Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №82,83 қаулыларына сәйкес ел азаматтары қатарынан қоныс аударушыларды және оралмандарды қоныстандыру өңірлері айқындалған-ды. Сонымен қатар оралмандарды қабылдаудың ағымдағы жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді.
Атап айтсақ, жұмыс күшіне қажеттілік жоғары Шығыс, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарына 463 отбасын қоныс аударту жоспарланған. Оралман мәртебесі барларға Ақмола, Атырау, Шығыс, Батыс, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарына баруға 1259 квота бөлініпті.
– Елімізде ішкі көші-қон мәселелерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші жетіспейтін өңірлерге халықты өз еркімен қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталған өңірлердің еңбек нарығында мұғалім, дәрігерлерден бастап, жұмысшы мамандықтарға сұраныс бар. Мемлекеттік қолдау шаралары «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстікке 50-ге тарта отбасы қоныс аударды. Аталмыш бағдарламаның 3-бағыты жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік, аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты әрі нәтижелі қамтуды көздейді. Қазіргі қолданыстағы қағида бойынша өзге өңірге көшіп барған отбасының отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, әрбір жанұя мүшесіне 35 АЕК көлемінде көмек беріледі.Бірақатар облыстарда баспана табуға жұмыс берушілер жәрдемдеседі,- деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының этникалық көші-қон мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлжиһан Аманжан.
Оның айтуынша, оралмандарды және қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу немесе бас тарту туралы шешімді қоныстандыру өңірлерінде құрылған арнайы комиссия және уәкілетті орган қабылдайды.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысынан өзге өңірлерге қоныс аударуға 7 отбасы тілек білдірген. Кеңестер алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуға болады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