмысына араласып жүрген ардагер Қоңыров Жолболды, Қазақстан халқы ассамблеясы Форт-Шевченко қалалық аналар кеңесінің төрайымы, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етіп, бүгінде еңбек демалысында жүрсе де ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген ардагер Өтепбергенова Роза Икембай қызына «Ауыл еңбегі үшін» медалі тапсырылды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА