Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек бойынша ел ішінде туындайтын сұрақтар көп-ақ. Отбасы кірісін есептеу, отбасының құрамы, ажырасқандығы немесе асыраушысынан айрылғандығы, кәмелеттік жас пен студенттер төңірегіндегі қордаланған сұрақтармен таныса келген вице-министрмен бірге аталған сала бойынша Маңғыстау облыстық басқарма басшысы Қуаныш Берішбаев, облыстық "Еңбек ресурстары орталығы" АҚ өкілі Саяжан Ешанкулов, Қарақия ауданының әкімі Қ. Беков және Жетібай, Мұнайшы, Құрық ауылдарының әкімдері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде, жұмыспен қамту орталығында болды. Вице-министр Нариман Нұрланұлы және облыстық жұмыспен қамту орталығының мамандары атаулы әлеуметтік көмек (АСП) бойынша атқарылған жұмыстардың барысымен танысып, мамандарға нұсқаулық кеңес берді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығында тұрғындармен кездесіп, жеке сұрақтары бойынша азаматтарды қабылдады. Қабылдауда көпбалалы аналар Айжан Есенбаева, Шынар Жетімекова, жатақхана тұрғыны әрі II топтағы мүгедек Назым Сүйгенова, жалғызбасты әке Мизанбай Есбосинов және бірқатар тұрғындардың атаулы әлеуметтік көмек бойынша сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар атаулы көмек бойынша Жетібай ауылы әкімдігінің инспекторы өз уәжін жеткізді. «АӘК тиісті адамдарға ғана берілуі керек. Алайда, кейбір тұрмысы жақсы, кәсібі бар адамдар да отбасылық табысын жасырып, бұл көмекті алу үшін әрекеттенуде», - деді ол. Бұдан соң жұмыс тобы аудан әкімінің кіші мәжіліс залында аудан активімен, ауыл әкімдерімен және әлеуметтік сала бойынша қызметкерлермен кездесіп, туындаған сұрақтарды талқылап, нақты тапсырмалар берді.
Шынар КЕНДІН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84496,84500,84502,84497"]