Ұлт көшбасшысы айтқандай, қазіргі уақыт - адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда.
Жастардың ақыл-ойын, жылдам ойлау қабілетін арттыру, ептілігін дамыту, мемлекеттік тілге және шет ел тілдеріне деген қызығушылығын арттыру, жаңа ғасырға лайықты идеалды ұрпақ қалыптастыру мақсатында Құрықта «Тіл – рухани қазына» атты интеллектуалды сайыс өткізілді. Қарақия ауданы орталығындағы мектептерден іріктеліп алынған 11 сынып оқушылары қатысқан білімділер сайысын аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік жобасын ұтып алған үкіметтік емес ұйым – «Ажар-ай» қоғамдық қоры ұйымдастырыпты. Бірнеше кезеңнен тұратын сайысқа ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі қызметкері Фарида Құралова, аудандық «Қарақия» газетінің редакторы Шынар Кендін және «Ажар-ай» қоғамдық қоры директоры Алтынгүл Жорасовалар әділ қазылық етіп, білімді жастардың тартысты сайысына баға берді. Мұндай сайыстың жастарды замандасымен білім жарыстыруға, жарыста жеңімпаз болуға ұмтылысын дамытуға, олардың көшбасшылық қабілеттерін оятуға үлкен септігін тигізетіндігі сөзсіз. Сондай-ақ сайыскерлер әр пәндер бойынша алған білімдерін ғана сараламай, сұраққа қазақша, орысша және ағылшынша жауап беруге тырысты. Осы орайда Елбасымыздың алға қойған тілдің «Үштұғырлы» саясатының қаншалықты қажет екенін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша №1 орта мектептің 11 сынып оқушысы Мадияр Елеусінұлы жүзден жүйрік атанса, екінші, үшінші орындарды №6 мектептің 11 сынып оқушысы Луиза Ізтұрғанова мен Құрық орта мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Ақмаржан Мақсатқызы бөлісіп, жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Білімпаз жастардың сайысы заманауи технологиямен жабдықталып, лайықты дәрежеде өтті.
Аршын КЕРЕЙ