©
Салық заңына сәйкес, дүкендер мен мейрамханаларда, тұтынушыларға қызмет көрсететін басқа да орындарда міндетті түрде кассалық аппараттар жұмыс жасап тұруға тиісті. Себебі, заңды және жеке тұлғалардың табысы және оған салынатын салық мөлшері – осы аппаратқа сай төленеді. Ал, салық – халықтың қазынасы. Мемлекет бар жерде халық болса, халық бар жерде салық болатындығы айтпаса да белгілі жағдай. Мемлекеттік кірісті арттыру, салықтар мен төлемдерді уақытылы төлеу – бүгінгі күннің басты міндетіне айналып отыр. Осыған байланысты, аудан әкімдігі мен аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бірлесіп іс-шаралар жасақтап, оның жүзеге асуын бақылау үшін арнайы комиссия да құрған болатын. Осы шаралар аясындағы «Чек талап ет – жүлде ұтып ал!» республикалық акциясына орай Құрық ауылындағы бірнеше дүкендерді аралаған едік.
- Тұтынушылар сауда орындарында сатып алған тауары үшін чек талап ете ме?
- Ауылдық жерлердегі дүкендерде кассалық аппарат бар ма? Бар болған күнде әр тұтынушыға чек беріп отыр ма?
Осы сұрақтар төңірегінде әртүрлі жастағы бірнеше тұрғынның пікірін білген едік:
- Чекті жинап, жүлдеге қатысу ойымда болмапты. Үш-төрт жылдан бері азық-түлікті тек, «Рысбибі» дүкенінен аламын. Ол дүкенде қаласаң да қаламасаң да чек береді. Ол чектер пакеттің түбінде, әр жерде қалып жатыр ғой. Акция туралы естімеген екенмін. Бұдан былай жинап жүретін боламын.
- Чекті жинаса, жүлде ұтып алатындығы туралы естігенбіз. Иә, фейсбукте ме, бір жерден оқығанмын. Бірақ, үйдегілер оған мән бермейді. Өзім уақ-түйек тәтті, сағыз ғана сатып алатындықтан, маған жүлде бұйырмайды деп ойлаймын. Кейбір дүкендер чек те бермейді ғой...
- Иә бұл туралы білеміз, әрине. Бізге әкімшіліктен, салық мекемесінен касса аппарат орнатып, чек беру туралы ескерту хаттар келген. Жақында бұл жөнінде аудан әкімдігінде кәсіпкерлермен жиын өткенде барып, қатыстық. Әрбір жеке кәсіпкерде кассалық аппарат болмаса, ол есеп бере алмайды ғой. Әр алты ай сайын есеп береміз. Тұтынушы сұраса, чек береміз ғой, кассалық аппарат барлық дүкенде бар. Көбінде мекемеден келетін адамдар чектерін міндетті түрде алады.
Шынар КЕНДІН