©
Құрықта қазақ еліне еңбегі сіңген геолог-барлаушы Ғиззат Балмұқанбетовке көше атауы берілді.
Бұдан былай Құрық ауылындағы «Авиатор» көшесін Маңғыстау мұнайының ашылуына елеулі үлес қосқан мұнай өндірісі саласының кемеңгері Ғиззат Балмұқанбетовтың есімімен атайтын боламыз. Көше атауын беру салтанатты рәсіміне ел ағалары, Ғ.Балмұқанбетовтың көзін көрген замандас інілерімен жергілікті билік өкілдері және көше тұрғындары мен ұрпақтары қатысты. Көшенің атауын беруге арналған жиынды аудан әкімінің орынбасары Ержан Көпжасарұлы ашып, елі үшін еңбек еткен ерлердің есімі ешқашан ұмтылмайтынын жеткізіп, тұрғындардан ардақтылар аты берілген көшені таза ұстап, қадірлей білуге шақырды. Шарада еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Ж.Тоғжанов, ардагердің туған қарындасы Ф Балмұқанбетова, бөле қарындасы И.Талшынқызы, құрдасы Е.Күмісқалиұлы сөз сөйлеп, Ғиззат Балмұқанбетовтың өнегелі жолы, ғибратқа толы ғұмыры жайлы естеліктер айтып, өткен күндерге шолу жасады. Олар өр тұлғаның тындырымды тірліктерін, іске деген ыждағаттылығы мен көпшілікке үлгі боларлық қасиеттерін ұрпақтарына жеткізді. Бұдан соң өңір және аудан басшылығы бастаған топ ардагерлер ауданымыздағы Геолог-барлаушылар мұражайын аралап, алғашқы мұнай-газ шаруашылығында қолданылған бұйымдармен, сол кездің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты.
Балмұқанбетов Ғиззат Өтешұлы 1948 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылыныда дүниеге келген. 1956-1966 жылдары Қарабау және Миялы ауылдарындағы орта мектепте білім алған. 1966 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық инстиутына оқуға түсіп, жоғарғы оқу орнын 1971 аяқтады. Оқудан кейін жолдамамен Маңғыстау түбегіне «Мангышлакнефтеразведка» кешенді экспедициясында еңбек жолын бастады. Мұнайлы өңірде ерен еңбегінің нәтижесінде бұрғылаушының көмекшісінен «Маңғыстаугеология» АҚ-ның президенті қызметіне дейін көтерілді. Бір жылдары бұрғылауда мастер болып, бұрғылаудың басшысы, технорук және аға инженер болыпта қызмет атқарды. 1986 жылы сайлау нәтижесінде «КМНГ» мекемесіне басшысы болып сайланды. Ғ.Балмұқанбетов жұмыс жасаған кезінде Оңтүстік Каспий жағасындағы Елемес, Нысановка, Қазтөбе, Қолтық, Қаламқас, Қаражанбас, Арман мұнай алаңдарын, кен орындарын ашуға атсалысты, бірқатарына өзі тікелей басшылық етті. Сонымен қатар, Қаражанбас және Қаламқас кен орындарындағы ең бірінші мұнайдың көзін ашқан экспедициясының қатарында болған. Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық, аудандық Советтердің бірнеше рет депутаты болып сайланған. «Маңғыстаугеология» АҚ-ның президенті қызметінде жүрген кезінде облыстың және ауданның мәдение және спорттық шараларына демеушілік көрсеткен.
Фариза ХАЙДАРОВА