Каспий теңізінің су деңгейі бір жарым метрге төмендеді және бұл үрдіс жылдан-жылға қарқын алып барады. Эколог мамандардың айтуынша, соңғы жылдардағы көрсеткіштерге зер салсақ, судың деңгейі жылына орта есеппен 7 сантиметрге азаюда. Соның нәтижесінде теңіздің аумағы да қысқарған. Аумағы 391 мың шаршы шақырым болатын Каспийдің қазіргі көлемі жылдық орташа көрсеткіш бойынша 370 мың шаршы шақырымдай. "Каспий теңізінің су деңгейі белгілі бір уақыттардың ішінде бірде көтеріліп, бірде төмен түсіп тұрады. Соңғы 100 жылдықтың ішінде, 1977 жылы Каспий суы ең төменгі деңгейге жетті, яғни 29 метр көрсеткіш болып, су барынша төмендеп, бірнеше шақырымға шегініп кетті. Соның салдарынан жағалаудың көп бөлігі кеуіп кетіп, одан желмен шаң көтеріліп, жақын маңда орналасқан елді мекендерге зиянын тигізіп жатты. Міне, осы мезгілде Каспий теңізінің суын молайту туралы көптеген ұсыныстар айтылды. Оның ішінде солтүстіктің өзендерін каналмен бұрып Каспийге құю жөнінде де жобалар болды. Жалпы алғанда осындай 11 жоба жасалды. Алайда 1980 жылға қарай теңіз деңгейі табиғи күйінде өздігінен көтеріле басты. Жыл сайын үздіксіз көтеріле отырып, 1995 жылы соңғы жылдардағы көрсеткіштің ең жоғарғы деңгейіне жетіп, 26,63 метр болды. Енді жағалаудағы елді мекендерді су баса бастады. Теңізге өте жақын орналасқан ғимараттар, құрылғылар су астында қалды. Осыдан соң жағдай біраз уақыт тұрақталған болатын. Дегенмен соңғы жылдары су деңгейінің қайтадан бір төмендеп, бір жоғарылауы байқалады. 2018 жылы су деңгейі 28,39 метрлік көрсеткішке дейін төмендеді, яғни ұзақ жылғы қалыпты деңгейінен қазір 1 метр 40 сантиметр төмен", – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы Орынбасар Тоқжанов. Каспий теңізіне 300-ге жуық өзен құяды. Соның ішінде судың 80%-ы Еділ өзені арқылы келеді. Бұдан кейінгі ірі өзендер – Жайық, Терек, Кура т.б. Енді су деңгейінің төмендеу себептеріне келер болсақ, біріншіден, аталған өзендердің жағалауында халық саны жыл сайын өсіп, өндіріс орындары көбейіп, су тұтыну көлемі артып келеді. Екіншіден, өзен жағалауларына жауын-шашынның аз түсуі. Осының салдарынан, жағалауда орналасқан халық егіндерін, шаруа қожалықтарындағы малдарына су жеткізе алмай, өзен суларын көп мөлшерде пайдаланады. Ал үшінші себепті ғалымдар теңіз аймағының тектоникалық тұрақсыздығынан деп түсіндіреді. Бірақ бұл – әлі нақты дәлелденбеген ақпарат. Бүгінде Каспий теңізі бес мемлекетке ортақ. Сондықтан оның экологиялық жағдайы бір елге ғана әсер етпейді. Жағалауына жайғасқан барлық тұрғын пайдасы мен зардабын бірдей көреді. 2003 жылы Тегеранда бес мемлекеттің басшылары осы Каспий теңізінің хал-ахуалына алаңдап бас қосқан болатын. Сол жылы олар теңіз ортасын қорғау жөніндегі конвенцияға қол қойған-ды. Қазіргі таңда аталған конвенция аясында Каспий теңізі экологиясын сақтау, биологиялық ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде мемлекет басшылары жиі кездесу өткізіп, мәселелерді талқыға салып жүр. Нәтиже де жоқ емес. Сондықтан көк теңіздің тағдырына алаңдау – баршамызға ортақ мүдде болып қала бермек.
Айгүл ОРЫНБАЕВА