Ақтауда алғаш рет кәсіпкерлер арасында «Вasta» алаңы ұйымдастырылды. Оған «Жас кәсіпкер» жобасының тыңдаушылары мен білікті кәсіпкерлер қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Баста» форумының негізгі мақсаты – жас кәсіпкерлер үшін аға буын кәсіпкерлердің тәжірибесінен үлгі алуға, ой бөлісіп, пікір алмасуға мүмкіндік беретін тұрақты алаң жасау. Форумның басты ерекшелігі – алаңға еңбек жобында жетістікке жеткен, табысты адамдарды шақыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумды облыс аудандарында апта сайын өткізу жоспарланып отыр. Кездесуде спикерлер жетістікке жету құпияларын ашып, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. «Domino home&horeca» дүкендер желісінің иесі Жалғас Дәулетов үлкен алаңдарды жалға алып, дүкеншілер санын арттырғанын және сатылым бағасының төмен болған кездерді еске алды. Шығын көлемі пайдадан бірнеше есе артып кеткенде, тығырықтан шығатын әдістерін болашақ кәсіпкерлерге баяндады. «Біз кәсіп бастағанда бизнес-тренерлердің дәрісі болмаған еді. Ақылын айтатын тұлғалар да табылмайтын. Өз қателіктерімізден сабақ алып, құлдырап барып, қайта көтерілу жолдарын өздеріміз зерттеп, ізденетінбіз. Міне, енді кәсібін бастағандардың ісі оңға басып кету үшін көмектесуді жөн көрдім. Кәсіпкер аяқтан тез тұрса, елдің дамуына да септігін тигізеді»,- деді Жалғас Дәулетов. «Жас кәсіпкер» жобасы – жастарды оқытудың жаңа бағдарламасы. Қатысушылар өз кәсібін толықтай бастап кетуі үшін бір ай бизнес сабақтары тегін оқытылады. Осы жоба аясында елде 200 оқу сыныптары ашылды. Елдің түпкір-түпкірінде жастар мен көп балалы отбасылар бизнес негіздеріне оқып жатыр. Бұл жөнінде форум модераторы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлыбек Жарылғапов айтып өтті. ««Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастарды оқыту, қаржыландыру және сүйемелдеу сынды барлық қолдау тетіктері ескеріледі. Биыл елімізде кемінде 20 мың адам оқып, жоқ дегенде 5 мыңы кәсібін ашып, әрі қарай аяққа тұруына барлық жағдай жасалады. Микрокредит, гранттар қарастырылады. Маңғыстау облысының өзінде 600 жас кәсіпкерлік білімдерін шыңдайды. Сонымен қатар «Бастау» жобасы бойынша жыл басынан 525 жұмыссыз білім алып, соның ішінен 68-і өз ісін ашып, жұмыстарын дөңгелетіп отыр. 2017-2019 жылдары біздің облыста «Бастау» бойынша 2437 адам оқыды. Осы жобалардың заңды жалғасы ретінде «Баста» форумын бастадық», - дейді Н.Жарылғапов. Жастарға табыс жолын айту, тың идеялармен серпілту, бизнес-бастаманы және бизнес амбицияларды дамытуға серпін беретін шарада жастар табысты бизнесмендерге толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын тыңдады. Форумның тиімділігін алға тартқан олар ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Маңғыстау облысы «Атамекен» ҰКП-ның баспасөз қызметі