©
Жеңіл автокөліктердегі өрттер жүргізушілердің автокөліктерінің өртке қарсы қорғалуына салдыр-салақ қарайтынын ғана емес, өрттерді жою бойынша іс- қимылдарға дайындықтарының төмендігін көрсетеді.
Мысалға, қозғалтқыш бөлігінде өрт шыққан кезде оттегі ағынынан жалынның өршуін болдырмау үшін автокөліктің капотын толығымен ашып тастауға болмайды. Осындай жағдайда автокөлік капотын 3-4 см. ғана кішкене ашып, өрт сөндіргішті жанып жатқан аумаққа бағыттап, өрт сөндіргіш затты себу қажет. Сонымен қатар жануды тез арада табу және оны жою үшін шараларды тез арада қабылдау өте маңызды. Бензин, күйген оқшаулағыш иісі және автокөлік капотының астынан шыққан түтін сияқты факторлар өрттің шығуының себептері болуы мүмкін. Ал автокөліктегі өрттердің шығу себептерінің ең кең таралған түрі – қысқа тұйықталу, энергия тұтынатын қондырғыларды қосымша пайдалану салдарынан электр жүктемеге шамадан тыс күштің түсуінен туындайды. Сондықтан оқшаулағыштардың жағдайы мен байланыстар сапасына аса назар аудару қажет. Электр жүйесіндегі барлық өзгерістер мен сымдардың біріктірілуін мүмкіндігінше білікті мамандар сапалы тексерулері тиіс. Мысалға, шығарушы зауытпен қарастырылмаған автоматты түрде іске қосу қондырғысын автокөлікке орнатқан кезде электр өткізгіш тізбегіне кіріс жасау рұқсат етілмейді, өйткені аталған қондырғы автокөліктің электр сызбасы құрамында сертификаттық сынаудан өткен жоқ. Сол себептерден автокөліктің электр тізбегіне өзгерістер енгізу электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеледі.
Автокөлікті пайдалану кезінде уақыт өте отын шлангтері тозады немесе жыртылады, қосылған жерлерде ақаулар пайда болады. Бензин буы ұшқын шыққанда немесе қозғалтқыштың тұтанғыш бетімен, пайдаланылған коллектормен жай ғана байланыс кезінде тез тұтанады. Автокөліктерді қазіргі заманға сай етіп жасау кезінде көп жағдайларда полимерлер, пластик және басқа да синтетикалық материалдар қолданылады, олардың барлығы да тез жанғыш. Мұндай материалдар жанған кезде бөлінетін газдар аса улы.
Автокөліктегі өрттердің туындау мүмкіндігін барынша азайту үшін Мұнайлы ауданы төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, автокөлік иелерінен автокөліктерін техникалық жарамды жағдайда ұстауды, зауыт нұсқауларының талаптарына сәйкес пайдалануды және қызмет көрсетуді, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң түрде сақтау бойынша рейдтер өткізілді. Алайда әрбір жүргізуші өз көлігінің техникалық жағдайына ерекше мән беріп, келеңсіз жайдың алдын алуға себепкер болғаны жөн.
Ж.АУЕСБАЕВ, Мұнайлы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты
Көрнекі сурет сайттың архивінен