©
Президенттің «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында ұлттық болмысымыз бен тарихымызды түгендеп, келешек ұрпақтың алдында тарихы түгел, тамыры терең ел екендігімізді айқындап беру көзделген болатын. Осы мақсат аясында қазан айында Қарақия ауданы орталығында Маңғыстау облысы Қарақия ауданының құрметті азаматы Тұрсынғали Көшеновтің бастамасымен, Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Бековтің қолдауымен Геолог-барлаушылар музейі ашылды. Музейдің ашылуына «Маңғыстау МұнайГаз» АҚ, Атырау облысы Жылой ауданының, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрметті азаматы Төкен Жұмағұлов көмек көрсетті. Яғни «Маңғыстау МұнайГаз» АҚ геологбарлаушыларының тарихи кабинеттерін жасақтап берсе, Төкен Танаұлы кезінде өзі басшылық қызмет жасаған Ералиевский АТП-2 автобазасының кабинетін толықтай дайындатып, ел игілігіне тапсырды. Музей қазіргі таңда тамашалаушыларға толыққанды қызмет көрсетіп келеді. Мұражайға аудан тұрғындары мен мектеп оқушылары ерекше қызығушылық танытуда. Өйткені ұмытылып бара жатқан тарихи тұлғалардың ел мүддесі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жасаған қызметі еленді. Ұрпаққа өнеге болар тарихи музейдің ашылуына тек аудан халқы емес, облыс пен еліміздің басқа да аймақтарынан және республикадан келген қонақтарымыз ерекше ықылас білдіруде. Музейге алдағы уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен кеңейту жұмыстары жасалынып, өлкетану мұражайын жасақтау жөнінде іс-шаралар қарастырылуда. Сондықтан құрметті аудан және ауыл тұрғындары! Бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған, көненің көзіндей сақтап отырған жәдігерлеріңіз болса, Қарақия аудандық мәдениет және спорт бөліміне немесе геолог-барлаушылар музейіне тапсыруларыңызды сұраймыз. Әрбір тапсырылған экспонатқа түсіндірме тарихы жазылып, кімнің тапсырғаны туралы да ақпарат толығымен көрсетілетін болады. Жәдігерлер санатына бұрынғы қолданған тұрмыстық заттар, ұлттық мұралар, тарихи деректер, кестелі бұйымдар және әшекейлер мен ат әбзелдері, т.б. көптеген заттар жататындығын естеріңізге сала кетейік. Ескі жәдігерлерді үйде сақтағаннан гөрі өлкетану мұражайына тапсырсаңыздар, келешек ұрпақ алдында жасаған сауапты іс болар еді. Өйткені мұражайдан оны барлық халық тамашалайды және ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек. Ұлттық болмысымыздың рухын көтеру – өз қолымызда. Елінің ертеңіне оң көзбен қарайтын жанашыр азаматтарымыз барда осы істі қолға алсақ, рухани жаңғыруға, ұлт тарихына қосқан үлесіміз болар еді, жерлестер!Н.ҚОНАЙҰЛЫ, геолог-барлаушылар музейі