©
Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы қызметкерлері Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында жиын өткізді. Жиынға Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, ауыл әкімдері, сала қызметкерлері қатысты.
Жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселе Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану», «Жер» кодексі, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарының сақталуын қамтамасыз ету туралы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Н.Құлбаев айтып өтті.
Сонымен қатар аудан бойынша тарихи және мәдениет ескерткіштер бойынша заң бұзушылық мәселелері туралы облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің меңгерушісі Ж.Болжанова баяндады.
«Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік тізімде 197 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ 341 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Олар өздерінің мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылдағаннан кейін ҚР 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуы тиіс. Қазіргі таңда далалық жерлерде жер қойнауынан белгісіз кен іздеушілер немесе «қара археологтар» тарапынан тарихи жерлерді талқандап кету факторлары кездесіп жатады. Еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда, біздің өңірімізде жаңа заман ескерткіштерін тұрғызу қарқынды дамыған. Қазіргі таңда Қошқар ата, Қамысбай, Шопан ата тәрізді киелі қорымдардың қорғау аймағында заманауи күмбездер мен кереге тамдарға толы. Жаңадан салынған құрылыстар облысқа тән діни қабірлеу кешендерінің қалыптасқан тарихи көрінісі мен бастапқы жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеп соғады. Сондықтан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 145-бабы бойынша заң бұзушы жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу белгіленген.
Маңғыстау ауданына қарасты «Қамысбай» қорымының қорғау аймағында күрделі заң бұзушылық жағдай болған. Қорымның қоршау орнатылған, «мемлекет қорғауында» деген тақтасы қойылған ежелгі бөлігіндегі есепке алынған сәулет пішіндерінің жанынан ежелгі кешеннің қалыптасқан тарихи көрінісіне нұқсан келтіретін 7 бағаннан тұратын жаңа құрылыс салынған. Сонымен қатар Шайыр ауылының әкімдігі жасаған қорғау міндеттемесіндегі Ақмыш сайының аймағын жаңа құрылысқа пайдалануға жол бермеу, ескерткішке қосымша құрылыстар жүргізу талаптары сақталмаған. Ескерткіштің қорғау аймағында жүргізілетін жаңа құрылыстар туралы хабарланбаған және облыстың жергілікті атқарушы органдарының келісімінсіз жасалған заң бұзушылық оқиғаларға тоқталып өтті.
Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары осы орын алған жәйттар төңірегінде сауалдарын қойды. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының да мәні мен мазмұны осында болса керек. Олай болса, туған өлкесіне жаны ашып, сұрқы кетіп тұрған, даладағы малдың ішіне оңай кіріп, ағаштарын жеп кететін «Ақмыш сайының сыртқы қоршауын жаңартқан жеке кәсіпкердің ісі дұрыс» деп бағамдаған ақсақалдар болған құқық бұзушылық жағдайларды жақсы жолмен, бітімгершілікпен шешілуіне атсалысты. Тұшымды пікірлермен алмасқан қонақтар алдағы уақытта заң бұзушылыққа жол берілмеу керектігін, жұмыс қатаң бақылауда ұсталатындығын тілге тиек етті.
А.РАХМЕТОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен