Қарттарымыз азайып бара жатыр. 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан ардагер ата-әжелеріміз санаулы-ақ қалды. Арамызда тірі тарих болып отырған бұл ардагерлерге құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі, адамгершіліктің жарқын көрінісі.
Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында биыл «Жеңіске жақындатқандар» қайырымдылық акциясын үздіксіз жүргізіп келе жатқан Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, облыстық ішкі сасяат басқармасының өкілі Бауыржан Әбдіқадыров және облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Еріктілер корпусының» ерікті жастарымен облыс орталығында тұратын Сәуірбай Базарбаев ақсақалдың шаңырағына барды.
Жасы 90-нан асқан қарт бала-шағасының ортасында отыр жазулы тұрған хаттай болып. 18 жасында әскер қатарына алынып, қан майданға аттанған ол жеңістен кейін елге аман-есен оралады. Келе сала бейбіт еңбекке араласып, ел экономикасының өркендеуіне барынша ат салысады. Өз алдына шаңырақ көтеріп, төрт ұл, үш қызды болады. Автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген ардагер балаларын қатарынан кем қылмай өсіріп, соңынан ерен бауырларына да қарайласып, қамын қамдап жүрген. Жұмысында да, халық арасында да абыройсыз болған жоқ. Бір басына жететін марапаттары бар.
Биыл үлкен ұлы кенеттен қайтыс болып, қар жауынгердің қабырғасын қайыстырып кеткен екен. Өкінішті. Алайда, қанды қасап майдан даласын көрген ол Алланың салғанына шүкір деп, қалған балаларының, елінің тілегін тілеп отыр.
«Бауырлас жауынгерлер» ҚБ төрағасы Мәтжан Шаулиев ардагер атаға жылы лебізін жеткізіп, келген сапарының мақсатын түсіндірді.
- Біз өскелең ұрпақтың елін, жерін сүюге тәрбиелеу мақсатында осындай шара жүргізе бастаған едік. Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде ардагерлерге арнайы көрме ұйымадстырған болатынбыз. Сол көрмеге қойылған портреіңізді өзіңізге табыстаймыз, - деген ол қарияның үлкен де әсем суретін қолына ұстатып, сый-сияпатын берді.
Ал Сәуірбай Базарбаев ақсақал еліміздің амандығы, бейбіт аспанымыздың әрдайым ашық болуын тілеп, жастарға ақ батасын берді.
Бұдан кейін акцияға қатысушы топ майдангер әйел Қамқа Үмбеталинаның үйінде болды. Ардагер әже үлкейіп қалған екен. Денсаулығы сыр беріп жүргеніне қарамастан меймандарды күле қарсы алып, жақсы тілектерін ақтарып жатты.
Мәтжан Рамазанұлы әжеге портретімен бірге арнайы сыйлығын тарту етіп, игі тілегін білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63916,63914,63915"]