Теңге – Жаңаөзендегі ең ірі ауыл. Құрылғанына биыл 55 жыл толғалы отырған ауыл 19 мың 199 гектар аумақты алып жатыр. Бұл аумақ мал жайылымынсыз көрсетіліп отыр. Себебі ауыл тұрғындарының бірқатары мал ұстайды. Олардың қолында бүгінгі таңда жалпы 3346 бас мал бар. Соның ішінде 158 басы мүйізді ірі қара, яғни сиырлар. Сондай-ақ 1217 бас түйе, 882 бас жылқы, 1089 бас ұсақ жандық, яғни қой-ешкі өсіріледі. Есепті кезеңнің дерегіне қарағанда ауылда бүгінгі таңда 21 мың 900 адам тұрады. Олардың жалпы 3169 баласы ауылдағы №11, 14 және 17 орта мектептерде оқып, тәлім-тәрбие алуда. 2017/2018 оқу жылында 83 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысып, осынау үш мектеп бойынша орташа ұпай 90,2 %-ды құрапты. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру бойынша мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік ұйымдарын оңтайландыру бағытында есепті кезең ішінде ауылдағы сыйымдылығы 280 орындық №11 «Балдырған» және 320 орынға мөлшерленген №21 Назерке балабақшалары «Теңге бөбекжай-бақшасы» болып біріктіру жолымен қайта ұйымдастырылған. Қазіргі таңда аталмыш бөбекжай-бақшада жалпы 600 бала тәрбиеленуде. «Балапан» бағдарламасы аясында 125 орындықты «Қостерек» жекеменшік балабақшасында 61 бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Былтыр оған ауыл әкімдігі тарапынан мемлекеттік тапсырыс беріліп, 16 млн. 036 мың теңге көлемінде қаржыландырылыпты. Осынау ауыл тұрғындарын балабақшамен қамту мәселесі 100 % шешімін тапты дейді ауылдағы билік өкілдері. Ауылдағы денсаулық сақтау саласында да ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер жеткілікті сияқты. Оған мысал ретінде учаскелік қызмет, күндізгі станционар және қосалқы қызмет көрсетуге ауылдың орталық бөлігінде орналасқан дәрігерлік амбулаторияны айтуға болады. Ол жерде халыққа 1 бөлім меңгерушісі, 12 дәрігер, 52 мейірбике қызмет етеді. Сол сияқты ауылдағы 300 орындықты көрермен залы бар «Атамұра» мәдениет үйі ұжымының да еңбектері атап өтуге тұрарлық көрінеді. Ол жердегілер есепті кезең ішінде 81 мәдени іс-шара өткізіпті. Аталған мәдени іс-шараларда 616 өнерпаз өнер көрсетіп, 18 мың көрермен тамашалады деген дерек келтіріліпті. Ал қағазда жазылған мәліметтерге сенер болсақ, «Дипломмен – ауылға!» әлеуметтік бағдарламасы аясында 1 маманға 168 мың 300 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлінген. Ауылға жұмыс істеуге және тұру үшін келген 1 маманға тұрғын үй сатып алуға 3 млн, 607 мың теңге көлемінде бюджеттік кредит берілді» дейді. Осындай жас маманның бірі - Айгүл Ізжанова. Ол осы әлеуметтік бағдарламамен 2012 жылы келген. Қазір Теңге ауылының АТП-сында орналасқан №17 орта мектепте оқытушы болып жұмыс жасап жатыр. Бірақ мұндай ақша қолына әлі тимеген көрінеді. Кешегі кездесуде ол осыны мәлімдеп: «Мен бір-ақ рет 140 мың теңге алдым. Ал анау қомақтырақ қаржыны алу үшін ауыл әкімдігі мен қала әкімдігіне қатынап шаршадым. Әр түрлі сылтау айтып, мені кейін қайтара берді. Мүмкін сол 2012-2013 жылдары 3 млн 607 мың теңгеге сатып алуға тұрғын үй түсер ме еді, кім білсін. Ал бүгінгі таңда түспейді. Қазір баспаналардың ең арзаны 6-7 миллионсыз маңайына жолатпайды», - деп тікелей қала әкіміне сұрақ берді. Жалпы Теңге ауылы әкімінің міндетін атқарушы Сәрсенбек Қалаубаевтың 2018 жылдың қортындысы бойынша атқарылған жұмыстары жөніндегі есебін су жаңа әкім «Баяндамамның толық мәтіні қалалық «Жаңаөзен» газетінде жарияланды. Содан оқып алуларыңызға болады» деп шәйдің батасындай қысқа қайырып, мінберге шығу кезегін қала әкімі Әділбек Дауылбаевқа беріп, өзі орнына жайғасты. Солай жасамаса да, билікке кеше араласқан азамат ауыл тұрғындарына не айтуы мүмкін? Себебі С.Қалаубаев мырза Жаңаөзен қалалық қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі директорының орынбасарлығы қызметінен былтыр 6 желтоқсанда қалалық мәслихат депутаттарының көп дауысына ие болып, Теңге ауылы әкімінің орынтағына отырған. Сондықтан өзгенің істеген ісін талдап, 1,5 айдың ішінде баға беріп, қортындысын айту түгілі, қарапайым қағазға түсіріп, тізіп шығудың өзі оңай емес. Ал қазақтың қара сөзіне келгенде қара жорғадай көсілетін Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Құлынтайұлы тікелей өзі мұрындық болып ұйымдастырған жұмыстарын баспа-бас айтқанда, көрерменді де, тыңдарманды да ұйытып тастайтын қасиетке ие екендігін жұрттың бәрі жақсы біледі. 2018 жылы қалада атқарылған жұмыстарды нақты мысалдар мен дәйекті түрде айтқанда тұрғындар қандай сұрақ қоярын да ұмытып қалатын сияқты. Дегенмен жасалған сол нақты жұмыстардың аясында кейбір проблемалардың да қылаң беріп қалатыны рас. Әрине, оны ешкім жоққа шығармайды. Қала басшысы кейбір кездесетін осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін ауыл тұрғындарымен ашық сөйлесуге кірісті. Тұрғындар тарапынан берілген әрбір сұраққа тиісті мекеме басшылары мен мамандарына тапсыра отырып, әділ әрі нақты да, ашық жауап беруге тырысты. Жалпы соңғы кездері баяғыдай емес, ауыл, қала тұрғындары майда-шүйде, жеке бастың ұсақ-түйек мәселелеріне шүйлікпей, көпшіліктің кәдесіне жарайтын сүбелі сұрақтар қоюға дағдыланып келе жатыр. Соның себебінен ауыл тұрғындары Абдулла Әлмұратов, Хасен Бисекенов, Таған Қомашев, Әлімбай Алдабергенов, ауыл ардагерлер ұйымының жетекшісі Бисенбай Өтебалы, Ақмоншақ Дабысова, Айгүл Ізжанова, тағы басқалар берген сұрақтарға тиянақты жауаптарын қайтаруға әрекет жасады. Сұрақтардың көпшілігін ардагер, зейнеткерлер және жұмыссыздар береді. Ішінде бірен-саран мұғалімдер мен медицина қызметкерлері де кездесіп қалады. Ал жұмыс істейтіндердің, соның ішінде мемлекеттік қызметтегілердің көпшілігі жұмған ауыздарын ашпайды. Өйткені ешкімнің де әкім қараларға сұрақ беремін деп, қара тізімге ілігіп, жазықты болар жайлары жоқ. Ондай жағдайлар да кездеспей қалмайды. Сол үшін «Ауызды жапқан бай болар» дегендей өзге үшін отқа түскісі келмейді. Ал кешегі Теңге ауылында болған есепті кездесуде берілген сұрақтардың негізгі дені – ауыл көшелерінің кейбір жерлеріндегі жарықтың әлсіздігі, кейбірінің жанбайтындығы, темір жол өткелдерінен өткендегі таңертеңгі, түскі және кешкі мезгілдердегі көлік кептелісі, ауыл арасында топталып-топталып жүретін бұралқы иттер, табиғи газ бен электр энергиясының бүгінгі тарифтік бағалары жайлы. Сондай-ақ бірқатар мектептің шарбағы, жүрмей тұрған автобустар, қоғамдық тәртіп сақшыларының жұмысқа селқостығы туралы сұрақтарға жауап алып жатты. Қызылсай ауылындағыдай маршруттық көліктер жолаушыларды әуелгі аялдамалардан толтырып алып, соңғы аялдармаларға соқпай кететін жағдай бұл ауылда да ұшырасатын болып шықты. Себебі 2017 жылғы 25 қарашадағы темір жол өткеліндегі тепловоз бен «Газельдің» соқтығысуынан осы ауылдың тұрғындары қайғылы қазаларға ұшырап, көбірек зардап шекті. Соның салдарынан халыққа қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі сезіле бастады. Ол үшін қандай шаралар жасалып жатқанын қала әкімі тиянақты түсіндіріп берді. - Маршрутта мәселе бар. Бұл туралы былтыр кездесуде де әңгіме болды. Соған байланысты Маңғыстау облысы әкімі Ералы Лұқпанұлы тапсырмалар берді, тиісті көмектесетін жердің бәріне көмектесті. kaspi bank арқылы тапсырма беріліп, осы жұмысты ұйымдастырған хаттамасы да бар. Сол бойынша жұмыс жасадық. Біздің бөлім облыстық басқарма мен осы салаға жауапты тұлғалармен біріге отырып өзімізге керекті есептерінің бәрін шығардық. Содан кейін