Енді студенттер мен оқушыларға кәсіп ашудың қыр-сыры үйретіледі. Осы мақсатта жаңа оқу жылынан бастап «Кәсіпкерлік негіздер» пәні Маңғыстаудағы барлық мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында оқытыла бастайды. Бүгінгі таңда облыстың 100-ге жуық ұстазы осы бағытта арнайы курстан өтіп, жаңа пәнді оқыту әдістемесін үйреніп жатыр. Оқу крусынан өтіп жатқан тәлімгерлердің бірі – Ақтаудағы №11 физика-математика мектебінің мұғалімі Лиза Мыңбаева. Тарих пәнінің мұғалімі жаңа сабақты негізгі жұмысымен қоса алып жүрмек. Оның айтуынша, «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің оқушыларға берері мол. «Көбіне оқушылар грант жеңіп алу үшін ата-аналары таңдаған немесе түлектер аз тапсырған мамандықтарға барады. ЖОО бітірген соң өздерін таба алмай, көбіне жұмыссыз жүреді. Мектеп қабырғасынан бизнесті үйретсек, кез-келген жағдайда жеке кәсібін ашып, тығырықтан жол табатын болады. Бізде тек қаражаты бар адамдар ғана кәсіп бастай алады деген түсінік бар. Олай емес. «Нөлден» бастап бизнесті өркендету жолдарын оқушыларға кеңінен оқытатын боламыз», - дейді Лиза Мыңбаева. Айта кетейік, «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп биылғы оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізген болатын. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласында алдымен бизнес-тренерлер дайындықтан өттіп, енді білген-түйгендерін жергілікті ұстаздарға үйретуде. «Мен 27 жылдан бері кәсіпкермін, 4 жылдан аса дәріс үйретіп келемін. Әр адамның бойында белгілі бір кәсіпке деген бейімділік бар. Соны дөп басып, аша алуымыз керек. Бала бойында тәуекелге бел буу, ұтқырлық, тапқырлық, шешім қабылдау, жауапкершілікті мойнына алу сынды кәсіпкерде болуы тиіс қасиеттерді дамытуымыз қажет. 10 күн ішінде бір жыл бойы өтетін 68 сабаққа шолу жасаймыз, әдіс-тәсілін үйретеміз. Оқушыларға мейлінше түсінікті тілмен, ойын түрінде сіңіруге ұмтыламыз. Ұстаздар да осыны түсініп, курсқа бар ынтасымен қатысуда, қазіргі таңда олар маркетингтік зерттеу жүргізу, анализ жасау, бизнес-модель, жоспарлау, кәсіпкерлік мәдениет және т.б. тақырыптар бойынша білім алуда», - дейді бизнес-тренерлердің бірі Шолпан Түсіпбекова. Жаңа оқу жылынан бастап аталған пәнді мектептердің 10-сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттері оқиды, ал келесі жылы 11-сынып оқушылары да қатарға қосылмақ. Жаңа элективті пәнге аптасына 2 рет, барлығы 68 сағат бөлінген. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін пән осы уақытқа дейін Ақтау қаласындағы АТ лицей мен бірқатар колледждерде пилоттық жоба негізінде оқытылған болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы ретінде республиканың барлық мектептеріне енгізу жөнінде шешім қабылданды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА