Жаңаөзеннің қарашаңырағы қазіргі Қызылсай ауылын қолмен құрғандардың қатарында сәуленің де есімі жиі аталады.
Талай мыңдаған баланың баланың дүниеге аман келуіне, талай ананың аналық бақытқа бақытқа ие болуына, талай отбасының сәби күлкісіне кенелуіне себепші болған ақ желеңді абзал жан, бүгінгі ақ шашты ардагер ана Сәуле, оның өмірлік серігі Әрми де зейнеткерлер болғанымен бақуат адамдар екен. Ұяға қонған ұлы мен қияға ұшқан қыздарының және солардан сүйген немерелерінің күміс күлкілеріне көмкеріліп, қуаныштарына кенеліп отырған қарапайым жандар секілді.
- Мен 11 желтоқсан 1940 жылы Форт-Шевченкода дүниеге келдім, - дейді Сәуле апай өткенге ой жіберіп. – Балалықтан ба соғыс зардабын байқамадым. Бірақ ертедегі ата-бабаларымыздың бай болғандығы үшін отбасымыз құғын-сүргінге ұшырады. Себебі, ол кезде Сталин тірі болатын. сондықтан алтын ұясын қимаған қара бауыр қасқалдақ сияқты кіндіктің қаны тамған қасиетті топырақтың нәрін жүрекке түйіп, көздің жасын мөлтілдетіп еріксіз қоштастық. Бұл елдің соғыс зардабынан қабырғасы қайысқан 1948 жыл болатын. Жасым сегізде. Туған жердің ыстық лебін жан жүрегіммен түсінемін. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Сөйтіп, Түркменстанның Небиттау қаласынан бір-ақ шықтық. Құдайға шүкір, ата-анамның еңбекқорлығының, парасаттылығының, көпті көргендігінің арқасында ешкімнен кем болмадық. Пушкин атындағы орыс орта мектебінде оқыдым. 1958 жылы онжылдықты аяқтап, Красноводскідегі медициналық училищеге оқуға қабылдандым, - дейді Сәуле Темірханқызы.
Екі жыл оқып, училищені бітірген Сәуле Небиттаудағы орталық аурухананың балалар бөлімінде алғашқы ееңбек жолын бастады. Жастайынан армандаған мамандығына жиырма жасқа толғанда қолы жетті. Еңбек еткен қандай жақсы, анау-мынау кәсіп емес, адам жанының арашасысың. Сәуленің қолы өте жеңіл, салған уколы білінбейді деп жұрт мақтайтын. Мүмкін бақыт деген осы шығар. Таңертең жұмысқа қарай асығады, ал кешке үйге... еңбек ұжымың бар. көпшілігі өзі қатарлы қыз-келіншектер. Қандай қызық, әсіресе, алғашқы жалақысын алған күнгі қуанышын айтсаңшы. Бір тиынын да саумай ата-анасының қолына салды. Темірхан әкей мен Болған шешенің қуанғаннан төбелері көкке бір елі жетпей қалды. Тіпті, анасының көз жанары шыланып сала берді. Қайтсін енді, баласы атқа шапса үйде отырып тақымын қысатын ана емес пе?! Міне, бүгін осы екеуі елдің қорымында жатыр. әке Небиттау топырағын көрпе қылып бүркенсе, ана киелі мекенге келіп «Қошқар ата» қауымынан мәңгілік орын тепті. Иә, «жазмыштан озмыш жоқ», топырақтың бұйырғаны да. Жандары жәннатта болсын!
Сәуле 1962 жылы мұнайшы Әрмимен тағдырын табыстырды. Соның сәл-ақ алдында Қызылсайдан, яғни Ескіөзеннен «қара алаңның» алғашқы форнтаны атқылағаны. «Қара алтынды» қара шаңыраққа бүкіл ел назар аударды. Жан-жақтан мұнай мамандары ағылды. Жас отбасылардың қатары көбейді. Мұнайшы, бұрғышылармен бірге құрылысшы, педагог, медицина қызметкерлері де, тағы басқа мамандық иелері де ауадай қажет болып жатты. солардың ішінде Әрми мен Сәуленің жас отауы да бар еді. Әрми мұнайшы болса, Сәуле өз мамандығы бойынша еңбек етті.
- Ол кезде аудандық орталық аурухана Фортта болатын, - дейді Сәуле Жолдасова өткен күндер елесіндей болған ескі суреттерден сыр тартқандай. – Сол орталық аурухананың бас дәрігері Отори Гоголошвилидің бұйрығымен осы Қызылсайға келдім. Үйлер енді салынып жатыр. Біздің медпунктіміз жертөледе жайласқан. Бас дәрігеріміз Ким. Одан кейін Тәжіғұлов, Есбол Өтеғалиев сынды дәрігерлермен тұз-дәмдес болып, тату-тәтті істедік. Алғашында мен қабылдаушы мейірбике болып еңбек еттім. Дәрігерлер келетін күнге алдын ала хабарлап, сырқаттарды жинап қоятынмын. 1964 жылы жылы акушерлік жұмысқа ауыстым. Осынау жертөледе дүниеге келген Сәрсен Әділов деген сәбидің кіндігін кесіп, тұңғыш рет «кіндік шеше» атандым. Осы алғашқы кіндік балам Сәрсен Әділов қазір өзіміздің Жаңаөзен қаласында тұрады. Биыл елу төрт жасқа толды. Өте кішіпейіл жігіт. Мені көрсе шығарда жаны бөлек. Баяғыда мен алғашқы жалақымды ата-анамның алақанына салғам. Ал, Сәрсен ертеректе ес біліп еңбекке араласқан кезде алғашқы жалақысын менің қолыма салды. Бұл құрметтің, сыйластықтың, адамгершіліктің белгісі.
Сәулелер уақытпен санаспай істеді. Толғақ қысқан анаға түн ортасында шақырса да кез келген көлікпен ілесіп кете беретін. Себебі, қос өмір, қос жүрек, қос тілек, яғни Ана мен Бала өмір мен өлімнің арасында тайталасып жатады. Оған бір сәттік ұйқыны қимай, көмек бермеу адамгершілікке жатпайды. Қайта мейірімсіздік, қатыгездік, тіпті керек болса қылмыс есептеледі. Ал, керісінше түнімен толғақ қысқан ана мен баланы аман алып қалып, жаны жай тапқан ананың мейірімге толы шуақты жүзі мен анасының төсіне аузын ашып, ашқарақтанған сәбиді көру қандай бақыт десеңші, акушерлік кәсіптің өлшемі дәл осындай көрініспен өлшеніп, бағаланады.
Бұлар 1966 жылы жертөледен жер бетіне шықты. Бұрынғы медпункт ауруханаға айналды. Сәуленің бір ерекешелігі үйдің де, түздің де жұмысына бірдей. Көбіне Әрми жұмыстан келгенше көп етіп желім балшық жасап қоятын. Ері келгесін екеулеп жинаған қаотыр тастарын қалап, қоңыр күз болмай баспана салып алды. осылайша Сәуле табаны күректей отызбес жыл еңбек етті. Осы жылдар ішінде сегіз мыңдай баланы аман-есен дүниеге әкеліп, кіндігін кесіпті. Көпшілік ата-ана қыз балалы болса жақсы ниетпен бөбегіне Сәуле деп қояды екен. Толғатып жатқан аналар Сәуленің даусын естігеннің өзінде босанып қалады екен.
Тіпті Сәуле ертеректе дүниеге әкеліп, өзі ккіндігін кескен қыздарын бертін келе аман-есен босандырып алған жағдайлары да кездесіпті. Әрине, аналардың анасы атанған, тәжірибелі акушерка Сәуле Ұлықпанова тек қана білікті медиицна маманы емес, өнегелі отбасының ұйытқысы. Тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары да білімді, мәдениетті, адамгершілікті болып өскен. Мысалы, Атырау педагогикалық институтын бітірген тұңғышы Қарлығаш балабақша меңгерушісі, екінші қызы Бақтыгүл Ақтөбедегі кооперативтік институтты бітірген. Қазақ политехникалық институтының тау-кен инженері факультетін бітірген Алмагүлі бүгінгі таңда «Өзенмұнайгаз» АҚ №2 мұнай газ өндіру басқармасында инженер болса, ұлы Сәндібай – «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасында цех бастығы. Әрми мен Сәуле немере, шөбере сүйіп отырған, қаланың дамуына үлес қосқан құрметті қариялар. Келіні Аян Кеңесқызы білгілі кәсіпкер, сонымен қатар қала жастарын өзінің жеке мейрамханасында жұмысқа алып, көмек көрсетіп отырған «Күміс алқа» иегері, көп балалы ана. Шынында да халқымызда «Алғыспенен ер көгереді, жауынмен жер көгереді» деген даналық сөз бар. тоқсан ауыз сөзді тобықтай келе, қаламыздағы аналардың анасы атанған ардагер Жолдасова Сәуле Темірханқызының отбасына амандық, зор денсаулық, береке-берлік, тату-тәттілік, қажымас қайрат, талмас қанат тілейміз.
Жақында қаламыздың 50 жылдық мерекесі қарсаңында Сәуле Темірханқызы «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл – ұзақ жылдардағы еңбегінің жеңісі еді.
Асылбек АЙДАРОВ Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы