Бүгін, 27 тамыз күні Назарбаев Зияткерлік мектебінде тамыз кеңесінің пәндік секциялары өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын жиынға өлкенің 800-ден аса мұғалімі қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Конференцияның басты тақырыбы – аймақтағы жалпы білім беру мектептерінің 9, 10 – сынып оқушылары жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқуға өтуі. Кездесу барысында сарапшылар мен ұстаздар бағдарламаның ерекшеліктеріне тоқталып, пәндік секциялардың арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Жиналыс барысында зияткерлік мектеп директоры Ермек Пайзов жаңартылған бағдарламаның дәстүрлі білім беру әдісінен айырмашыылығы туралы айтты. «Секциялық отырыстарда зияткерлік мектеп мұғалімдері 9, 10 - сыныптың пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби тұрғыда өсуіне ықпалдасып, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі өз тәжірибелерімен бөліседі. Облыс педагогтарының шеберлік сағаттарына белсенді қатысатындығы қуантады», - дейді мектеп директорының орынбасары Ырыскүл Имамбаева. Шеберлік сағатта бағалау критерийлері, дескрипторлар және CLIL технологиясының жаңалықтары туралы баяндалды. Кейін қатысушылар тәжірибелік жұмыс жасап, бағалау жұмыстарын жүргізді. «Информатика пәні бойынша өзгерістер бар. Осыған дейін робототехника үйірме ретінде жүргізіліп келсе, енді балалар оны күнделікті оқу бағдарламасына қосып оқиды. Робототехниканы меңгеру қарқынды дамыған заманда дұрыс шешім деген ойдамыз. Енді облыстық деңгейдегі робототехника жарыстарға балалар мықты жобалармен және қабілеттермен қатысады», - дейді информатика пәні әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, пән мұғалімі Джамал Мамиева. Естеріңізге сала кетейік, жаңартылған білім беру бағдарламасына былтыр 3, 6, 8 - сынып оқушылары өткен еді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84509,84508"]