©
Өңірдегі біршама мұнай өндіру серіктестіктеріне енгізілген «5/50» бағдарламасының негізгі мақсаты - жұмыс көзі мен компания әлеуетін сақтап қалу және мұнайшы мен кәсіпорынның екіжақты мүддесін ойлай отырып, нарықтан сәтті шығу екендігі баршамызға белгілі. Бағдарламаға сәйкес табыс әкелмейтін кәсіптің қызметкері ерікті түрде әкімшілікке жүгініп 5 жыл үшін жалақының 50% мөлшерінде өтемақы алуына болады. Бұл мүмкіндікті зейнетке жақындаған егде адамдар және денсаулығына байланысты жұмыс жасау қабілеті төмендеген қызметкерлер, сондай-ақ қомақты қаражат қажет еткен қызметкерлер қолдана алады.
Бағдарлама әрине, Қарақия ауданына қарасты елді мекендерде де жүзеге асуда. Өңірде оңтайландырылған 5/50 бағдарламасы сәтті іске асып келеді. Жобаға тек, мұнай сервис компаниясының қызметкерлері қатыса алады. Олар бағдарлама арқылы алған қаражатына үй сатып алып, несиесін жауып, тіпті кейбірі жеке кәсібін бастаған. Мәселен, Жетібай ауылының тұрғыны Муратбай Салқынбаев «БУТТ» ЖШС-не 2010 жылы тракторист болып жұмысқа орналасқан. Ол 2017 жылы 5/50 бағдарламасы бойынша 9,5 млн теңге алған болатын. Бес жылғы еңбекақысының 50 пайызын алдын ала алған бес баланың әкесі қаржысын пайдалы іске арнай білді. «Мехлопота» техникасын сатып алып, жеке кәсібін ашқан еді. Осылайша «Салкынбаев» жеке кәсіпкерлігі 2018 жылы ақпан айында «Маңғыстау-Тазалық» ЖШС-іне сатып алған техникасын жалға берген. Құдайға шүкір, бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. 5/50 бағдарламасы кәсіп ашамын деушілерге жақсы мүмкіндік беруде.
Шынар КЕНДІН