Бүгін, 27 тамыз күні Маңғыстау облысы әкімінің экс-орынбасары Серік Аманғалиевке қатысты сот үкімі шықты. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігіне сәйкес ең төменгі қауіпсіздік колониясында 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Серік Аманғалиевке Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4 бөлігінде көрсетілген мемлекеттік лауазымға орналасуға, мемлекеттік органдарда және мемлекет қатысатын компанияларда, екінші деңгейлі банктерде жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салды. Сонымен қатар Серік Аманғалиев «Құрмет» мемлекеттік сыйлығынан айырылды. Еске сала кетейік, былтыр 3 қарашада Серік Аманғалиев Ақтау халықаралық әуежайында 115 000 еуро көлеміндегі парамен ұсталған еді. Бұл келісілген 400 000 еуро ақшаның бір бөлігі болатын. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері анықтады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА