Білмеген у ішеді. Күллі әлемде қаншама жастар Ислам дінін білмегендіктен тура жолдан адасып, дін атын жамылғандардың арам пиғылының құрбаны болып жатыр. Кейбір елдердің саяси ойынына айналған жат ағымдар мүшелерінің діні тілінде болғанымен, жүрегінде болмауы себепті ата дінімізге күйе де жағылды. Мұндай жайттар біздің елімізді де айналып өтпегені өкінішті.
Маңғыстау облысының орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қазақстан экстремизмге қарсы» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге облыстық дін істері жөніндегі басқарма жанындағы ақпараттық талдау орталығының дінтанушы маманы Пиязбек Айтмаханбет пен орталық «Бекет ата» мешітінің наиб-имамы Асқар Ахлиддин қатысты.
Жиын барысында Асқар Мирсайдұлы дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдар және оларды ажырату жолдары туралы мағлұмат берді. Ислам дініндегі дәстүрлі емес ағымдар тарихына шолу жасаған ол әлемде және біздің елімізде бой көрсетіп жүрген экстремистік және лаңкестік әрекеттердің зардаптары мен кері әсерін нақты мысалдармен түсіндіріп өтті.
Ал Пиязбек Нұралыұлы экстремистік бағыттағы діндердің қоғамға қаншалықты қауіпті екендігін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ кездесуде тақырыпқа сай арнайы бейнеролик көрсетілді.
Басқосуға жиналған Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенттері мен мұғалімдері жиын соңында мамандарға жат ағымдардың алдын алуға байланысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66022,66024,66023,66021"]