Қарақияда "Ақ орамал" атты аналар форумы өтті. Бір қолымен бесігін тербете жүріп, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы да ақылды, қайсар да қадірлі жандардың ауданда алғаш рет өтіп жатқан форумына әр саланың үздіктері мен өнегелі, өнерлі аналары, аудан жұртшылығы мен басшылары және форум қонақтары қатысты.
"Ажар-ай" ҚҚ және Қазақстан Халқы Ассамблеясы Қарақия аудандық "Қоғамдық келісімі" бірлесе ұйымдастырған форумды аудан әкімі Қыдырберді Беков құттықтау сөзбен ашты. Сондай-ақ Маңғыстау облысы аналар кеңесінің төрайымы Зульфия Бернеева, Ш.Есенов атындағы университеттің оқытушысы, порфессор Роза Маханбетова, Қарақия аудандық "Аналар кеңесінің" төрайымы Айғаным Төлесбаевалар құттықтау сөз сөйлеп, отбасы және қоғамдағы аналардың орны, міндеті, болмысы, бала тәрбиесі жөнінде орамды ойларын ортаға салып, тың пікірлер білдірді.
Нәзік жанды әйелдердің өмірдегі рөлін айқындап, мәртебесін көтеруге, "Ақ орамалдың" қасиетін дәріптеуге арналған шарада әр саланың үздіктері марапатталды. Онда: бүгінде 5 келін түсіріп, 17 немере тәрбиелеп отырған көп балалы ана, Мұнайшы ауылының тұрғыны Ақілгек Әжібаева - "Үлгілі ене" номинациясымен марапатталса, Құрық ауылының тұрғыны, өмірге 7 бала әкеліп, тәрбиелеп отырған Жанаргүл Атағараева - "Көп балалы жас ана" аталымымен, Алаштың қызы болмаса да қазақтың келіні болған Оксана Аркадийевна Ерзахова - "Ұлт келіні" аталымымен, аудандық спорт мектебінің қызметкері, каратэ-киокушинкайдан ҚР спорт шебері Садиға Арманд - "Нәзік жанды спортшы" аталымымен, жеке кәсіпкер Бақытжан Кенжебекова - "Кәсіпкер әйел" аталымымен, "Маңғыстау- Тазалық" ЖШС қызметкері Рахима Оңғарбаева - "Қоғам жанашыры" аталымымен марапатталды.
Бұдан соң аудандық "Аналар кеңесінің" жұмысы және алға қойған мақсаттары туралы Жанат Унгарбаева, "Аудандағы жас аналардың денсаулығы және ана мен бала өлімінің алдын алу" туралы акушер-гинеколог Гулзада Баскараева, "Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет" тақырыбында аудандық білім үйлестіру орталығының әдіскері Құралай Айманова, "Әйелдердің құқығын қорғау және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" АІІБ аға инспекторы Ербол Байтүзеловтер баяндама оқығаннан кейін, форум қорытындыланып, ардагер аналар жас буынға ақыл кеңестерін айтып, осындай игі шараны ұйымдастырушылар мен аудан басшылығына алғыс білдірді.
Форумға қатысушыларға «Ажар-ай» ҚҚ атынан сый-сыяпаттар ұсынылып, көпшілік қауым Мәдениет үйінің фоесінде орналасқан қолөнер көрмесін тамашалап, естелік суреттерге түсті.
Айта кетейік, ауқымды шараны ұйымдастырушы «Ажар-ай» қоғамдық қоры - Қарақия ауданы әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік жобаларын ұтып алған үкіметтік емес ұйым.
Шара соңында "Ақ орамал" аналар форумының құрметті қонақтарына арналып, "Каспий" ресторанында қонағасы берілді. Игі істің куәсі болған аналар қауымы ыстық ықылас, ізгі тілектерін жеткізіп, ойда жүрген ұсынытарын кеш барысында жалғастырды. Бұл күн - әр салада жемісті еңбек ете жүріп, әр шаңырақтың бағын жаға білген нәзікжандылар қауымына ерік-жігер, тың серпін берген ерекше күн болды.
Шынар КЕНДІН