1985 жылы 1 шілдеде Бейнеу аудандық газетінің ең алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл – жаңа ортада қызмет бастаған қаламгер үшін де, осы өңірдегі қалың оқырман — Бейнеу ауданының халқы үшін де елеулі тарихи оқиға болған еді. Газет алғашқы ашылған кезде «Ленин жолы» деп аталды. Бас редактор ақын Айтуар Өтегенов болды. Бес жыл бойы «Ленин жолы» атауымен шыққан газет 1990 жылдың бірінші шілдесінен бастап «Рауан» жаңалық жаршысы болып қалың оқырманға жол тартты. Бұл шын мәнісінде жақсылықтың нышаны еді. Жалпы сол кездегі Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің редакциясын журналистердің ұстаханасы еді десе де болады. Сол жылдардан бері республикаға танымал бірнеше журналистер, ақындар, редакторлар, баспа директорлары шықты.
2003 жылы «Рауан» газеті редакциясы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып құрылды. Әр кезеңдерде орын алған қиындықтарға қарамай, редакция алқасы газет шығарудың «ыстығына күйіп, суығына тоңды». Осындай елеулі еңбектің арқасында «Рауан» газеті 2013 жылы «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-ның құрамына еніп, қызметін бүгінгі күнге дейін табысты жалғастырып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, отыз үш жылдық ғұмырында «Рауан» аудан өмірінің айнасы болды десек, артық айтқандық емес. Оның әр санында үстірт үстіндегі ел дамуының тарихы баяндалып, ескерткіштер өткеннен сыр шертеді. Бұл іс жалғаса бермек. Аудандық газетің әр саны аудан өмірінің тыныс-тіршілігін, түбегейлі жаңарып, дамып, өркендеген берекелі Бейнеудің әрбір елеулі жаңалығын ескерусіз қалдырмай, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келеді. Осылайша көпшілік оқырманның көңілінен шығып, хабарға қанықтырып келе жатқан газетке жыл сайын қалыс қалмай жазылып жүрміз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Шетпеден шыққан шаңБиылғы баспасөзге жазылу науқанына орай газеттің тілшісі Кәрісбай Әділ мектебімізде ұстаздармен кездесу өткізіп, газеттің алдағы жылы шығатын бағыт-бағдарымен таныстырды. Газеттің беті көбейіп, ауданның күнделікті тыныс–тіршілігінен хабар берумен қатар ел мен жер тарихына қатысты тарихи тағылымы мол мақалалар жарияланып тұратындығынан хабардар етіп, төл басылымымызға ұйымшылдықпен жазылуға шақырды. Сондықтан біз ұжымымызбен ұйымшылдығымызды танытып, жазылуды ұйғарып отырмыз
Ғ. АБДЫКУЛОВА, «Күйкен орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі