Ақыл-есі дұрыс, дені сау адамның мемлекетке қарай аузын ашып отыруы бүгінде сән емес. «Жүргенге жөргем ілінеді» деп, талап қылғанға нұр жаумақ. Және тек өзіңнің қарақан басыңды ғана емес, өзгенің де жайын, әсіресе өздігінен әрекет етуге мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларды қамдай жүргенге не жетсін. Қоғамның әлеуметтік тұрғыдан осал тұстарын қамтып, солармен жұмыс жүргізуді қолға алған кәсіпкерлер бүгінде әлеуметтік кәсіпкер деп аталады. Кәсіпкерліктің бұл түрін дамыту үшін «Теңізшевройл» ЖШС қаржылай қолдауымен Орталық Азияның Еуразия Қоры «Жарқыра» бағдарламасын жүзеге асыруда. Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) – аймақта 2005 жылы құрылған қоғамдық ұйым. ОАЕҚ ұлттық және өңірлік деңгейлерде азаматтарға қоғамдық мәселелердің тиімді шешімдерін табу және ілгерлетуге көмектесе отырып, қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады.ОАЕҚ Еуразия Қорының қызметін жергілікті институт ретінде жалғастыруда. Еуразия Қоры–1993 жылдан бері Орталық Азияға 40 миллион АҚШ долларынан астам қаражат инвестициялаған жеке коммерциялық емес ұйым. Ақтаудағы «Ренессанс» мейманханасында аталмыш жоба аясында Маңғыстау облысы әлеуметтік кәсіпкерлерінің Құрылтайы өтті. Басқосудың мақсаты—облыстың белсенді азаматтарына мәселелерді шешудің инновациялық әлеуметтік жолдарының идеяларымен бөлісе алатын алаң ұсыну. Онда сөз сөйлеген «Теңізшевройл» ЖШС үкімет және жұртшылықпен байланыс бойынша бас менеджері Рзабек Артығалиев барлық әрсенің соңы болатыны сияқты, бұл бағдарламаның да аяқталатынын және осынау игі шараны үкіметтік емес ұйымдар түрлі жолдармен жалғастыра алатынын айтты. - Атырау облысында сәтті жүзеге асырылып, 2016-2018 жылдары 21 әлеуметтік кәсіпкер сайыс жеңімпазы атанған «Жарқыра» жобасының нәтижелерін негізге ала отырып, жобаны Маңғыстау облысында бастап едік, қорытынды қуантарлықтай болды,-деді ол.- Жеңімпаз әлеуметтік кәсіпкер 5 жылға пайызсыз заем алады. Яғни, өсімсіз қайтаруға міндетті. Атырау облысында 30 шақты әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсеттік. Бүгінге дейін 8 миллион теңгедей қаржы қайтарылды. Ал қайтарылған қаржы қайтадан айналымға түсіп, келесі адамдардың әлеуметтік кәсіпкер атануына көмектеседі. Атырауда жоба алғаш жүзеге асырылған кезде кәсіпкерлердің кәсіпкерлікті қалай жүргізу керектігін, бизнес жоспар жасай алмайтынын көріп, оларды оқытуды да қолға алдық. Қазір олар өз істерін сауатты жүргізіп келеді. Облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі Бауыржан Абдықадыров құрылтайдың ойдағыдай өтуіне және әлеуметтік кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік жобасының директоры Айгүл Тағатова 7 әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетілгенін жеткізді. - Әлеуметтік кәсіпкерлік–бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді жаңашыл жолмен шешуге бағытталған әлеуметтік миссиясы бар бизнес,-деді А.Тағатова.-«Жарқыра» бағдарламасында ӘК қолдаудың бүкіл кезеңі қарастырылған: өтінімдерді іріктеу, оқыту, қаржыландыру алу байқауы және тәлімгерлік. 5 жоба 11 миллион теңге сомасына қаржыландыруға ие болды және 2 жоба ТМД елдеріне тағылымдама ұтып алды. Жобаның салалары—балаларға білім беру, дамыту және балалар спорты, мүгедектігі бар адамдарға арналған қол жетімді орта, жарақаттар мен инсульттан кейін оңалту сияқты болып тұр. Бұл жобалар Маңғыстау облысының 800-ге жуық тұрғынын қамтиды деп болжануда. Құрылтайда «Луара» ҚҚ би терапиясы орталығының балалары ортаға шығып, өнер көрсетті. Сондай-ақ «Ясин» медициналық орталығы жанындағы оңалту орталығынан Айшагүл Махамбетова, «Өркен» білім беру орталығының жанынан «Балалардың көру қабілетін оңалту кабинетін» ашқан Айбала Шалқарова, «Маңғыстау облысының капоэйра федерациясы» ҚБ жанынан балаларға арналған акробатикалық спорт түрлерін дамытумен айналысып жүрген Ержан Сәрсенов және басқа әлеуметтік кәсіпкерлер ТЭД стилінде ортаға шығып сөйлеп, олардың видеолары мен шығармашылық нөмірлер көрсетілді. Сондай-ақ құрылтайға «Жарқыра» бағдарламасы 4 жылдан бері жүзеге асып отырған Атырау облысының әлеуметтік кәсіпкерлері қатысып, ақтаулық әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Құрылтайдың екінші жартысында алматылық тренер Ғалым Жұқыпбаев «Бизнеске идеялар табу» тақырыбында авторлық тренинг өткізді. Тренинг барысында бизнес идеяларды қалай табуға болады, Ақтау нарығында өз идеңды қалай жылжытуға болады, өз идеяңмен қалай табыс тауып бастауға болады деген осындай кіші бизнестерді мазалайтын сұрақтарға жауаптар табылды. Тренингте жұмыс жасайтын бизнес идеяларды қалай табуға болады, Ақтау нарығында өз идеяңды қалай жылжытуға болады, өз идеяңмен қалай табыс тауып бастауға болады деген секілді осындай кіші бизнестерді мазалайтын сұрақтарға жауаптар табылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84466,84467,84464,84468"]