Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңына таман киелі түбектің қиырындағы бірден-бір саяси-экономикалық, тарихи-мәдени орталық, ежелгі қала Форт-Шевченкодан кейін қарт Каспийдің оң жаға бетінен бірқатарымызға мәлім де, беймәлім «Гурьев-20» атауымен шағын поселке орнығып, ол кейіннен Шевченко, Ақтау атты ақ шаңқан әдемі қалаға айналды. Ол жылдары 60 мыңға жетер жетпес түбек тұрғындарының саны қазір он есе өсіп, 600 мыңға жуықтады.
1961 жылы Жетібайдан алғашқы мұнай бұрқағы атқылады, ол кейіннен Өзен, басқа да мұнай кеніштерінің ашылуына ұласты. «Маңғыстау», «Маңғыстау мұнайы» бүкіл одақтың назарын өзіне аудартты, табиғаты тылсым, бұйығы өлке, дүр сілкініп, алапат-майдан,-Маңғыстаудың ой-қыры толассыз еңбек дүбіріне айналды.
Шет аймақ-Маңғыстауда бұрын мардымсыздау су, әуе, автокөлік қатынастары ғана болса, түбек байлығын игеру қарқыны теміржол қатынасын ауадай қажет етті. 1962 жылы 704 шақырымдық «Мақат-Ақтау» теміржолының құрылысы екі жақтан бірдей қарама-қарсы басталып, 1964 жылдың маусым айында қазіргі Өтес стансасына жақын тұста түйісті. Осы кезден бастап барлық жүк, құрылыс материалдары теміржолмен тасымалдана бастады, тіпті осы жылғы күзгі шақырылымдағы Маңғыстаудан Кеңес Армиясы қатарына алынған 200-ге таяу жас жігіттер жүк вагондарымен бес тәулік жүріп Гурьевке жетті. «Мақат-Ақтау» теміржолын салуға Гурьев қаласындағы №99 құрылыс басқармасы мен №260 құрылыс-монтаж поезының жуздеген адамдық мамандырылған теміржол құрылысшылары қатысты. Қысқа мерзімде Опорный,Ақжігіт, Бейнеу, Каменный, Өтес, Боздақ, Шетпе, Маңғыстау стансаларымен қатар, ондаған бекеттер, теміржолшылар үшін екі қатарлы 16 пәтерлік жүздеген тұрғын үйлер, мәдени-тұрмыстық обьектілер салу бір мезгілде жүзеге асты.
Қазіргі Шетпе стансасына қарасты тұрғын үйлер мен барлық әлеуметтік тұрмыстық нысандарды №260 құрылыс-монтаж поезының ұжымы (СМП-260) салды. Аталған құрылыс мекемесінің вахталық тұрақ мекені нақ осы Шетпеде орналасты. 1966 жылдың 30 желтоқсанында бұрынғы Одақтық қатынас жолдары Министрлігінің бұйрығымен «Мақат-Ақтау» теміржолы түпкілікті пайдалануға берілді.
«Темір жол-өмір жолы, Теміржол экономиканың күре тамыры»-деп тегін айтылмаған. Шындығында да солай. Бұл айтулы оқиға-бүкіл түбек тұрғындарының еңбек қатынастарына, тыныс тіршілігіне, тұрмыс салтына, экономикалық өсіп, өркендеуіне айтарлықтай оң өзгерістер жасады.
Сол кездегі Батыс Қазақстан өлкесіне қарасты түбектегі бірден бір әкімшілік территориялық бірлік Маңғыстау ауданы орталығының 1966 жылы Таушықтан Шетпеге көшірілуі де, осы аймаққа теміржолдың келуіне байланысты болды. Аудан орталығы осындағы теміржол стансасының және топонимдік байырғы жер атауымен Шетпе қалалық поселкесі, яғни, қала типтес поселке, (ПГТ) Шетпе поселкелік Кеңесі болып аталды.
Елді мекеннің поселкелік мәртебесі кейіннен, 1993 жылы Облыс басшысы Ф.А.Новиковтың шешімімен ауылдық болып өзгертілді. Бұл шешім Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы бастан кешкен қиындықтарды еңсеруде, поселке тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету мен үкіметтік жеңілдіктер жасауда бірден-бір дұрыс шешім болды. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме:
Сондықтан негізгі тақырыбымызға ауыссақ: Кез келген елді мекеннің пайда болуына әртүрлі жағдай себеп болады, сондай-ақ сол елді мекенді қалыптастырушы, орнықтырушы тірек кәсіпорын, ұжымдық құрылым болуы шарт. Міне осы жағдайлардың қай-қайсысында да құрылғанына 50 жыл толып отырған аудан орталығы Шетпенің қаз басып, қалыптасуына, өсіп өркендеуіне тірек болған, аудан экономикасы мен әлеуметтік дамуына әлі де зор үлес қосып отырған Шетпе теміржол стансасы десек артық емес. Бастапқыда бәрі қиын болды.Тұрғын үйлер жетіспеді. Аупарткомға арнайы салынған қазіргі аудан әкімдігі ғимаратынан өзге теміржол құрылысшыларының уақытша пайдаланған барак үйлері ғана бар еді. Аудандық Кеңес атқару комитеті және оның бөлімдерінен бастап №2 орта мектеп, (қазіргі Б.Жұмалиев атындағы) банкі, редакция, баспахана, сот, прокуратура, ауыл шаруашылығы басқармасы басқа да ондаған мемлекеттік мекемелер осы барак үйлерге орналасты. Бұл ұйлердің кейбіреулері өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін кинотеатрдың да, спорт залдың да, бала бақша мен тұрғын ұйлердің де міндетін мінсіз атқарды.
1966 жылдың желтоқсан айында Шетпеге Ақтау қаласынан жоғарғы кернеулі электр желісі келтірілді. Мұның өзі күні кешегі Шетпеге газ келгеніндей мерекелі күн болды.
Қазіргі Шетпе ауылы құрамындағы Қосбұлақ елді мекенінде орналасқан Маңғышылақ гидрогеологиялық экспедициясы тек облыс елді мекендері мен өндіріс орындары ғана емес бүкіл аудан көлеміндегі жер асты су қорларын анықтап, су көздерін ашуда өлшеусіз еңбек сіңірді. Экспедицияның алғашқы басшылары Аяш Көгешов, Болғанбай Санақаев, Қабиболла Есполовтар болды. Үш ағыс-Шетпенің ойы толарсақтан саз балшық болғандығына қарамастан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысан құрылыстарын тұрғызу айырықша қарқын алды. Күні кешеге дейін МКСО-ауылы аталып келген тұрғын үйлер массиві мен қазіргі Шетпе әкімі, білім бөлімі, басқа да аудандық мекемелер орналасқан ұш қабатты ауатком ғимаратын байырғы колхоздар аралық құрылыс ұйымы салып пайдалануға берді. Мекеме басшысы, мамандығы құрылысшы болмаса да, құрылыс ісінде табиғи талантымен, есімі ел есінде қалған тұлға Қылыш Балтабаев еді.
Кейіннен бұл істі ауыл құрылысына байланысты арнайы мамандандырылған жылжымалы механикаландырылған колонна құрылыс мекемесі жалғастырды, ПМК-ауылы шағын ауданы мен бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени обьектілер бой көтерді. Мекеменің бірінші бастығы Қаналиев деген азамат болса, 1969 жылдан ауданның алғашқы жоғарғы білімді құрылысшы инженерлерінің бірі Төребек Смағұлов ұзақ жылдар бойына осы мекемені басқарып, әртүрлі саладағы жергілікті құрылысшы маман кадрларының қалыптасуына айырықша еңбек сіңірді. Өздерінің жұмысшы-қызметшілері үшін тұрғын үй салу, әлеуметтік тұрмыстық обьектілер тұрғызып елді мекеннің көркейіп гүлденуі үшін аудандағы мекеме, кәсіпорындардың қай-қайсысы да аянып қалған жоқ. «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігі мен оның жанынан құрылған автотранспорт кәсіпорнында 20 жылдан астам уақыт басшылық қызмет еткен Басшиев Мақаш, Қожамбетов Теміржан деген азаматтардың еңбегі ерекше. Сондай-ақ, қазіргі таңда осы азаматтардың есімдерімен қатар Шетпе рудасыз құрылыс материалдары заводының (ШЗСНМ) директоры Жайлы Жаңбыршиевтің, аудандық жол бөлімінің басшысы Қыдырбай Жүсіповтың, аудандық тұтынушылар қоғамы мен шикізат дайындау конторының басшылары Бисен Жаңбырбаев, Шоқай Амандықов сияқты басқада бірқатар азаматтардың есімдерін Шетпенің көзкөрген, көнекөз қарттары әлі күнге дейін ілтипатпен еске алады.
Мен бұл естелік мақаламда бұдан 50 жыл бұрын Таушықтан аудан орталығының Шетпеге көшіріліп, алғашқы, қоныстану жылдарындағы қиындықтар мен атқарылған іс шараларға қысқаша шолу жасадым. Бұдан әрі газет көлемі де мүмкіндік бермес еді. Жеке салалар мен жеке еңбек адамдары жөніндегі, елді мекеннің қалыптасуы кезеңдерін жете біліңкірейтін азаматтар газет бетінде сөйлейді деп есептеймін. Мәселен, бір теміржолдың өзі қаншама тарих. Шетпе стансасының бастықтары болып алғашқы Көпжасар Сүйіндіковтен бастап қазіргі Бәлибек Есенгелдиевке дейін оннан астам адам жұмыс істеді. Омыраулары орден мен медалдарға толы Жаңай Байпақов, Зұлқан Сақтағанов, Бораш Сүйебаев бастаған теміржолшылар династиясынан бастап қаншама теміржолшылар мен тепловоз машинистері өсіп шықты. Теміржолға қарасты «қырық рулы» бөлек-бөлек бағыныстағы ірілі-ұсақты 11 мекеме ұжымдарын біріктіріп, олардың күш жігерін ортақ іске жұмылдыра білген, ақысыз-пұлсыз 30 жыл партия ұйымының хатшысы болып қызмет еткен Түйеші Ашықбаевтың есімі Шетпе теміржолының тарихына алтын әріппен жазылып қалды.
Мен 1968 жылдың наурыз айында Кеңес Армиясы қатарынан оралып, №2 орта мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. 1968-1969 оқу жылында Каспий аймақтық құрылыс басқармасының әскери құрылысшылар отрядының күшімен салынған қазіргі Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің жаңа ғимараты есігін айқара ашып, баршаны қуанышқа бөледі.
Осы кезең тек мектеп қана емес, поселкенің, ауданның қоғамдық саяси өміріне, мәдени көпшілік жұмыстарына да араласуға тура келді. Поселкелік Кеңестің төрағасы сонау Бозашының Уақ құмында балалық шақтағы ауылдас, Шетпеде ПМК-ауылда есіктес көршіміз болған Нәубетов Шүренбай ағамыз еді. Ауатком төрағасы Төкең, Төлеген Қағазов, орынбасарлары Бердібай Сарбалаев, Бекмырза Жұмалиев, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының төрағасы Қуанғали Бисенов, ал, осы жылдың қаңтар айында аупарткомның бірінші хатшысы болып Гурьевтен Оңайбай Көшеков сайланды. Ауылшаруашылығында да үлкен өзгерістер болды. 1969 жылдың наурыз айында аудандағы 12 ұжымдық шаруашылдықтар таратылып, 7 кеңшарларға бірігіп құрылды. 1970 жылдың қазан айында О.Көшеков Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалығына ауысты да, бірінші хатшылыққа Смағұл Тәжібаев сайланды. 1973 жылдың 20 наурызында Маңғыстау облысы құрылып, ауданның құрамынан Бейнеу қалалық поселкесі бөлініп, өз алдына Бейнеу ауданы құрылды.
Міне, түлеген түбектің ғасырға татырлық ұлы өзгерістерімен сабақтас ауданның жаңа орталығы Шетпе де өсіп, өркендеп келе жатты.