электробус жүргіздік, одан кейін «Анкаи» дегенді әкелдік. Ішіне өзіміз отырып араладық. Негізінде оларды бюджеттен емес, кәсіпкерлер жекеменшік-әріптестік әдісімен алуы керек. Электробус кәсіпкерлер үшін де, жолаушыларымыз үшінде тиімсіз болды. Ол қымбат әрі параметрлері бойынша бізге келіңкіремеді. Сосын «Анкаиды» әкелдік. Кәсіпкерлер оның да тиімсіз жағын айтты. Астанаға бардық. Ақыры Семейдегі «Хюндай» автобус шығаратын компаниясымен келістік. Жаңаөзенге қолайлы тапсырмалармен тиісті ұсыныстарды бердік. Кәсіпкерлердің талабы бойынша асты биік, газбен жүретін болсын деп есебін шығарып қойдық. Тек қана осы ауылға қатынайтын №3 маршрут емес, біздің қалаға осындай 43 орындықты 36 автобус керек екен. Енді соған қазірше қаражат көздерін шеше алмай жатырмыз. Осы жылда қаражат қалай шешіледі, біз осындай автобустарды әкеліп, ауылдарымыз бен қаламызда жүргізе бастаймыз. Қазіргі күндері бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл мәселеге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, - деді қала әкімі. Мұнан кейін Әділбек Дауылбаев 2017 жылғы 25 қарашадағы қайғылы оқиғадан зардап шеккен жандарға жасалып жатқан қамқорлықтар жөнінде де түсінік берді. Себебі ел елшілігін жасап, «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшылары мен қалалық білім бөлімі басшылары бастама көтеріп, қаржы жинап, аталмыш оқиға кезінде екі аяғынан айырылған мектеп оқушысы Динара Тынымбайға Германияның, Американың мамандарымен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде Швейцарияда протез жасататын болып келісілген. Ал бірінші топтағы мүгедек болып қалған 18 жасар жас жігіт Бекарыс Досжановтың үйі темір жолдың қасында екен. Содан тепловоздың даусын естісе үйінде де шошып ұйықтай алмайтын жағдайға ұшыраған. Қала әкімі осыған байланысты Бекарыс Досжановқа қаладан тұрғын үй берген. Былтыр 16 қарашада Рахат ауылында табиғи газ салдарынан жеке тұрғын үй жарылып, апат болды. Үйінді астынан шығарылған 1962 жылы дүниеге келген үй иесі Ханым Күмісбаева мен оның 1989 жылы туылған ұлы Берік аурухана төсегінде көз жұмды. Осыған орай шаһар басшысы аздап ренішін де білдірмей қалмады. - Осы отбасыға көмек бердік. Қорытындыны да күтіп отырмадық. Оны заң бойынша күтіп отырсақ, отбасы мүшелері "жығылғанға жұдырық" дегендей, одан әрі қиналып қалатын болды. Облыс әкімі тікелей бақылауына алды. Ашығын айтқанда «Адам өмірі бірінші кезекте тұр. Тұрғын өзіміздікі. Ештеңеге қарамаңдар» деп тапсырма берді. Содан әлгі үй мүшелеріне уақытша үй ұсындық. Одан олар бас тартты. Барлық мекемелерді жинап, бір айға жететін азық-түліктермен қамтамасыз еттік. Азаматтардың бәрі де қолдан келген көмектерін аямады. Сосын 19 млн теңгеге үй сатып алып бердік. Өйткені өз тұрғындарымыз жапа шекпеулері тиіс. Ал осының бәрін қолдарында ешқандай ақпараты болмаса да, ештеңеге көздері жетпесе де, Жаңаөзенге ешқандай қатысы жоқ басқа біреулер биліктің жасап жатқан жұмыстарын жоққа шығарып, жалған ақпараттар таратты. Бұны біздің халқымыздың тұрақтылығын бұзғысы келетін адамдардың ісі деп қарау керек. Сондықтан арандатушылардың теріс пиғылынан сақ болған жөн. Анық емес ақпаратқа сенудің қажеті жоқ, - деп, Әділбек Дауылбаев ағынан жарылса да ашына айтты. Осынау отбасының басына түскен қайғылы жағдай туралы әлеуметтік желілерде шулап жатты. Журналистер келіп, түсіріп, жазып, халыққа хабар таратты. Шынында да, кез келген оқиғаны асқындырмау үшін ашықтық керек. Тұмшалап, тұншықтыра берсең сыздауықтың да зардабы жанға батады. Сосын іс пен сөздің арақашықтығы да тым алшақтамау керек. Біздің Теңге ауылындағы ауыл және қала әкімінің есеп беру кездесуінен көргеніміз бен көңілге түйгеніміз осы. Мұратбай ҰЛЫҚПАН