Стигма сөзінің баламасы—таңба. Қазақшалағанда, сүйекке түскен таңба деген мағына, яғни біреуді немесе өзін ұятқа қалдырған адам. Ондай жандар көпшілік орындарында оқшау жүреді. Қазіргі уақытта бұл стереотипке ұқсас құбылыс және одан адамның қасиеттеріне, соның ішінде, мысалы, оның АИТВ жағдайына бағытталуымен ерекшеленетін көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, қанынан АИТВ табылған адам өзгелердің арасында өзін кем сезінеді. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 7 айда 30 адам осы жұқпамен тіркелген. Дәлірек айтсақ, шілде айында 3 адам тіркеліп отыр. Мамандардың айтуынша, бізге байқала бермейтін кемсітушіліктің де аурудың көбейе түсуіне септігі бар. Орталықтың эпидемиолог дәрігері Набаткүл Сүгірова белгілі бір нәрсені білмеушілік және оған деген қорқыныш—стигманың дамуына негіз болатынын айтады. - Егер адамдарға ақпарат жетпесе, онда олар өздерінің алдыңғы тәжірибесін жинақтап, жалған стереотиптерді ойлап тауып, осы жетіспеушілікті толықтырады,-деді ол.-Егер бұл стереотиптер адамды қорқытатын нәрсемен байланысты болса, онда осындай қасиеті бар адамдарға қорқынышты қолдайтын жағымсыз қасиеттер жинақтала бастайды. Адамдар өздері мен жақындарын төніп тұрған қауіптен түйсігімен қорғауға тырысады. Ал кемсіту-белгілі бір белгі бойынша, мысалы, оң АИТВ жағдайындағы адамның құқықтары мен міндеттеріндегі ақталмаған айырмашылық. Қоғамда АИТВ бар адамдарды стигматизациялауға ықпал ететін бірқатар факторлар анықталды. Олар: - Адамдар ЖИТС қорқынышты деп ойлайды, себебі ЖИТС-тан үрейленуден қорыққан қоғамда туған. Індеттің таралуының алғашқы жылдарында бұл диагноз іс жүзінде өлімге теңестірілді, өйткені вирус тек ЖИТС-тың сатысында ғана табылды. АИТВ/ЖИТС-өмірге қауіп төндіретін ауру, ал өлім тақырыбы тыйым салынған және қорқынышты болып саналады. ЖИТС диагнозы көзсіз қорқыныш пен толық дәрменсіздік сезімін тудырды. - АИТВ және оның ағзаға әсері туралы жеткіліксіз білетін адамдар АИТВ инфекциясын өте нашар көңіл-күймен және сыртқы келбетінің қорқынышты өзгеруімен байланыстырады. - АИТВ инфекция болып табылады, ал инфекциядан барлығы қорқады; АИТВ инфекциясының нақты берілу жолдарын білмеу қорқыныш пен оқшаулаулануға ықпал етеді. - Адамдар АИТВ оң адамдарды АИТВ індетіне дейін қоғамда стигматизацияланған: гомосексуалдармен, есірткі тұтынушылармен, секс-жұмыскерлермен байланыстырады. Адамдар көзқарасында ЖИТС, демек, АИТВ инфекциясы «жаман адамдар ауруы», «жаман мінез-құлық үшін жаза» сияқты көрінеді. - АИТВ көп жағдайда тиым салынған және әртүрлі моральдық шектеулермен, қорқынышпен, кінәмен және т.б. байланысты жыныстық қатынас тақырыбын қозғайды. - АИТВ қоғамда көбінесе және онсызда кемсітілетін адамдарға өте қатты әсер етеді: әйелдер, жасөспірімдер, еркектермен жыныстық қатынаста жүрген ерлер, есірткі тұтынушылары және т.б. - Көптеген адамдар инъекциялық есірткілерді қолданбаса және кездейсоқ жыныстық қатынастарда болмаса, өздерін «мұндай емес» деп және АИТВ оларға тимейді деп ойлайды, ал Қазақстанда АИТВ-ның таралуына тек қауіп тобы ғана кінәлі. Қазіргі уақытта АИТВ инфекциясы диагнозы көпшілігінде, соның ішінде медицина қызметкерлерінде қорқыныш пен үрей туғызуды жалғастыруда. Қоғамның теріс көзқарасы әртүрлі тәсілдермен көрінеді. Бұл—бұл доминация, тежелу, күш пен бақылауды пайдалану, агрессия, айыптауды жазалауды, кінәлауды, алыстатуды, келемештеуді, ренжуді, қашуды, жәбірлеуді, қудалауды категориялау, көмектен бас тартуға шақыру. Набаткүл Қойшықызының айтуынша, АИТВ инфекциясын жұқтырғандар жария болудан қорқып, уақытында қажетті ем алмайды, ал бұл олардың өміріне қауіп төндіреді. Ал еліміздің заңнамасы АИТВ жұқтырғандарды кемсітуге тыйым салады. Науқастар Конституциямен қорғалған. Қазақстан Республикасында АИТВ мен өмір сүретін және ЖИТС-пен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193‐IV кодексіне сәйкес көрсетіледі. Мысалы, Кодекстің 112-бабы, 19-тарауы АИТВ инфекциясының және ЖИТС‐тың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелерінде мемлекеттің мынадай кепілдіктерін анықтайды: 1) тегін негізде ерікті жасырын және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қараудың қолжетімділігі мен сапасы, динамикалық байқауды қамтамасыз ету, психоәлеуметтік, құқықтық және медициналық кеңестер беру; 2) ТМККК шегінде медициналық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету; 3) әлеуметтік және құқықтық қорғау; 4) аурудың сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеу; 5) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа берілу қаупін азайту жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру. - Бүгінде АИТВ тіркелген адамға немесе адамдар тобына қатысты «АИТВ-мен өмір сүретін адамдар» (АӨСА) терминін пайдалану ұсынылады, - деді Н.Сүгірова. - Өйткені дәл осы белгі адамдар белсенді және сапалы өмір салтын сақтай отырып, АИТВ-мен бірнеше он жылдап өмір сүре алатын фактіні көрсетеді. Өкінішке орай, біз стигма мен кемсітуді аяғына дейін жеңе алмаймыз. Себебі, бұл терең тараған әлеуметтік құбылыс. АИТВ инфекциясы—қоғамның «ондай емес» адамдарды, соның ішінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қабылдамауының жалпы көрінісіндегі кішкентай пазл. Біз көптеген жақсы препараттарды сатып ала аламыз, «сынамадан өткіз де, емде» хаттамаларын қабылдай аламыз. Бірақ адамдарға жайлы қауіпсіз кеңістік жасамаса, олар қызметтерге келмейді, ем қабылдамайды немесе оны тоқтатады. Біз қауіпсіз кеңістік құруымыз қажет, сонда ғана індетті жеңе аламыз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА