Ақшұқырда ұзындығы 100 шақырым болатын 23 көше бар. Оның 20 пайызы, яғни 20 шақырымы немесе 7 көшесі ғана асфальтталған. 80 шақырымды құрайтын 16 көшесі әлі асфальтталмаған.
Қазіргі таңда конкурстан үнемделген қаражат есебінен 10,102 млн. теңгеге Балсұлу Сахиева көшесінің 4200 шаршы метр жеріне асфальт төселуде. Ал Ақшұқыр ауылының автокөлік жолының құрылысы (жоғарғы бөлігі) ұзындығы 4,5 шақырым, құрылыс құны 384,6 млн. теңге. Селоның автокөлік жолының төменгі бөлігі ұзындығы 7,6 шақырым болса, оның құны 336,2 млн. теңге. Ауылдың бұл жолдарына қатысты жоба жүзеге асар болса, ауыл жолдарының үлесі 32,1 пайызды құрамақ. Өздеріңіз көріп отырғандай күн санап қарқынды дамып, өсіп келе жатырған ауылдың мәселесі де бірге өсуде. Ауыл тұрғындарын жол мәселесі қатты толғантады. Мектепке қатынайтын оқушылар үшін асфальтты жолдың жоқтығы қиындық туғызып отыр. Осы мәселелердің шешімін табуға, жол салуға ешкімнің бұйрығын не бастамасын күтпей, шын азаматтық белсенділік танытқан Аққаламның ерлігі бізді де таңқалдырды.
Маңғыстау облысы әкімінің Сайын ауылындағы халықпен кездесуінде 32 жастағы Аққалам Жолбасарова деген дизайнер келіншек облыс әкімінен өзі мұрындық болған жақсы іске қолдау білдіруін сұрады. Ақшұқырда сұрақ қоюға үлгермеген ол, Сайында болып жатқан кезекті жиынға арнайы келген екен. Таушықта туып, өскен ауылдың қызына ауылдың мәселесі таныс. Ол Ақшұқыр ауылындағы жаз болса шаң, қыс болса балшық болатын асфальтсыз жолдарды өз бастамасымен реттеуді қолға алған. Ақтауда саммит алдында қалаішілік негізгі жолдардың жөнделгенін білесіздер. Сол жолдардан сиырылып, алынып жатқан қалдықтарды көріп, оны екінші рет пайдалануға болатынын сұрастырып алады. Кейін қала әкімдігіне жұмысымен барғанда қолқа сала отырып, осы сиырылып, алынып тасталған бұрынғы асфальтты алуға рұқсат та алады. Ақшұқыр ауыл әкімі Айсағали Нұғмановқа осы жәйттерді айтып, қолдауына ие болады. Әрине, ауыл әкімі көптін көтеріп жүрген бюджеті жоқ мәселені шешуге іспен кіріскен қарындасына риза болары анық та. Тасып алуға көлікпен мүмкіндігі жоқ екенін, алайда соляркамен көмектесе алатынын айтқан әкімге өзі жүк көліктерінің тұратын жеріне келіп, әр рейстің көлігін он мыңға жалдайды. Қалтасынан 28 жүк көлігі мен тиеуге жүк көтергіш үшін 380 мыңдай ақша шығарады. Екі балалы отбасының отағасы Ақшұқырда азық-түлік дүкенін жүргізеді екен. Сондықтан Аққалам күніне бірнеше мәрте қала мен ауыл ортасына қатынайды. Алайда өзге кәсіп дөңгелетіп отырғандар қолының ұшын тигізу түгілі, ойлап та бас қатырмайтын іске талдырмаш келіншек өзі белсене кірісіп кетеді. Ауылдың 20 шақырымындағы ұлы жолдан ауыл ішіне түсер жерді және мектеп алдындағы көлік қойылатын алаңды сол қалдықтармен төсеп, тегістетеді. Ақтаудан жүк көлігіне тиеуді қадағалап (өзге жаққа алып кетпесін деп бастан аяқ қадағалаған), ауылдан әкімдік қызметкерлері мен ауыл әкімі күтіп алып тұрып, жасап алыпты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Биыл 8 айда Мұнайлыда мас күйінде көлік жүргізген 37 адам ұсталған- Өзім сол жермен өткенде қуанып қаламын. Адам өзінің жасаған дүниесін бағалайды. Біз тек бәрін сұрауға үйреніп алғанбыз. Өзіміз бастама жасап та іске көмектесуге болатынын білемін. Маған бұл жұмыс оңайлықпен іске асқан жоқ. Ол айтарлықтай үлкен жол да емес. Бәрін асфальттап тасамасақ та аз үлесімізді қосқанымызға дән риза жандар бар. Сондықтан мен сияқты азаматтар шығып, өз ауылымыздың көркейіп, дамуына үлес қосса деймін. Көп болса, бір жыл Түркияға барып демалмаспын, есесіне жақсы жолда жүреміз. Жол үшін кішкентай ақша болғанымен, мен үшін бірталай қаражат қой. Тағы да белсенді азаматтар болса, жәйлап оңтайлы жағдайды өзімізге жасауға болады, - дейді сөздің емес, істің адамы.
«Көз қорқақ, қол батыр» деген осы. Біз үшін бүгінгінің кейіпкері бола алатын батыр, батыл келіншек. Жиын барысында облыс әкімі де риза болған Аққаламға аудан азаматтарын көмектесуге шақырды. Өзі де көмектесетінін жеткізді.
Милана ӘМИНҚЫЗЫ, Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН